Алматыда кезекті жер-құрылыс дауы өршіп тұр. Тақырып оңтүстік астана үшін дәстүрге айналды - бұл жолы Түрксіб ауданындағы Қайрат шағын ауданының тұрғындары жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысын тоқтатуға тырысып жатыр. Ulysmedia.kz тілшісі даудың егжей-тегжейін біліп қайтты.
Үйреншікті жағдай – мектеп, балабақша мен аурухана жетіспейтін шағын ауданда әрқайсысы 5-7 қабаттық 15 үйден тұратын Jas Kairat тұрғын үй кешені салына бастады. Құрылыс заңсыз салынып жатыр деп есептейтін тұрғындар аудан әкімдігінің табалдырығын тоздырған, бірақ ондағылар бұл мәселеге құлақ түре қоймапты.
Заңсыздықтар
Тұрғындар Ulysmedia.kz тілшісіне құрылыс салушылар жол берген бұзушылықтар туралы айтып берді. Біріншіден, бұл аймақ әуе айлағына жақын орналасқан. Ереже бойынша Алматы әуежайымен келісу керек. Бұл талап тіпті екі қабатты шағын үйлер салатындарға да қатысты. Түрксіб ауданындағы бей-берекет құрылыс неге әкеп соққанын білеміз – Bek Air ұшағының апатын ешкім ұмыта қойған жоқ.
Сондай-ақ, тұрғындар тұрғын үйлердің биіктігі рұқсат етілген шектен асып кеткенін айтады – бұл ауданда 4-5 қабаттан аспайтын ғимараттар салуға рұқсат етіледі. Жоғарыда айтылғандай, жаңа тұрғын үй кешені 7 қабатты ғимараттардан тұрады.
Сондай-ақ, талап бойынша тығыздық бір гектарға 440 адамнан аспауы керек. Тұрғын үй кешені жалпы ауданы 2,9 гектарға тұрғызылған.
Есептейік: 440 адам/га х 2,9 га = 1276 адам. Болашақта тұрғын үй кешенінде 704 отбасы тұрады, өйткені 704 пәтер салу жоспарлануда. Егер статистикалық тұрғыдан бір отбасына орта есеппен 3,5 адам болады десек, онда тығыздық рұқсат етілген нормадан 2 есе көп асып кетеді.
Қайрат шағын ауданының өзі 700-ге жуық адам тұратын бір қабатты үйлерден тұрады. Жаңа тұрғын үй кешені тұрғындардың санын кем дегенде үш есе арттырады. Адамдар инфрақұрылым мәселесі қалай шешілетінін түсінбей дал.
- Құрылыс жоспарланған жерде көшелер өте тар. Сарыарқа және Дәулеткерей көшелерінің ені орта есеппен 4 метрден аспайды, ал кей жерлерде небәрі 2 метр, онда тіпті бір автомобиль әрең өтеді. Құрылыс жобасында жолдың ені 3,5 м деп көрсетілген, бұл ҚР ҚН талаптарына сәйкес келмейді, - дейді Қайрат тұрғындары.
Экожүйені өлтірді
Сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік мәселелері туындайды – тұғын үй кешені Жарбұлақ және Кіші Алматы өзендерінің су қорғау аймағында салынбақшы. Тұрғындар өз шағымдарымен Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясына жүгінді, құрылыс салушы өз жобасын сонда апарып, бекітуі керек-тін. Алайда, инспекциядағылар бұл мәселені шешуге уақыттары жоқ екенін хабарлады, өйткені оларда қайта құру жүріп жатыр – экология министрлігінен су ресурстары министрлігіне көшу.
- Бұл ТЖМ-де қайта құру жұмыстары жүріп жатса және сіз оларды өртті сөндіруге шақырсаңыз, олар «Кешіріңіз, біз сіздің өртіңізді сөндіре алмаймыз, өйткені бізде қайта құру жүріп жатыр» деумен бірдей, - дейді тұрғындар.
Жергілікті жұрт құрылыс салушының екінші учаскесі бар екенін анықтады, жұмысшылар құрылыс қоқыстарын, тастарды және бетонды сонда шығарып тастайды. Алайда оған да рұқсат жоқ.
- Біз экологиялық полицияны бірнеше рет шақырдық. Қызметкерлер келеді, құжат рәсімдейді, айыппұл салады да, кетіп қалады. Бізде үйректер, қырғауылдар бар. Олар біздің бүкіл экожүйемізді жойып, біржола өлтірді", - деп ашуланды адамдар.
Құрылыс салушы
Нысанның тапсырыс берушісі – "A-stroi" ЖШС. Компанияны Жәнібек Исабекұлы Жүнісов басқарады.
Жаңа тұрғын үй кешенін салатын Jas Kairat компаниясын оның ағасы Зәуірбек Жүнісов басқарады. Бір қызығы, бұл компания екі ай бұрын ғана құрылған.
- Біз жиналыс жасап, оған компания басшысын және әкімдік өкілдерін алдын-ала шақырдық, алайда біздің кездесуімізге құрметті Зәуірбек Жүнісов келген жоқ. Ал әкімдік өкілдері біздің барлық шағымдарымызды тыңдап, жымиып тұра берді, - деп еске алды алматылықтар.
Әкімдік не дейді?
Алматы әкімдігіндегілер 2 апта бұрын құрылыс тоқтатылғанын мәлімдеді. Алайда, шағын аудан тұрғындары жұмыс жалғасып жатқанын айтады.
Мәселен, әкім Досаевтың халықпен кездесулерінің бірінде Қайрат тұрғыны қала басшысына осы өзекті мәселе туралы айтып берген. Мәселе қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Бақытжан Наурызбековке жолданыпты.
- Бүгінгі күні құрылыс толығымен тоқтатылды. Біз қала құрылысын бақылау басқармасы тарапынан осы мәселе бойынша тексеру жүргізу үшін құрылыс комитетіне жолдадық, - деді ол тұрғындарға.
Атқарушы орган басқа ақпарат берген жоқ. Қайрат шағын ауданының тұрғындары жергілікті билік шағымымызды елемейді, ал Алматы қаласының қала құрылысы және урбанистика басқармасы құрылыс салушыларға өздері қойған талаптарды бұзуға мүмкіндік беріп отыр дейді.