×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Зорлық-зомбылық құрбандары: қазақ әйелдерін кім қорғайды

25.11.2021, 17:29
Зорлық-зомбылық құрбандары: қазақ әйелдерін кім қорғайды
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстанда жыл сайын жүздеген әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмады. Халықаралық және елдегі үкіметтік емес ұйымдар қазақстандық заңнамананы жетілдіру қажеттігіне назар аударғанымен, бір өкініштісі статистика жылдан жылға артып келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) жариялаған баяндамасында дүние жүзінде күн сайын 137 әйел жақындары мен туыстарының қолынан қаза тапқаны айтылған. Қазақстанда жыл сайын 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болса, биыл алғашқы бес айда балалардың жыныстық қол сұғушылыққа қатысты 800-ден астам қылмыс жасалған. Әйелдердің көпшілігі күйеуінің немесе бірге тұратын жолдасының қолынан қайтыс болса, балалар әдетте туыстары немесе отбасы жақындарының қолынан құрбан болады.

ЮНИСЕФ мәлімдемесінде әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық «әлемдегі бұзылып жатқан адам құқықтары арасындағы ең қорқынышты түрі» екенін айтты.

«Әйелдер мен қыздардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін бұл мәселенің көзі – гендерлік теңсіздік, билікті асыра пайдалану және басқа да зиянды нормалар. Зорлық-зомбылық әйелдер мен қыздардың қоғамға толық қатысуына кедергі жасайды. Гендерлік зорлық-зомбылық отбасылар мен қауымдастықтар арасындағы байланысты әлсіретіп, елдердің әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамуға қол жеткізуіне кедергі жасайды».

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдердің әңгімелері қоғамды дүр сілкіндіреді. Жыл сайын мұндай резонанс тудыратын оқиғалар көбейіп келеді. Осы қайғылы оқиғаның бесеуін еске түсіріп көрелік.

СВЕТЛАНА СӘДУОВА

2015 жылы 26 мамырда астаналық мектептің ауласында оқушылардың көзінше мұғалім Светлана Сәдуованы бұрынғы күйеуі бензин құйып, өртеп жіберген. Әйел денесінің 75 пайызын күйік шалған. Бірнеше күннен кейін бастауыш сынып мұғалімі ауруханада қайтыс болды. Оның бұрынғы күйеуі Қанат Сәдуов отбасылық ұрыс-керіс тудырушы ретінде полицияда тіркелген. Сот оған Светланаға жақындауға тыйым салды. Қайғылы оқиғаға дейін ол балаларымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге көмектесетін дағдарыс орталығында екі айға жуық тұрған. Ол жерде әйел бұрынғы күйеуінен жасырынып жүрген, тергеудің мәліметіне сүйенсек, күйеуі оған бірнеше рет күш көрсетіп, өлтіремін деп қорқытқан. Светлана Сәдуованың төрт баласы бар. Екеуі кәмелетке толмаған.

Сот Қанат Сәдуовті бұрынғы әйелін өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 18 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу туралы үкім шығарды.

ЖАДЫРА ЖҰМАЛИЕВА

2020 жылғы сәуірдің 8-інен 9-на қараған түні Тасқала ауданы, Ақтау ауылында 30 жастағы Жадыра Жұмалиева мен екі қызы 8 жасар Инабат пен 6 жасар Айша өрттен қаза тапты. Олардың денелері өртенген үйдің астынан табылды. Үйді өртеп жіберді деген күдікпен полицейлер Жадыраның күйеуі Серік Қафизовты ұстады.

Жадыра туыстарына күйеуінің өзін жиі ұрып-соғатынын айтқан. Қайғылы оқиғадан бірнеше ай бұрын күйеуі Жадыраны ата-анасының үйінде соққыға жыққан. Оны электрошокермен екі сағат бойы қинаған. Полиция ер адамды бес тәулікке қамауға алып, мүлікті бүлдіргені үшін қылмыстық іс қозғады. Осыдан кейін әйелі ажырасуға арызданған еді. Қайғылы оқиға болтын күні Серік Қафизов әйелі тұратын үйдің есігін бұзып кіріп, бензин шашып, өрт қойған.

Сот барысында Серік Қафизов барлығы абайсыздықтан болғанын, әйелі мен қыздарын өлтіру ойы болмағанын айтты. Батыс Қазақстан облысының соты Серік Қафизовты өмір бойына бас бостандығынан айырды.

СЫМБАТ ҚҰЛЖАҒАРОВА

2020 жылғы 10 желтоқсанға қараған түні елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің маңынан 29 жастағы Сымбат Құлжағарованың мәйіті табылды.

Осылайша халықаралық сұлулық байқауының жеңімпазы да тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болды. 2013 жылы ол Ұлыбританияда өтетін «КСРО аруы» байқауына қатысып, көрермендер сыйлығын жеңіп алған еді.

Сымбат Құлжағарова әлеуметтік желілерді белсенді қолданып жүріп, арасында бірнеше рет тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтып, көмек те сұраған.

Марқұмның күйеуі оны жиі-жиі психиатриялық диспансерге жатқызып, ажырасқан жағдайда екі баласын тартып алатындығын айтып қорқытқан. Сымбаттың оқиғасынан соң күйеуіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге апару» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сұлулық байқауының жеңімпазы Сымбат Құлжағарованың қайғылы қазасынан кейін интернетте «Қазақстандағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату» петициясына қол жинау басталды. Бірнеше күннің ішінде ондаған мың қазақстандық құжатқа қол қойды.

Сымбат Құлжағарованың артында екі баласы қалды.

ДАРИНА АХМАДИЕВА

2021 жылдың 16 маусымында 33 жастағы Дарина Ахмадиева қайтыс болды. Қостанайдың дәл орталығында Дарина бұрынғы күйеуі Азамат Молдрахметовтың қолынан қаза тапты. Күйеуі оны 14 жерден пышақтаған. Әйел жедел жәрдем келгенше көз жұмды.

Содан кейін белгілі болғандай, 2016 жылы ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдан кейін Азамат Молдахметовке қатысты денсаулыққа зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған болып шықты. Бірақ арыз «талапқа сай келмегендіктен» іс қаралмай келген.

2017 жылы сот Азамат Молдахметовке бір айға әйелімен кездесуге тыйым салған. 2019 жылы қылмыстық іс ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылды. 2016-2021 жылдар аралығында Дарина Ахмадиева полицияға бұрынғы жұбайының қысым көрсетуінен қорғауды сұрап бес рет жүгінген. Жас келіншектің артында кішкентай ұлы бар.

БАҚТЫГҮЛ ҚАДЫРБАЕВА

Бірер күн бұрын Алматыдағы ықшамаудандардың бірінде тағы бір қайғылы оқиға болды. Бақтыгүл жас балаларын бірінен соң бірін тоғызыншы қабаттың терезесінен лақтырып жіберіп, кейін өзі секірген. Үшеуі сол жерде жан тапсырса, ал екі жасар бала жедел жәрдемде көз жұмды. Сол үйден «Кінәлілер өздері бәрін біледі» деген жазуы бар суицид туралы жазба табылды. Полицейлердің болжамы бойынша, жантүршігерлік оқиғаға отбасылық жанжал себеп болған. Алайда бұл нұсқаны марқұмның күйеуі жоққа шығарып отыр.

Қазір ана мен үш баласының өліміне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бұл бұрынғы немесе қазіргі күйеуінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған қазақ әйелдерінің қайғылы оқиғаларының бір парасы ғана.

ҚАЗАҚ ӘЙЕЛДЕРІНІҢ ӨЛІМІНЕ ҚАШАН МӘН БЕРІЛЕДІ

«NeMolchikz» басылымы жариялағандай, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Жоғарғы Сотының құқықтық статистикасына сәйкес Қазақстанда ай сайын орта есеппен 120 зорлау, 5232 ұрып-соғу, 72 дене жарақатын салу, 14 кісі өлтіру тіркеледі.

Қазақстанда күн сайын бір әйел өлтірілсе, төртеуі зорланады, екі әйел өз-өзіне қол жұмсайды, бесеуі өзін-өзі өлтіруге әрекеттенеді. Ал 18 әйелге қауіп төніп тұр.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы «тұрмыстық зорлық-зомбылық» түсінігі декриминализацияланып, ҚР Қылмыстық кодексінен алынып тасталды.

Қазақстан ТМД елдерінде және Орталық Азияда суицид бойынша алдыңғы орын алады. Азаматтық қоғамның қайғылы статистикасы мен мәлімдемелеріне қарамастан, бүгінгі күнге дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық істерін қылмыстық жауапкершілікке тарту әлі де заңнамалық тұрғыдан бекітілмеген. Қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң әзірленіп жатыр.

Автор: Сәуле Сәденова