×
488.96
569.49
6.81
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
488.96
569.49
6.81

Зорлық, жоғалған бала және 30 жылдан кейін қозғалған іс: Наташа Қалымбетованың жан жарасы

Зорлық, жоғалған бала және 30 жылдан кейін қозғалған іс: Наташа Қалымбетованың жан жарасы
ulysmedia.kz коллажы

«Олар келіп, қашан кетесің деп, маған дайын қағазды ұсынды. Онда менің баладан бас тартатыным туралы жазылған еді. «Қызым, мына жерге қол қою керек» деді. Мен ойланбастан қол қойдым. Себебі мен тоғыз ай бойы ол баланы жек көрдім. Осыдан соң үш күннен кейін кетуім керек болды. Бірақ мен кете алмадым. Сол перзентханада болдым. Мені ол жерден түрлі себептермен қуды. Ал мен қызыма бауыр басып қалған едім». Бұл осыдан 30 жыл бұрын зорланған Наташа Қалымбетованың сөздері.

Наташаны 17 жасында ауылындағы төрт жігіт зорлап, Жайық өзенінің жағасына тастап кеткен. Бұл жөнінде ол биыл наурызда Tik Tok желісінде айтқан. Видео ролик қоғамдық резонанс тудырып, қаралым саны қазір 2 миллионнан асқан. Осыдан кейін Батыс Қазақстан облыстық полициясы 30 жыл бұрынғы зорлау фактісі бойынша іс қозғаған.

Қозғалған іске байланысты Наташа Қалымбетова жақында Тайландтан Орал қаласына келген. Полициямен бірге оқиға болған ауылға барып, түсініктеме берген. Бірақ ол тергеу жүріп жатқандықтан іске қатысты ақпараттарды толық айта алмайтынын жеткізді.

“ҚЫЗЫМНАН АЛЫСТАУҒА МӘЖБҮР БОЛДЫМ”

2 маусымда “НеМолчи.kz” қорының ұйымдастыруымен Zoom желісі арқылы өткен баспасөз мәслихатында ол 30 жыл бұрын болған тағы бір оқиғамен бөлісті. Оның сөзінше, сол уақытта зорлаған төрт жігіттің бірінен аяғы ауыр болып қалған. Бірақ перзентханада баладан бас тартуға мәжбүр болған. Себебі отбасы мен оқу орны тарапынан қысым болған. «Ол кезде барар жер, басар тауым болмады» дейді Наташа.

– Мен қызымды 18 жасымда босандым. Өте ауыр болды. Жаңа жыл қарсаңында, желтоқсанның 30-ы немесе 31-інде босандым, нақты айта алмаймын. Есімді жоғалтып алдым. Ешкім көмектескен жоқ. Акушерлер маған «ол баласынан бас тартқан» деп қарады. Бірақ мен ол уақытта олардың не деп айтып жатқанын түсінбедім. Себебі ол кезде мен ешқандай қағазға қол қойған жоқпын... Отадан кейін мені палатаға шығарды және баладан бас тартатыным туралы жазылған қағазды алып келді. Аяғым ауыр болған тоғыз ай бойы мен ішімді жек көрдім, өз-өзімді жек көрдім. Бірнеше рет өз-өзіме қол жұмсамақ болдым. Болған оқиғаны есіме алдым. Бала ұл бола ма, қыз бола ма бәрібір, оны жақсы көре алмадым, – дейді ол.

Акушерлер босанғаннан кейін баланы Наташаға алып келген. Перзентханадан шыққанға дейін емізу қажеттігін айтқан. Тоғыз күн ішінде ол қызына бауыр басып қалған.

– Үш күннен кейін кетуім керек болды. Бірақ мен кете алмадым. Сол перзентханада болдым. Мені ол жерден түрлі себептермен қуды. Ал мен қызыма бауыр басып қалдым. Дәрігерлердің барлығына жалындым, өзім оқитын және тұратын педколледж басшылғымен сөйлесулерін сұрадым, – дейді Наташа Қалымбетова.

Бірақ колледж басшылығы оған көмектесе алмайтынын айтқан. Анасы да, ағалары да қол ұшын созудан бас тартқан. Дәрігерлер «оқуды бітіріп, тұрмысқа шыққан соң, екі-үш жылдан соң қызыңды алып кетесің» деп жұбатқан. «Мен бұл күнді еш уақытта ұмытпаймын» дейді Наташа өзіне жас алып.

– Мен оқуымды жалғастырдым. Киімімнен сүтім сорғалап жүрді. Оқытушылар менен ешнәрсе сұраған жоқ. Психолог та болмады... Екінші курста оқудан кетуге мәжбүр болдым. Мен ешкімге керек те, қызық та емес едім.  Үш жыл бойы қызыма аптасына үш рет барып жүрдім. Бірақ үш жылдан соң Алматыға кетуге, жұмыс істеуге мәжбүр болдым. Мен сынған адам едім. Өз-өзімді табуым керек болды. Қайтып оралғанымда балам жоқ болып шықты, – дейді ол.

ҚҰЖАТ БАР, ҚЫЗДЫҢ ҚАЙДА ЕКЕНІ БЕЛГІСІЗ

Қазір оқиғаға қатысты іс қозғалғаннан кейін баланың туылғаны және өзге біреудің асырап алғаны туралы құжаттар табылған. Құжатта қызды асырап алған адамның фамилиясы Боуг екендігі жазылған. Наташаның сөзінше, өзі қызына Анжелика деп ат қойған. Бірақ қазір оның ағылшынша аты Николь болуы мүмкін.

Наташа қызым АҚШ-та тұруы мүмкін деп топшылайды. Нақты қай штатта екенін білмейді. Ол қызымды тапсам, кінәлілер жазасын алса дейді.

– Мен өмір бойы қызым жайлы ойлап келдім. Одан алыстаған және зорланған сәтім әлі күнге дейін есімде. Өмір бойы осы оқиға жайлы айтқым келді. Мені шетелдегі өмірім мен өзгерген менталитетім құтқарды. Қазір мен бұл жайында бүкіл әлемге айта аламын, – деді ол.

Наташа Қалымбетова «30 жылдан бері болған оқиғаны ұмытуға тырысқаныммен, қыр соңымнан қалмай келеді» дейді.

Ол 28 жасында Оралда бір жігітпен көңіл жарастырып, бала көтерген. Бірақ кейіннен ол жігіттің отбасы бары белгілі болған. Осыдан соң ол мүлде тұйықталып қалған. Ер адам көрсе жиіркенетін жағдайға жеткен.

Жан жарасын емдеуге тырысып мансап қуып, шетелге де кеткен. Дубайда жұмыс пен ұлы Аланға алданып біраз жыл өмір сүрген. Бірақ 2025 жылы ұлы Шанхайға оқуға түскеннен кейін жан күйзелісі қайта басталған. Осыдан соң болған оқиғаны ашық айтуға шешім қабылдаған.

Серіктес жаңалықтары