×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Халық мінезін көрсетті»: Депутаттар ереуілдер жайлы не дейді

05.01.2022, 11:08
«Халық мінезін көрсетті»: Депутаттар ереуілдер жайлы не дейді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Елдегі ереуілдер кезінде депутаттардың көбі неге ел алдына шықпады? Неге бүгін мәжіліс отырысы елде ештеңе болмағандай өтіп жатыр? Осы және өзге де сұрақтар бүгін мәжіліс қабырғасында депутаттарға қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ПЕРУАШЕВ ҮКІМЕТТІ АЙЫПТАДЫ

Ақ жол партиясының төрағасы Азат Перуашев газдың бағасы мәселесін Ақжол депутаттары 2021 жылдың 10 қарашасында көтергенін айтады.

«Газдың қымбаттауын, дизель тапшылығын үкіметке сауал ретінде жібергенбіз. Ал үкіметтің жауабы әрине, «бәрі дұрыс» дегендей болды. Алайда осы мәселе қаншалықты қадағаланып тұрғанын соңғы жағдайлар айқын көрсетті», - дейді ол.

Партия өкілі кешегі оқиғаларға байланысты мемлекет басшысы тиісті комиссияны құрғанын, ол комиссияның жұмыс нәтижесін күту керектігін атап өтті.

«Кешегі басқа бірнеше аймақта болған оқиаларға байланысты меніңше, тиісті ақпарат алуымыз керек. Не болғанын, арандатушылық тіркелгенін немесе тіркелмегені анықталуы тиіс», - дейді депутат.

ХАЛЫҚ МІНЕЗІН КӨРСЕТТІ

Ал елдегі ереуілдерге байланысты күні кеше үкімет ауысу керектігін әлеуметтік желіде жазған бірден-бір депутат Берік Әбдіғалидің айтуынша, кез келген шешім сараланып, салмақты талдаудан өтуі тиіс болған. Алайда бұл жолы жауапты шенеуніктер жұмысында кемшілікке жол берген.

«Біз әлеуметтік мемлекет болғанымыздан кейін әрбір шешімнің әлеуметтік салдарын есептеп отыру керек. Жер мәселесі кезінде дәл осылай ұлттық комиссия құрылды. Барлық мәселе мемлекет басшысының бақылауында. Менің ойымша, елге тыныштық керек болса, істі аяғына жеткізуі керек. Халық мінезін көрсетті, айтарын айтты. Ары қарай бұлай бәрін қоймайды», - дейді ол.

«ӨҢІРЛЕРГЕ БАРАМЫЗ»

Мәжіліс кулуарында тілшілердің сұрақтарына жауап берген депутат Айгүл Нуркина мәжілісмендер ешкімнен қашпайтынын, сұрақтар туындаса, өңірлерге баратынын айтады.

«Керек десеңіз, біздің мәжілістің, сенаттың депутаттары, жергілікті депутаттар сол өңірлерде жүр. Олардың бәрі комиссия құрамына енді. Білуімше, депутат Мұсабаев сонда», - деді ол.

Тілшілер тарапынан «бүгін неліктен мәжіліс отырысы елде ештеңе болмағандай тыныш өтті» деген сұрақты депутатқа бағыттаған. Алайда Нуркина төменгі палата күн тәртібіне сәйкес жұмысын жалғастыратынын жеткізді.

«Біздің депутат Бақытбек Смағұлов бүкіл фракциялар мен ассамблея депутаттары атынан үкіметке депутаттық сауал жолдады. Бұған дейін де ол сұрақтар берілген. Халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз де депутат ретінде өңірлерге барамыз», - деп құтылды Айгүл Нуркина.

ЕКІ ҮЙРЕК ТАЛАССА...

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Парламент Мәжілісіндегі үш партия атынан ел ішіндегі ереуілдерге байланысты үкімет басшысының міндетін атқарып отырған Әлихан Смаиыловтың атынан депутаттық сауал жолдаған болатын. Кулуарда депутат тілшілерге кеше ғана ауруханадан шыққанын мәлім етті.

«Бәрінен хабардармын. Мәселе президенттің бақылауында. Комиссия құрылды. Өзекті мәселелерді шешу үшін бүкіл үкімет басында жиналыс болады. Алдағы уақытта да тұрақтылықты, тыныштықты сақтауымыз керек. Мұндай мәселелердің бәрі демократиялық елдерде болып жатқан үрдіс. Бірақ халықтың қарапайым талабы, қымбатшылыққа, әлеуметтік жағдайына байланысты талаптары орындалуы керек. Екіншіден, арандатушыларға еруге болмайды», - деді Бақытбек Смағұл.

Депутат сонымен қатар кез келген митинг басбұзарлыққа апармауы керектігін айтты. Ол сонымен қатар «халықтың талабы орындалуы тиіс» екенін мәлім етті. Ал халық талабының бірі «депутаттарды тікелей сайлау арқылы таңдау керек дегенге» Бақытбек Смағұл «бұл талаптар ескеріледі» деп ойлайтынын жеткізді.

«Бұл бір таңғалатын жағдай емес. Бұл – барлық жерде болып жатқан үрдіс. Бірақ басбұзарлыққа, басқа нәрсеге ұласуы тиіс емес. «Екі үйрек таласса, үйректерге тамаша» деген сөз бар. Басқа күштер де бар. Ал халыққа қарапайым жұмысы, нәпақасы керек», - деді ол.