×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Мұнайшылар жаңаөзендік жасөспірімге жәрдемдесті

Коллаж: Ulysmedia.kz

Осыдан 5-6 жыл бұрын Маңғыстау өңірінде 9 адамның өмірін қиған жол-көлік апаты болғаны көпшіліктің есінде. Жантүршігерлік апаттан аман қалғандардың бірі - жаңаөзендік Динара Тынымбай. Аман қалды деп айту жеңіл болғанымен қайғылы жағдайдың салдарынан жасөспірім екі бірдей аяғынан айырылды. Десе де жаны жомарт демеушілердің көмегімен ол аяққа қайта тұрып, қадамдарын нық басуға мүмкіндік алды. Орайлы сәтті пайдаланып, «Ұлысмедианың» тілшісі Динара және оның анасымен әңгімелесіп қайтқан еді.

Қараша күздің салқынында Жаңаөзен-Теңге бағытында қатынайтын қоғамдық көлікке жолаушылар еш алаңсыз отырса керек. Жергілікті құзырлы органдардың ақпаратына сенсек, сол күні «Газель» маркалы шағын автобус әдеттегіден көп адамды тасымалдапты. Атап айтқанда, 10-13 жолаушыға шақталған көлікке шамамен 30-ға тарта адам отырған деседі. Автобус «Өзен-Болашақ» теміржол өткелінен жүрген бойда шойын жолмен жүйіткіген тепловоз қоғамдық көлікті қағып өтеді. «Локомотив машинисі тежеуішке басып үлгергенімен арындап келе жатқан алып техниканы тоқтату мүмкін болмады» деп хабар таратқаны еді сол кезде ұлттық теміржол операторы.

Аталған оқиғаның жай-жапсарының қалай жалғасқанын Ғалия Тынымбай келесідей өрбітті.

«Қызыммен бірге Жаңаөзеннен Теңге ауылына келе жатқанбыз. Өзіміз сол ауылда тұрамыз. Шынымды айтсам, не болғаны есімде жоқ. Өйткені бұл апаттан өзім де жарақат алып, ес-түссіз ауруханада жатқан едім. Кейіннен баламды Жаңаөзенге алып кетіп, екі аяғына ампутация жасағанын білдім. Бұдан соң оны санавиациямен Ақтауға апарып, 5 операцияны жасады. Ақтаудағы ауруханада шамамен 1 айдай жатып шықтық», деді Ғ.Тынымбай. 

Жаңаөзендік жасөспірім Динара Тынымбайдың тағдырына алаңдаған ағайын аз емес. Ол осыдан алты жыл бұрын жол апатына түсіп, екі аяғынан айырылған болатын. Тағдыр табалдырығын енді ғана аттаған Динараға Жаңаөзендік жұрттың бәрі тілекші болды.  Шама-шарқынша жылу жинасты.

Халықтың назары ауған қайырымды іске мұнайлы мекеме («ҚазМұнайГаз») де ықылас танытты. Себебі керекті көмектің көлемі ондаған миллионнан асып жығылды. Ем-домынан бөлек, протез орнату үшін тірек-қимыл мүшесін ыңғайлау кезек күттірмес міндет еді. Динараның тілеуі орындалды. Қазір оның үзілмейтін үміті, сынбайтын сенімі бар.

«Өмір осымен тоқтағандай күйде жүрдік. Бірақ бағымызға орай «Өзенмұнайгаздың» қызметкерлері келіп, «аяулы қарындасымыздың еміне» деп қолдан келгенше көмектерін аямайтындарын жеткізді», деген Динараның анасы аталған демеушілердің қаржылай көмегімен 2018 жылы алдымен Ресейдің Қорған қаласына барып, сан сүйекті емдеткендерін айтты.

Нақты айтқанда, ресейлік мамандар жас отандасымыздың сүйектерін біріктіріп, түзетіп берген. Осылайша, ол 6-шы операциядан сәтті өтті. Дәл сол жылдың соңында анасымен бірге Берлинде болып, германиялық дәрігерлер жасөспірімнің мүшелері протез салуға келмейтінін түсіндірген. Неге десеңіз, ампутация протезге бейімделетіндей жасалмағаны анықталды. Әйтсе де еуропалық дәрігерлер ойлана келе, 7-ші операцияны жасауға тәуекел етіп, қандасымыздың тірек-қимыл мүшелерін протез салынатындай икемдеп берген.

«2019 жылы «Өзенмұнайгаздың» қолдауымен германиялық мамандар балама протез қойды. Емделуге шамамен 35 млн-дай теңге кетті деп айтқан. Жас болған соң ағзасы дамып, дене мүшелері өсетіні белгілі. Араға уақыт салып, Астанаға протезді ауыстыруға келіп отырмыз. Заманауи, тың үлгідегі протезді қойып берді. Десек те оның өзін екі жылда бір рет ауыстырып отыру қажет. Қазір айтылған нұсқаулықтарды ескеріп, арнайы жаттығуларды жасап, бейімдеу процесінен өтіп келеміз», деді Ғ.Тынымбай.        

Жаңаөзенге қарасты Теңге ауылында тұратын Динара 10-шы сыныпта оқиды. Үйде 4 ағайынды. Өзінен кейін артынан ерген екі бауыры мен үлкен әпкесі бар. 16 жасар қыз баланың қимылы ширақ, ойы сергек.  Содан да болар оқу үлгерімі жақсы, спортта озат. Бұл айтып отырғанымыз тегін емес. Жаңаөзендік жасөспірім пара үстел теннисінен өз жас аралығында Қазақстанның чемпионы. Жұптасып сайысудан да алдына жан салмайды. Алайда ол өзінің келешегін мүлдем басқа саламен байланыстырады. Атап айтсақ, Динара болашақта IT мамандығын меңгеруді көздеп отыр. Оның себебін былай деп түсіндірді.

«Киелі Маңғыстау жері қазба байлыққа толы мекен екені баршаға мәлім. Осы мұнай-газ саласында тың технологияларды енгізуге қолғабыс еткім келеді. Айталық, цифрлы шешімдердің көмегімен өндіріс процесін жеңілдетіп, еңбек және экологиялық қауіпсіздікті арттыруға болады. Аталған бағытта еліме қызмет етсем деймін. Әлбетте, ол үшін көп ізденіп, білімді шыңдауға тура келеді», деді Д.Тынымбай.

 Бұл сөз саптауынан-ақ кейіпкеріміздің мақсаты биік, арманы асқақ екенін аңғару қиын емес. IT демекші, маңғыстаулық өрен жоғары білімді осы саланың Меккесіне баланған Калифорния (АҚШ) штатындағы Кремний алқабында алуға ниетті екенін жоққа шығармады.

 Ракетканы ұршықша иіретін Динара президенттің де үстел теннисін қаншалықты шебер меңгергенін жақсы біледі. Егер де сәті түсіп жатса, ол Қасым-Жомарт Тоқаевпен жолдастық кездесу өткізуге қарсы емес екенін айтты.

«Жаңаөзенде спорт секциясы көп деп айтуға қиын. Озық үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақталған кешендердің дені Ақтауда. Ол жаққа қатынау оңай шаруа емес. Соған қарамастан жаттығуды үзбей, сайыстарға қатысуға тырысамын. Павлодарда өткен Қазақстан чемпионатында 1-ші орын алдым. Мүмкіндік болып жатса, халықаралық жарыстарда да өз күшімді сынауға дайынмын», деді жас өрен.

Тағдыр дейтін тылсым құдыретке қарсы тұрар ешкім жоқ, әрине. Қас-қағым сәтте болатын бейнеттің бетін қайтаруға жылы сөз бен шын ниеттен шыққан жәрдем жеткілікті. Динара қарындасымыздың жалқы тағдыры жалпы қоғамның сипатына үлгі болса дейміз. Өйткені еліміздің жер қойнауындағы байлықты игеріп жатқан алпауыт компания көп. Өкінішке қарай, олардың көбісі жәрдем сұраған  жұрттың жанайқайын естімей жатады. «ҚазМұнайГаздың» Динараға деген көмегі қоржынды ұйымдарға «мектеп» болса дейсің…

 

Серіктес жаңалықтары