×
$
452.91
€
509.43
₽
5.53
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
452.91
€
509.43
₽
5.53

Ақтауда тұрғындар жылусыз қалғанына наразылық білдіріп, жолды жаппақ болды

Бүгін, 15:40
Ақтауда тұрғындар жылусыз қалғанына наразылық білдіріп, жолды жаппақ болды
Видеодан алынған кадр

Ақтауда 4 қараша кешкісін бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары пәтерлерінде жылу болмағанына наразылық білдіріп, жолды жабуға тырысты. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен қала әкімі келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Не болды?

Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Куәгерлердің айтуынша, тұрғындар батареялардың суықтығына наразылық білдіріп, көлік қозғалысына кедергі келтіруге әрекеттенген.

Оқиға орнына полиция жасағы мен балаклава киген адамдар келіп, тұрғындардың жолды жабуына жол бермеген. Видеодан көліктердің жолмен еркін қозғалысын жалғастырғанын көруге болады.

Ulysmedia.kz сауалына Маңғыстау облыстық полиция департаменті оқиға орнында қоғамдық тәртіп бұзылмағанын және ешкімнің ұсталғанын хабарлады.

Ақтауда тұрғындар неге жылусыз қалды?

Ақтау әкімдігінің мәліметінше, пәтерлерге жылу берілмеуіне коммуналдық жүйедегі ақау себеп болған.

– 2026 жылғы 4 қарашада сағат 12:15-те 41-шағынаудандағы «Манхэттен» тұрғын үй кешенін жылумен қамтамасыз ететін жылу желілеріндегі тиек арматурасының ақауы (плашканың құлауы) анықталды. Осыған байланысты жөндеу жұмыстары кезінде 20-шағынаудандағы «Отырар Сити» тұрғын үй кешеніндегі үйлерге жылу беру уақытша тоқтатылды. Жөндеу жұмыстары аяқталып, тиек арматурасы ауыстырылған соң, сағат 20:15-те «Отырар Сити» тұрғын үйлеріне жылу беру толық қалпына келтірілді, – деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алайда сағат 21:30 шамасында жылудың жиі өшуінен шаршаған ондаған тұрғын үйлерінің маңына жиналды.

Наразылық білдірген тұрғындармен кездесуге Ақтау әкімі Мақсат Мұқаш пен жауапты мекемелердің өкілдері келді.

– Қала әкімі тұрғындармен кездесіп, жағдайды түсіндірді және жылумен жабдықтау мәселесін жеке бақылауына алды. Айта кетейік, аталған тұрғын үй кешендерін салған құрылыс компаниясы инженерлік желілерге қатысты құжаттарды әлі күнге дейін жергілікті атқарушы органға тапсырмаған. Бұдан бөлек, көпқабатты үйлердің жеке жылу қазандықтары бар. Бұл бұған дейін әкімдік өкілдері мен «Каспий жылу, су арнасы» МКК мамандарының аталған нысандардағы жылумен жабдықтау мәселесіне тікелей араласу мүмкіндігін шектеген, – делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдіктің ресми ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта «Отырар Сити» және «Манхэттен» тұрғын үй кешендеріне жылу беру толық қалпына келтірілген.