×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Түркістанда 100-ге тарта балабақша қызметкері митингіге шықты

19.10.2021, 16:10
Түркістанда 100-ге тарта балабақша қызметкері митингіге шықты
Фото: Нұргүл Әбілдинаның facebook парақшасынан алынды

Түркістан қаласында 100-ге тарта балабақша тәрбиешісі наразылық білдіріп, облыс әкімдігінің алдына жиналды. Митингіге жиналғандармен облыс әкімінің орынбасары кездесіп, мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Наразылыққа шыққандар балабақша қызметкерлерінің жалақысын көтеруді талап етіп, тиісті қарызды қайтаруды сұрап отыр. Бұл туралы жергілікті тұрғындар әлеуметтік желі парақшаларында мәлімет таратты.

Түркістан облысының әкімдігінде түсіндірілгендей, Қаржы министрлігі балабақшаны жан басына қаржыландыру бойынша басқа аймақтарға қарағанда Түркістан облысына аз қаражат бөледі, ал бұл сайып келгенде қызметкерлердің жалақысына кері әсер етіп отыр. Облыстағы тәрбиешілердің орташа жалақысы 60 мың теңгені құраса, басқа өңірлерде 150 мың теңге шамасында.

Сондай-ақ, қаражаттың жетіспеушілігінен балабақшалар барлығын үнемдеуге мәжбүр, соның ішінде қызметкерлер саны әдеттегіден 2-3 есе аз. Ал Түркістан облысындағы мектепке дейінгі жастағы балалардың саны жағынан елімізде бірінші орында деп жазды informburo.kz. 

Белгілі болғандай, 2017 жылға дейін Түркістан облысындағы  мектепке дейінгі әр баланы ұстауға шамамен 19 мың теңге бөлініп, жан басына қаржыландыру бірте-бірте ұлғайтылған. Десе де тәрбиешілердің жалақысы өзгеріссіз қалған. Митингке шыққан балабақша қызметкерлері 2017 жылдан бергі осы айырманы төлеуді талап етіп отырғанын жеткізді. 

«Жаңадан қабылданған әдістеме бойынша 2017 жылы бір орынның бағасы 30 150 теңгеге дейін өсті. Алайда 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемінде жаңа әдістемені қолдана отырып есептеулер ескерілмеді. Қосымша қажеттілік барлығы 26,5 млрд.теңгені құрады. Облыс әкімдігі Білім және ғылым министрлігіне 2021 жылға қосымша 26,5 миллиард теңгенің жан басына нормативті қаржыландыру әдістемесіне сәйкестендіру үшін есептеулерді ұсынды», - деп хабарлады әкімдіктен.

Түркістан облысындағы балабақшалар мәселесі бұған дейінде бірнеше мәрте көтеріліп, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Фахриддин Қаратаев хабарлаған болатын. Оның айтуынша, Түркістан облысы бойынша бүгінгі таңда 1024 жекеменшік балабақшаларда – 115 мыңнан астам (74%) бала тәрбиеленіп жатыр. Балабақша қызметкерлерінің айлық жалақысы 42 500 - 70 000 теңге аралығында. Қызметкерлердің 50% - дан астамы көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, 10 000- нан астам адам ең төменгі айлық жалақыға жұмыс істеп жүр.