×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Әкімдік Мұз сарайын 128 млн теңгеге сатып, оны жалға алуға неге 1 млрд теңге төлеген»: Шымкент әкімі не дейді

07.12.2023, 15:46
«Әкімдік Мұз сарайын 128 млн теңгеге сатып, оны жалға алуға неге 1 млрд теңге төлеген»: Шымкент әкімі не дейді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтен қаладағы Мұз сарайының олигарх Серік Сейітжановтың меншігіне қалай сатылғаны сұралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Бұған дейін Шымкент қаласындағы Мұз сарайын әкімдік бизнесмен Серікжан Сейітжановқа 8 есе арзан бағаға, яғни 128 млн теңгеге сатқаны туралы ақпарат тараған. Шенеуніктер 2017 жылы нысанды ұстауға ақшасы жоқтығын айтып, жекеге өткізген. Алайда көп ұзамай әкімдік олигархтан қайта жалға алған. Осылайша, 2017-2023 жылдары мемлекет спорт кешенін жалға алу үшін 1 млрд теңгеден астам қаражат төлеген. Әкімдік мұз айдынын арзан бағаға сатып, артынша қымбатқа не себепті жалға алып отыр? Бұл жерде кәіпкермен бірлескен қандай да бір жемқорлық жағдайлары жоқ па?» - деп сұрады журналист ОКҚ алаңында.

Бұл сұраққа жауап берген Ғабит Сыздықбеков жуырда антикордың қоғамдық кеңесі өкілдері Шымкентке келіп, әкімдік ғимаратында бірлескен отырыс өткенін айтты.

«Соның барысында мәселе көтерілген. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары арнайы жұмыстарды атқарып жатыр. Қаншалықты заңды немесе заңсыз екенін сол жұмыс қорытындысы бойынша айтамыз», - деді ол.

Әкімнің айтуынша, құқық қорғау органдарының жұмысының нәтижесі бойынша шешім қабылданатынын, кез келген шешім халыққа, бюджетке зияны тимейтін әділ шешілетініне сендіретінін айтты.

«Неліктен 2017 жылдан бері еш іс қозғалмады?» деген сұраққа Ғабит Сыздықбеков «өзі өткенге көз салмай, қазіргі күнмен өмір сүретінін» айтады.

«Мен қазір Шымкент қаласының әкімі ретінде келіп отырмын. Әкім ретінде жауабымды беріп отырмын. Бұрын қалай болды деген сұраққа мен жауап бере алмаймын. Себебі құқық қорғау органдары жұмыстарын атқарып жатыр. Соның нәтижесі бойынша, шешім қабылданады», - деді Сыздықбеков.

Еске сала кетейік, Шымкент қаласының әкімдігі 2017 жылы шаһардағы ең ірі нысанның бірі – Мұз сарайын 128 миллион теңгеге сатқан еді. Әкімдіктің баспасөз қызметі сол тұста нысанды "МұнайҚұрылысСервис" ЖШС компаниясы сатып алғанын хабарлаған. Ашық дереккөздерде бұл компания шымкенттік кәсіпкер Серікжан Сейтжанов тиесілі екені белгілі болған.

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, бұнда сыбайлас-жемқорлықтың нышаны бар.

«Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметіне сүйенсек, 2016-2023 жыл аралығында осы өзіміз сатып жіберген Мұз сарайын №8 қысқы ойындар бойынша олимпиадалық резервті дайындайтын жасөспірімдер мектебінің балалары жаттығу үшін жалпы сомасы 1 миллиард теңгеге жуық ақшаға жалға алып отырған. Нысанды жекеге 128 миллион теңгеге сатып жіберіп, жыл сайын 100 миллиондаған ақшаға жалға алу қаншалықты тиімді?» деген еді Смағұлов.