×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Түркістан облысында 18 жастағы келіншек перзентханада көз жұмды

06.02.2024, 11:33
Түркістан облысында 18 жастағы келіншек перзентханада көз жұмды
Жеке мұрағат

Түркістан облысында перзентханаға босануға барған 18 жастағы әйел қайтыс болды. Марқұмның туыстары келіншек дәрігерлердің салғырттығынан жан тапсырғанын алға тартып отыр, деп жазады Ulysmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Севара Абдуллаева Қарабұлақ ауылының ауруханасына толғақпен түскен. Марқұмның туыстары оның ешқашан ауырмағанын, дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды деп топшылап отыр.

Қара жамылған Әбілқасымовтар әулеті бір аптадан бері аза тұтып жатыр. Тұңғышын босануға кеткен келіндерінің ауруханадан мәйіті шыққан. Марқұмның жақындары Севараның көзі тірісінде ешқандай ауруы болмаған дейді. 24 қаңтар күні босанған кезде енесі тіпті көріп қайтқан екен. 

Босанғаннан кейін үш күн өткенде Севараның жансақтау бөліміне түскенін ауруханадағы кездейсоқ адамдардан біліпті. Енесінің сөзінше, дереу ауруханаға жеткенде дәрігерлер ештеңе түсіндіріп айтпаған. Тұңғышын босанған келіншек жансақтау бөлімінде екі сағат өткен соң көз жұмыпты. Туыстары дәрігерлер оның мәйітін көруге де мүмкіндік бермеді деп отыр.

"Сағат 2-де түскенде, келінім жақсы еді. Дәрігердің салғырттығынан, қате екті ме, қателік жіберді ме... Өлетін келін емес еді. Бір сағат ішінде болды ғой. Қалай сенесің, ауырмаған келінді өлтіріп қойғанына. Жүрегі жарылып кетті деп жатыр. Бір рет жүрегіне шағым айтқан емес. Тоғыз ай жүріп, өзі туған келін, қалай жүректен өліп қалады", - дейді марқұмның енесі Гаухар Әбілқасымова.

Дәрігерлер үш күн палатада жатқан Севараның "кенеттен жүрегі қысылды" дейді. Сондықтан бірден жансақтау бөліміне жатқызып, облыстың ең білікті деген мамандарын санавиациямен шақыртыпты, бірақ мамандар жеткенше "өмірден озды" дейді. Ал мәйітті тексерген Шымкенттің паталого-анатомиялық бюросы марқұмның өкпе тамыры үзіліп кеткенін анықтапты.

"Ол сараптама қорытындысы, алдын ала болжамы өкпе тамыры тромбоэмболиясы деген. Қорытындысынан кейін бірнеше комиссия келіп, бұл іс тексерілетін болды, бақылау комитеті жағынан, денсаулық басқармасы жағынан. Одан бөлек, өздері ішкі істер бөліміне арызданды. Ол жақтан да тергеу жүргізіліп жатыр", - дейді Қарабұлақ ауруханасының бас дәрігері Дәулет Мұсаев.

Севара Абдуллаеваның мәйіті 28 қаңтар күйеуінің туған күні Қарабұлақ ауылында жерленді. Жаңа туған сәби Айша әкесінің қарындасымен бірге Шымкенттегі перинаталдық орталықта жатыр.