Петропавлға гастрольмен келген цирк спектаклі кезінде көрермендер отырған трибуна опырылып, құлаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Петропавловск.news сайтының жазуынша, қалаға гастрольмен келген мұзды алаң циркі өз жұмысын 22 наурызда бастаған. Бірақ қойылымдардың алғашқы күнінде төтенше жағдай болды. Шоу кезінде трибуна көрермендермен бірге опырылып, құлаған. Әлеуметтік желіде төтенше жағдайдың видеосы пайда болды. Оқиға орнына полиция, жедел жәрдем және ТЖД қызметкерлері келген.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі сағат 16.57-де бөлімшеге қоңырау келіп түскенін, оқиға орнына жедел жәрдемнің екі бригадасы келіп жеткенін мәлімдеді. Зардап шеккендер жоқ.
Қызметкерлеріміз оқиға орнына жетті, бірақ жай ғана не болғанын тексеру мақсатында келген. Ешқандай шара қолданылған жоқ. Қирағандыларды құрылыс иелері өздері қалпына келтірді. Себебі аттракционның қауіпсіздігіне олар жауапты. Ал төтенше жағдайға байланысты адамдарды жауапкершілікке тарту мәселесіне келсек, қуанышқа орай, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, – деп түсіндірді СҚО ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.
Көрермендер тарапынан полицияға мүлдем шағым түспеген.