Қарағандыда қылмыстық топтың 25 мүшесі ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қарағанды облысында ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері прокуратурамен бірлесіп, қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында осы топтың 12 қылмысқа қатысы бары анықталды. Жәбірленушілер – «Qarmet» АҚ қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер және жоғары оқу орындарының студенттері.
Күдіктілер қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, қылмыс жасаған. Олар азаматтарды ұрып-соғумен, мүлікті тартып алып, ақша бопсалаумен айналысқан.
Жалпы топтың 25 мүшесі ұсталды. Оның ішінде ең белсенді 10 адам қамауға алынды. Тінту барысында атыс және суық қару, оқ-дәрі, діни әдебиет пен ірі көлемде қаражат тәркіленді. Қазіргі таңда олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Басқа ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді, – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.