Алдағы бес жылда Қазақстанның жоғары оқу орындарында миллиондаған студент білім алатын болады. Бір қарағанда, бұл – жақсы жаңалық: жастар көп, университеттер көбейіп жатыр, елге шетелдің танымал жоғары оқу орындары келіп жатыр. Бірақ мұнда бір мәселе бар: студент төрт жыл бойы диплом үшін жанталасып жүргенде, әлем сан рет өзгеріске ұшырауы мүмкін. Қазірдің өзінде жасанды интеллект код жазады, диагноз қояды, жобалайды, есептейді және талдайды, әрі мұның бәрін адамнан әлдеқайда жылдам орындайды. Бүгінде болашағы жарқын көрінетін мамандықтың өзі студент университет бітіргенше қажетсіз болып қалуы немесе мүлде басқа сипатқа ие болуы мүмкін. Ендеше, жастарға нені оқыту керек? Ең бастысы, университеттен өткен шақтың мамандары шықпауы үшін қайда білім алған дұрыс?
Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленовтің пікірінше, университет адамды өмір айналысатын бір ғана мамандыққа дайындамауы керек. Оның міндеті – адамды үнемі қайта оқып, жаңа нәрсе үйренуге, жасанды интеллектпен бәсекелесуге емес, онымен бірге жұмыс істеп, білімді нақты нәтижеге айналдыра білуге үйрету.
Осы күнге дейін балаларын шетелге оқуға жіберетін ел ретінде танылған Қазақстан қалайша білім беру хабына айналып келеді? Британдық және америкалық университеттер елімізге не үшін келіп жатыр? Шетелде жүрген талантты қазақстандықтарды міндетті түрде елге қайтару керек пе? Білім беру экономиканың жеке бір саласына айнала ала ма? Мемлекет ғылымға миллиардтаған қаржы құйса да, бұл технологиялардың пайда болуына неге кепілдік бола алмай отыр?
Осы және өзге де сұрақтарды Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева кезінде заңгерлік манса
птан бас тартып, кафедра меңгерушісі секілді қарапайым қызметті таңдаған, ал бүгінде атақты британдық университеттердің бірінің Қазақстандағы кампусын басқарып отырған Мирас Дәуленовпен талқылады.
ЗАҢГЕРЛІКТЕН – ОҚЫТУШЫЛЫҚҚА
Заңгерлік дипломыңыз бола тұра университетте оқытушы болдыңыз. Неліктен беделді кәсіби саланы тастап, білім беру саласына келдіңіз?
– Мен педагогтар отбасында туып-өстім. Атам Шығыс Қазақстанда педагог-ұйымдастырушы болған, қазір Зайсандағы мектептердің біріне есімі берілген. Әжем неміс тілінен сабақ берген. Жалпы, отбасымызда педагогтер көп болды. Бірақ өзім білім беру саласына баруды жоспарлаған емеспін. Заң факультетінде оқыдым, кейін магистратураға түстім, алмасу бағдарламасымен Еуропаға кеттім. Сол жерде «Болашақ» бағдарламасы бойынша докторантураға түстім. Ал оқытушылық жолымды іс жүзінде шетелде бастадым. Алғашқы студенттерім қазақстандықтар емес, Польша, Испания, Германия, Франциядан келген жастар болды. Бұл педагог екенімді, әртүрлі елдерден, әртүрлі мәдениет пен дүниетанымнан шыққан студенттерге бір нәрсе беруге тырысып жүргенімді сезіндірді. Шынымен маңызды іс атқарып, әлемге қандай да бір құндылық әкеліп жатқанымды түйсіндім.
Дәрістерді қай тілде оқып, семинарларды қай тілде өткіздіңіз?
– Ағылшын тілінде сабақ бердім, кейін поляк тілінде, француз тілінде де аздап сабақ өткіздім. Бұл мен үшін маңызды болды. Егер білім беру саласына келсең, тақтаның алдында тұрып, студенттермен жұмыс істеп жүрген адамның не сезінетінін түсінуің керек.
Қазақстанға оралған соң, «Неге бізде де дәл сондай болмайды?» деген сұрақ туындады. Неге біздің студенттеріміз шетелге оқуға кетеді? Менің PhD дәрежем болды, туыстарым «адвокатураға бар, судья бол, заң фирмасында жұмыс істе, ақша тап», деді. Ал мен кафедра меңгерушісі болуды таңдадым. Бұл шешімімді көп адам түсінбеді.
Жақындарыңыздың ақыл-кеңесіне құлақ аспағаныңызға өкінбейсіз бе?
– Дұрыс таңдау жасадым деп есептеймін. Өйткені оқудың құндылығы тек білім алумен шектелмейді. Оның мәні – болашақ көшбасшыларды тәрбиелеуде. Бірде Алматыда өзімнің бұрынғы студентімді кездестірдім. Ол кезде адвокат болып жұмыс істеп жүрген екен. «Мен сіздің пәніңізден ғана емтиханнан өте алмадым. Бірақ сол үшін сізге алғыс айтамын – осы өмірде бәріне оңай қол жеткізе бермейтінімізді түсіндім» деді.
ДИПЛОМ – ТАБЫСҚА ЖЕТУДІҢ КЕПІЛІ ЕМЕС
Арманыңыз орындалып, кафедра меңгерушісі болған кезде қанша жалақы алдыңыз?
– Дәл есімде жоқ, шамамен 150-200 мың теңге болды. Ол кезде заңгер болып таба алатын ақшамнан әлдеқайда аз еді. Бірақ алдымызда басқа міндет тұрды – осы ақшаға сапалы білім бере алатын мықты мамандарды жинау керек болды. Бір кезде академиялық адалдық стандарттарын қатаң енгізе бастадық. Соның салдарынан бір жылдың ішінде екі мыңнан астам студенттен айырылдық. Университет қаржысынан қағылды, бірақ біз бұған саналы түрде бардық. Өйткені адал жолмен алынбаған білім ақыр соңында зиянын тигізеді. Бірнеше дипломың болуы мүмкін, бірақ диплом – табысқа жетудің кепілі емес. Адам тек білімі мен білігінің арқасында табысқа жете алады.
Дегенмен, Қазақстанда академиялық адалдық мәселесінде әттеген-ай көп. Баладан алдамауды талап етеміз. Ал жүйенің өзі балаға қаншалықты адал?
– Өте маңызды сұрақ. Талапты тек балаларға қоюға болмайды. Біз бала академиялық адалдықты сақтауы керек дейміз. Жақсы. Ал университет басшылығы өз оқытушыларына қатысты адалдық стандарттарын сақтай ма?
Жалақы дұрыс есептеле ме? Неліктен бір оқытушының жүктемесі екіншісінен көп? Неге бір адам түнге дейін есеп-қисапқа ғана қажет журналдарды толтыруы керек, ал профессор деген атағы бар басқа оқытушы дәрісін оқып, үйіне қайтып кетеді? «А» десең, «Б»-ны да айту керек. Сондықтан кезінде Академиялық адалдық лигасын құрудың бастамашыларының бірі болдық. Бастапқыда оған небәрі екі университет кірді. Сонда мен таңғалдым: Қазақстанда осы қағидаларды ұстанғысы келетін екі-ақ университет болғаны ма?
Қазір олардың саны жиырмадан асты. Білім беру саласында бедел – ең маңызды нәрсе. Өйткені сенімді қалыптастыратын да – сол.

ЖИ УНИВЕРСИТЕТТЕРДІ ӨЗГЕРТЕДІ
Жасанды интеллект барлық салаға дендеп енді. Академиялық адалдық туралы айта отырып, ЖИ-ді қолдану қаншалықты қисынды?
– Жаңа буынның ақпаратпен басқаша жұмыс істейтінін түсінуіміз керек. Миллениал бөтен контентті пайдалануды академиялық тұрғыдан адал емес деп қабылдауы мүмкін. Ал Z немесе альфа буыны үшін бұл ақпарат ағынымен жұмыс істеудің табиғи тәсілі болуы ықтимал.
Сондықтан біздің міндетіміз – балаға жақсы мен жаманды ажыратып, шекараны сезінуді үйрету. Бала үстел басына отырғанда, ең алдымен қолын жууды үйретеміз ғой. Сол сияқты ақпаратпен және жасанды интеллектпен жұмыс істеу ережелерін де түсіндіруіміз керек. Тек тыйым салмай, оның мәнін ұғындыруымыз қажет.
Бір кездері IBM болашаққа қатысты болжам жариялаған еді: келешекте жасанды интеллектпен жұмыс істей алатын адамдар онымен жұмыс істей алмайтын адамдардың орнын басады. Қазірдің өзінде солай болып жатыр.
Мұны растайтын мысалдар бар ма?
– Иә. Біз көп жыл бойы бағдарламашылар даярлап келдік. Қазақстанда IT мамандықтарына әлі де мыңдаған грант бөлінеді. Бірақ бүгінде жасанды интеллект кодты санаулы секундтың ішінде жазып бере алады.
Медицинада да мысалдар көп: дәрігер суреттен қандай да бір өзгерісті байқамай қалуы мүмкін, ал жасанды интеллект оны байқайды. Сондықтан жай ғана «ЖИ маманын» дайындаудың мәні жоқ. Ол төрт жыл оқиды, ал осы уақыт ішінде технологияның өзі бірнеше рет өзгеріп кетуі мүмкін.
Біз бейімделе алатын, үнемі оқып, қайта білім ала алатын адамды даярлауымыз керек. Бұл жүйеде университеттің өзі де өзгереді. Адам университетке 30 жасында да, 40 жасында да қайта оралады. Цифрландыруды белсенді дамытып жатқан елдерде қазір «күміс университеттер» деп аталатын оқу орындары пайда болып жатыр.
Мысалы, бізде жасанды интеллект бағдарламасының алғашқы студенттерінің бірі екі жоғары білімі бар 32 жастағы әйел болды. «Егер қазір оқымасам, ертең шетте қалатынымды түсінемін» дейді ол.
«МИ КӨШІ» ЕНДІ ҚОРҚЫНЫШТЫ ЕМЕС
Біз білікті мамандардың шетелге кетіп жатқаны туралы көп айтамыз. Қазақстандықтар АҚШ-та, Еуропада, Азияда білім алып, көпшілігі сол жақта жұмыс істеп қалады. Елге пайдасын тигізу үшін адам міндетті түрде Қазақстанға оралуы керек пе?
– Меніңше, «ми көші» деген ұғым біртіндеп екінші орынға ығысып барады. Адам капиталын айналымда ұстау туралы айтқан дұрысырақ. Талантты жас шетелге барып, білім мен тәжірибе жинап, кейін елге оралуы мүмкін. Бірақ шетелде қалып, өз зертханасын немесе компаниясын Қазақстанмен байланыстыруы да ықтимал.
Мен шетелде алты жыл тұрдым. Сол жерде ұлттық бірегейлік сезімі, керісінше, күшейе түсетінін айта аламын. Қазақстандықтар бірігіп, елімізге қалай көмектесе аламыз, не істей аламыз деп ойлана бастайды. Нархозда жұмыс істеген кезімде дипломдарды блокчейн арқылы қолдан жасаудан қорғағымыз келді. Бірақ мұндай жүйені кім әзірлей алатынын білмедік.
Содан шетелде оқып, жұмыс істеп жүрген қазақстандықтарға үндеу тастадық. Нәтижесінде құрамында ірі халықаралық технологиялық компанияларда жұмыс істейтін жастар бар мамандар тобы жиналды. Олар бізге блокчейн негізінде қолдан жасау мүмкін емес NFT-дипломдар жасап берді. Мұны үлкен ықыласпен, қызығушылықпен жасады.

Мұндай адамдар санаулы шығар?
– Жоқ, әлемде мұндай қазақстандықтар өте көп – Кремний алқабында, Еуропада, Азияда. Олар өз еліне пайдалы болғысы келеді. Сондықтан Қазақстанның өз Нобель иегері болады деп сенемін. Егер өз ресурстарымызды қазақстандықтар жұмыс істейтін институттардың мүмкіндіктерімен біріктіруді үйренсек, «ми көші» проблема болудан қалып, мүмкіндікке айналады.
Мен шетелде Қазақстанға бейжай қарайтын бірде-бір қазақстандықты кездестірген емеспін. Жастарымыз бірден елге оралмауы мүмкін. Бірақ оларға Қазақстан үшін пайдалы бір іс жасауды ұсыныңызшы – көпшілігі қуана келіседі.
ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕР ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ БЕРЕДІ?
Бұрын қанша қазақстандықтың шетелге оқуға кеткені жайлы ғана айтатынбыз. Енді Қазақстанға 88 елден ондаған мың студент білім алу үшін келіп жатыр. Бұл оң үрдіс пе?
– Бұл – үлкен жетістік, сонымен қатар орасан мүмкіндік. Қазақстанның Шығыс пен Батыстың ортасында орналасқан бірегей географиялық жағдайы бар. Бірақ мәселе тек географияда емес. Біз бір елдің ішінде британдық, америкалық, неміс, корей және басқа да білім беру жүйелерін тоғыстыра аламыз. Мен білім берудің бір ғана мінсіз жүйесі бар деген пікірді қолдамаймын.
Бір кездері фин моделі, кейін сингапурлық модель бізге үлгі болды. Бірақ үнемі көшіріп алатын бір жүйені іздеудің қажеті қанша? Әртүрлі үлгілердің ең жақсы тұстарын алып, өз жүйемізді қалыптастыруымыз керек. Сонда Қазақстан таланттар тартылатын орталыққа айнала алады.
Ол үшін не істеу керек?
– «Бізге оқуға келіңіздер» деп жай ғана айту жеткіліксіз. Тұтас экожүйе қажет – бірнеше тілдегі университет сайттары, студенттерге арналған рәсімі жеңіл визалар, шетелдіктермен сөйлесе алатын қабылдау комиссиялары, дұрыс онбординг, телефондарды тіркеу, тұрмыстық мәселелерді шешу. Студент келіп, бірден он шақты бюрократиялық кедергіге тап болса, ол мұнда қайта келгісі келмейді.
Сондықтан сапалы орта қалыптастырумен айналыспасақ, 35 мың шетелдік студенттен айырылып қалуымыз мүмкін. Бірақ меніңше, шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізу мақсатына қол жеткізуге әбден болады.
Бірақ біздің елде білім алу қымбат. Мүмкін, шетелдіктер үшін де оқу ақысын көтеретін кез келген шығар?
– Бұл – әлемде қалыптасқан қалыпты тәжірибе: шетелдік студенттер үшін оқу ақысы өзгеше болуы мүмкін. Сан үшін жанталасуға болмайды. Біз елге келетін студенттердің сапасы үшін күресуіміз керек.
Өйткені шетелдік студенттің құндылығы оның диплом алып, өз еліне кетуінде емес. Оның Қазақстанда қалып, қазақстандықтармен бірге компаниялар, жаңа кәсіпорындар, тіпті жаңа экономикалық салалар құрғаны қажет. Өз еліне кеткен жағдайда да Қазақстан мен өз мемлекетінің арасындағы көпірге айнала алады. Сондықтан білімге тек әлеуметтік функция ретінде қарауға болмайды. Бұл – экономиканың дербес саласы.
МИЛЛИОН СТУДЕНТ
Демек, білім беру саласы да елге табыс әкеле алады ғой?
– Әрине. Білім беру төңірегінде алып экожүйелер қалыптасады. Бұл тек оқытушылар мен университет ғимараттарынан тұрмайды. Қазақстанда колледждерде жүздеген мың студент, университеттерде шамамен 650 мың студент білім алып жатыр. Бұл көрсеткіш өсе береді. Біздің бағалауымызша, бес жылдан кейін олардың саны миллионға жетеді. Бұл миллион адам бір жерде білім алуы керек. Бірақ ең бастысы – олар аудиторияда төрт жыл жай ғана отырып, соңында диплом алып шықпауы керек.
Университеттен кейін олар болашақ экономикасына еніп, елдің дамуына үлес қоса алатындай болуы керек. Ол үшін жаңа ғимараттар салу жеткіліксіз. Университеттің өзі не үшін қажет деген мәселенің басын ашып, білім беру парадигмасын өзгерту керек. Білімді бірнеше секундта алуға болатын заманда білім берудің міндеті – ойлау жүйесін қалыптастыру және жасанды интеллектте әзірге жоқ қабілеттерді дамыту.
Шығармашылық, қиял, сыни ойлау, стратегия құра білу. Жасанды интеллект сізге бәрін дайындап бере алады. Бірақ мәселе басқада: адам өзі қиялдау қабілетін жоғалтып алмай ма?

ЕСЕП ҮШІН ҒАНА ҒЫЛЫМ
Ғылымды қаржыландыру туралы көп айтамыз. Мемлекет бөлетін қаржы да артып келеді. Бірақ нәтиже қайда? Экономикада нақты жұмыс істеп тұрған технологиялар қайда?
– Қаржыландыру, әрине, қажет. Онсыз зертханалар да, зерттеушілер де болмайды. Бірақ ғылымды тек қаржыландыру көлеміне қарап бағалау дұрыс емес. Оның тиімділігіне және ғылымның нақты бизнеспен байланысына қарау керек.
Университет: «Сіздер бізге ақша салдыңыздар, ал біздің нәтижеміз – осынша ғылыми жарияланым», – дейді. Жарияланымдар маңызды. Бірақ университет әлемдегі үздік 200 немесе үздік 300 университеттің қатарына кіретінін мақтан тұтса, онда мынадай сұрақ туындайды: ендеше, технология жасау жағынан неге осы университеттермен бәсекелеспейміз?
Неге біз жарияланымдар санымен, студенттер мен оқытушылардың арақатынасымен, шетелдік студенттер санымен жарысамыз, ал іс жүзінде енгізілген технологиялар мен патенттерді көрмейміз? Егер бизнеске қажет технологияларды сол деңгейде жасай алмасақ, онда әлемдегі үздік 200 университеттің қатарындамыз деп мақтанудың қажеті қанша?
Демек, мәселе ғалымдар мен бизнестің бір-бірінен бөлек өмір сүруінде ме?
– Дәл солай. Бірлескен зертханаларды әу бастан кәсіпорындармен бірге құру керек. Бизнес те зерттеулерді қаржыландырып, ғалымдармен бірге міндеттерді айқындауы қажет. Өйткені қазір мынадай жағдай болуы мүмкін: ғалым грант алады, үш жыл зерттеу жүргізеді, нәтижесін кәсіпорынға апарғанда, оған: «Рақмет, бірақ технологиялар әлдеқашан алға озып кетті. Бізге дайын шешімді шетелден сатып алған арзанырақ» дейді.
Ғылымның кешігіп қалуы деген осы. Ғалым зертханасында отырып, бірдеңе жасап, кейін есебін сөреге қойып, бөлінген қаржыны игергені туралы формалды түрде есеп беретін модель енді жұмыс істемеуі керек. Егер бизнес ғылымға қаржы салмаса, демек, оған сенбейді. Ал сенбеген соң, оның нәтижесін ешқашан пайдаланбайды. Біз мойындауға тиіс шындық – осы.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚАТЕЛЕСУІ МҮМКІН
Сіз жасанды интеллекттің мүмкіндік екенін көп айтасыз. Ал оның қаупі ше?
– Қауіп те бар. Әсіресе балаларға қатысты. Мысалы, қазір жасанды интеллект арқылы Қазақстан тарихы туралы білім беретін мультфильмдер жасауға болады. Бұл ыңғайлы, әсіресе мұғалім жетіспейтін жерлерде. Бірақ жасанды интеллект ақпаратты әртүрлі дереккөздерден алады және тарихи тұрғыдан қате түсіндірме беруі мүмкін.
Ересек адам күмән келтіруі мүмкін. Ал бала әдемі суретті көріп, оны шындық деп қабылдайды. Оның санасында бұл мәңгіге сақталып қалуы мүмкін.
Біз қазір тіпті ересектердің өзі адам жасаған контент пен жасанды интеллект қалыптастырған контентті ажырата алмайтын жағдайға жеттік. Сондықтан бүгінгі мәселе жасанды интеллектті пайдалану немесе оған тыйым салуда емес. Оған енді тыйым сала алмаймыз.
Мәселе – шекараның қай жерде екенін және технологиямен жұмыс істеген кезде қай сәтте адамның жанында міндетті түрде адам болуы керектігін түсінуде.
Демек, технологиялық революция мұғалімнің қажеттілігін жойған жоқ па?
– Әрине, жоқ. Бүгінде білімді шынымен бірнеше секундта алуға болады. Бірақ білім алу дегеніміз берілген ақпаратты сіміре беру емес. Ол – ойлау, құндылықтар, дұрысты бұрыстан ажырата білу, шешім қабылдай алу. Сондықтан университеттер ешқайда жоғалмайды. Олар тек заман сұранысына бейімделуі керек.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia-ның YouTube-арнасынан көріңіз.