Атырауда Жайық жағалауына тым жақын орналасқан жеке тұрғын үй секторының тұрғындары құрылыс жұмыстарына кедергі келтірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Атырау облысының төтенше жағдай жөніндегі жедел штаб өкілдері айтты.
Кейбір бөліктегі жоспарланған жұмыстар аяқталып, қауіпті деген аймақтарға арнайы техникалар көбейтіліп жатыр. Кей тұрғындар өз аулаларын бұздырып, бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілуіне қарсы, - дейді ТЖ жөніндегі жедел штаб өкілдері.
Бүгін қала әкімі Шәкір Кейкин Сельстрой шағын ауданындағы Халелов көшесінің тұрғындарымен кездескен. Жайық жағалауына тым жақын орналасқан 29 тұрғын үйдің иелері өз аулаларын бұздыртып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қарсылық танытқан.
Қала әкімі шешімімен бөгет тұрғын үйлер алдындағы тас жолдың үстінде тұрғызылатын болды. Бұл шешіммен аталған көше тұрғындары толық келісті. Тұрғындар тұрғын үй секторында тасқын судан қорғану мақсатында өз күштерімен қорғаныс бөгеттерін тұрғызуда. Оларға әкімдік тарапынан қажетті құрылыс материалдыры мен әскер бөлінетін болады. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мақсатында құрылыс жұмыстарына кедергі келтірмей, түсіністік танытуларыңызды сұраймыз, - делінген жедел штаб хабарламасында.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.
Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.