×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

Қаншама отбасы далада қалайын деп тұр – Үкімет Оралдағы үйсіз жұрттың мәселесін қалай шешеді

26.04.2024, 12:48
Коллаж: ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz редакциясына кешелі бері Оралдан оннан аса адам хабарласты. Бәрінің уайымы бір – саяжайлардағы үйлері су алып кеткен олар "енді далада қаламыз ба" деп қорқады.

Үкімет мүшелері осы аптаның басында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қандай көмек көрсетілетінін айтысқан еді. Кабминнен дүркін-дүркін тараған ақпаратқа оралдықтар да құлақ түріп отыр. Негізгі мәселе – олар тұрған үйдің өз атында болмағанында. Екінші үйі бар азаматтар да "шығынымыз өтелмей қала ма?" деп уайымдайды.

Үкіметте көмек жайлы не айтылды

23 сәуірде үкімет мүшелері бас қосып, елдегі су тасқыны мәселесін тағы бір талқылаған. Сол тұста төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықов Ресейдің Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне ағызған суы салдарынан батыста жағдай күрделене түскенін мәлім еткен еді. Расында да, әкімдіктің кеше таратқан ақпаратына қарағанда, төтенше жағдай салдарынан 1 292 тұрғын үйді су басқан. Оның 1 150-не техникалық тексеріс жүргізіліп, 397 үй тұруға жарамсыз деп танылған. Бұл сандар әлі өзгереді. Ал үйінен кетуге мәжбүр болған азаматтардың бірі туған-туысының үйін паналаса, екіншісі эвакуациялық пункттерге орналастырылған.

2024 жылдың 23 сәуірі. Үкімет отырысы

Үкіметтің сол отырысында премьер-министр Олжас Бектенов отбасыларға 100 АЕК-ке қосымша тағы 150 АЕК-ке дейін өтемақы төленетінін хабарлаған болатын. Оның айтуынша, зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу тәртібіне түзетулер бекітілген. Ол қаулыға Бектеновтың өзі қаулыға қой қойған. Қосымша, 550 мың теңгені үкімет отбасылардың тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып алуы үшін бөліп отыр.

Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс компаниясы су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй мәселелерін шешу үшін мынадай қосымша тетіктерді әзірлеген. Олар:

  • әкімдіктермен дайын пәтерлер сатып алу;
  • зардап шеккен азаматтардың бекітілген жобаға сәйкес өз қалауымен баспана таңдауы;
  • әкімдіктермен жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе олардың шығындарын өтеу.

Сонымен қатар, жалғыз баспанасынан айырылған саяжай тұрғындарына да қолдау көрсетілмек. Бүгінгі таңда, әкімдіктермен жаңа құрылысқа жер учаскелерін таңдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақтөбе облысында құрылыс жұмыстары басталған. Ал Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарында дайын жаңа баспана кілттері табысталуда.

Шарлапаевтың дегені

Осы отырыстан кейін өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев журналистер алдына шықты. Ол ең алдымен, үйсіз қалған азаматтарға баса мән берілетінін айтты. Министр су тасқыны шайып кеткен үйлердің орнына қайтадан үй салмаймыз дейді. Сөзінше, үй салынғанымен, ол жерді келесі жолы тағы су алып кетуі мүмкін. “Үйді басқа жерде салып береміз” деген позицияда.

Қанат Шарлапаев

– Біз пәтері мен саяжайы бар адам туралы әңгіме айтар болсақ, қанекей, іске әділетті түрде қарайықшы. Егер саяжайда салып алған құрылымы сол отбасының бірден-бір панасы болса, мемлекеттен қолдау болады. Ал бірақ, егер азаматтың қалада пәтері болса, оның саяжайда уақытша тұратын тағы бір баспанасы болса, онда біз мемлекеттік қолдауда маңыздырақ бағытқа бағыттанымыз дұрыс болмай ма!? – деді Шарлапаев.

Министрдің сөзінше, мемлекет зардап шеккендерге үй салып бергенімен, аула құрылыстарын, қора-қопсы, моншаларын қайта тұрғызбайды.

Орал тұрғындарының уайымы неде?

Редакциямызға хабарласқан Орал қаласының тұрғындары су алып кеткен саяжайларда тұрған. Кейбірінің өз атында қалада үйі бар. Үкімет олардың суға кеткен үйіне шығындалмайтынын естіген олар “енді не істейміз?” деп отыр. Соның бірі 1-ші саяжай, Елочка саяжай серіктестігі екі бөлмелі үйі болған Айнұр Сабыр.

– Естуімізше, өтемақыны саяжайда үйі бар, сол үй өз атында болғандарға «үй мәселесін қарастырамыз» депті. Соларға ғана төлейді. Ал менің саяжайда ипотекаға алған үйім бар. Қалада бір пәтерім бар. Енді «сізде екі мүлік бар» деп менің бүлінген үйімді өтемақыны төлемей қоймақ. Су үйдің төбесіне дейін жетті. Ал бүлінген саяжайлардың үйлерін төлемейміз, жерді орман шаруашылығына аламыз дейді. Сонда біздің меншігімізді кім қорғайды, – дейді ол.

Айнұр Сабырдың су алып кеткен саяжайдағы үйі

Айнұр көрші-қолаңның баспана мәселесі қиын екенін атап өтеді. Айтуынша, мәселен бір ауладан екі үй салып алған отбасылар болған. Енді оларға мемлекет бір үй ғана салып береміз отыр. Бір келіншек қайныәпкесінің жерін алып, күйеуімен бірге үй салып алған. Үйін заңдастырып үлгермеген. Жер мен мүлік солайша туысының атында қалып кеткен. Олар да баспанасыз жүр.

– Енді соның кесірінен ол отбасы да далада қаламыз деп отыр. Осындай мәселе көп. Біреудің жері ағасыныкі, біреудің үйі әпкесінікі. Қаншама үй, қаншама отбасы далада қалайын деп тұр. Саяжай жыл да суға кетеді дейді. Олай емес. Бұл алапат су, – дейді ол.

Гүлжазира Кенжеғалиева төрт баласымен қалған жалғызбасты ана. Күйеуі тірі кезінде екеуі әупірімдеп саяжайдан үй салып алған. Онысын заңдастырып үлгермеген. 

– Екінші саяжай серіктестігінде тұрамын. Жолдасым екеуміз салған үйіміз болған. Төрт баламыз бар. Бірақ үйім қайнымның атында. Жолдасым екі жыл ауырып, былтыр қайтты. Қазір төрт баламен өзім жүрмін. Басты проблема – үй қайнымның атында қалып қойды. Ал қайнымның ауылда өз үйі бар. Демек, екі үйі бар. Енді мен ала аламын ба? Ала алмаймын ба? Мен қазір пәтерде жүрмін, – дейді ол.

Миржан Сәлімгереев бірінші саяжай серіктестігінде анасы екеуінде екі үй болғанын айтады. Әуеден түсірілген екі үйдің суретін жолдайды.

Миржан Сәлімгереевтің анасының атындағы екі үй

– Екеуі де менің анамның атында. Екі бөлек жерде. Мен біреуді сатып алып, анамның атына жаздырғанмын. Екіншісі анамның өзінікі. Енді бүгінгі күні бір адамның атында екі үй болса, оның біреуінің ғана ақшасын береді екен. Өз атымда 7 млн теңге несие болғаннан кейін үйді өз атым жаздыра алмадым. Әйелімнің аяғы ауыр. Екі баламыз бар. Анамның үйінде үш адам тұрады. Үйді қайтеміз? Бұл қалай? Бұл мәселені қалай реттеуге болады? – деп уайымдайды ол.

Расул Рамазановтың үйі екінші саяжай, «Автодарожник 1» саяжай серіктестігінде үйі болған.  

Расул Рамазанов пен Айнұр Сағынғалиеваның үйі

– Үйімізді толығымен су алып кетті. Бүкіл киім-кешек, қаншама гектар жеріміз, моншамыз. Ол үй біздің атымызда емес еді. Жақсы араласатын ағамыздан алып едік. Ол кісі көбінесе іссапарда жүретін. Өз атымызға аудару ісі қалып қоя берді. Құжаттарды жасатып үлгермедік. Үйдің жарық-суын бәрін өзіміз төлеп жүрміз. Ол кісі үйді біздің атымызға жазып бергісі келген. Енді міне, осындай жағдайда қалдық, – дейді оның әйелі Айнұр Сағынғалиева.

Батырбек Құсайынов атты азаматтың екі үйі суға кеткен. Екі үйі де інісінің атында. 

– Інімнің ауылда үйі бар. Үкіметтегілер ауылда үй болса ешқандай үй берілмейді дейді. Бұл қаншалықты дұрыс? Мәселеге жан жақты қараса дұрыс болар еді. Осыны үкімет басындағыларға жеткізсеңіздер, – дейді ол.

Нұргүл Жұмабекова атты азамат суға шайған үйі құлап, шатыры ғана көрініп тұр деп кеииді.

– Саманнан салынған үйіміз құлап қалды. Жарамсыз. Екінші үйіміз қалада, оны 2017 жылы “Отбасы банкпен” алғанбыз. Жолдасым екеуміз жүріп,өз күшімізбен еңбек еттік. Ендігі мәселе – атымда екі үй болғандықтан,ешқандай көмек жоқ деп жатыр, ең болмаса материалдық, ақшалай көмек сұраймын. Су кеткен соң қайта үй тұрғызуға бола ма және сол саяжай өзімізде қалама деген сұрақ бар. Үш баламыз мектеп қабырғасында оқиды, алды мектеп бітіреді биыл. Біздің өтінішіміз жайдан-жай қалмаса екен, – дейді ол.

Бұл мақалада Орал тұрғындарының бізге хабарласқан бәрінің уайымын, өтінішін жаза алған жоқпыз. Хабарласқан азаматтардың проблемасы бір-біріне ұқсас. Олардың мәселесі Оралдың ғана мәселесі емес – мұндай дау-дамай су кеткен соң басқа аймақтарда да туындауы мүмкін. Мұндайда үкімет мүшелері халыққа қандай шешім ұсынады?

Министрліктің жауабы

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қайта хабарласып, Орал тұрғындарының осы мәселесін жеткіздік. Сұрағымызға министрліктің құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы жауап берді. Оның айтуынша, егер саяжай олардың жалғыз баспанасы болса ғана мемлекет өз тарапынан зардап шеккен азаматты баспанамен қамтамасыз ету шараларын қабылдайды. Ал егер бұл саяжайдағы үйінен басқа өз баспанасы болса, онда мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілмейді.

– Біз бірінші кезекте, азаматтық қорғау бойынша заңға сәйкес, минималды түрде мемлекет бәріне жәрдем көрсетеді. Масштаб қазір өте үлкен. Төтенше жағдайда бірінші кезекте, баспанасы жоқ, тұратын тұрғылықты мекені болмаған азаматтарға көмек көрсетіледі. Ал егер саяжайдан басқа азаматтың тұратын мекені, баспанасы болса, ондай жағдайда көмек көрсетілмейді. Егер баспанасы зардап шегіп, құжаттары жоқ болған жағдайда тиісті әлеуметтік қорғау органдарынан және ХҚО-дан, болмаса коммуналдық төлем жүргізілген құжаттар арқылы жоғалған құжаттар дәлел болған жағдайда баспанамен қамтамасыз ету мәселесін комиссия қарайды, – дейді ол.

Ulysmedia.kz бұл мәселені назарында ұстайды.

Серіктес жаңалықтары