×
464.53
543.73
6.15
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
464.53
543.73
6.15

Ең қымбат нан қай қалада?

Бүгін, 17:35
Ең қымбат нан қай қалада?
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түліктің бірі саналатын нан нарығында теңсіздік күшейіп барады. Өңірлер арасындағы баға айырмашылығы 90%-ға дейін жеткен. Кей аймақтарда қымбаттау 22%-дан асады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстанда нан - халықтың күнделікті рационындағы негізгі азық-түліктің бірі. Тұтыну көлемі бойынша ол тек картоптан кейін тұр. Соған қарамастан, соңғы жылдары бұл нарықта бірқатар күрделі үрдістер қалыптасқан.

НАН БАҒАСЫ НЕГЕ ӘРТҮРЛІ?

Energyprom зерттеуінше, 2026 жылғы 29 сәуірдегі деректерге сәйкес, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай нанының орташа бағасы ел бойынша 227 теңге/кг болды. Алайда бұл орташа көрсеткіш өңірлік жағдайды толық ашпайды. Мәселен, Қонаевта нан бағасы 347 теңгеге жетсе, Алматыда – 308 теңге, Жезқазғанда – 281 теңге деңгейінде. Ал ең төмен баға Оралда – 185 теңге, Шымкентте – 187 теңге, Ақтөбеде – 193 теңге және Петропавлда –196 теңге болды. Осылайша, бір ел ішінде баға айырмашылығы шамамен 90%-ға жетіп отыр. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сегментінің өзінде нарықтың айқын теңгерімсіздігін көрсетеді.

Баға өсімі де біркелкі емес. 2026 жылдың наурыз айында нан бағасы жылдық есепте 7,1%-ға қымбаттады. Алайда өңірлер арасында айырмашылық үлкен: Алматыда өсім 22,8%-ға жетсе, Қызылорда облысында – 11,7%, Алматы облысында – 7,8% болды. Ал Ақмола облысында керісінше баға 1,4%-ға төмендеген. Өнім түрлері бойынша қарасақ, ең көп қымбаттағаны – қара бидай-бидай наны (11,6%). Тілімделген батон бағасы 10,1%-ға, ал бидай наны жалпы 6,8%-ға өсті.

Айта кету керек, 2025 жылдың осы кезеңінде өсім 6,7%, ал 2024 жылы 7% болған, яғни бағаның өсу қарқыны әлі де сақталып отыр.

БІРІНШІ СҰРЫПТЫ ҰНҒА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Тұтыну көрсеткіштері де өзгеріс бар екенін көрсетеді. 2025 жылы бірінші сұрыпты бидай нанының жан басына шаққандағы тұтынуы 28,4 кг болды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2,8%-ға жоғары (27,6 кг), алайда 2022 жылғы 30,2 кг деңгейінен төмен. Сонымен қатар, қара бидай және қара бидай-бидай нанының тұтынуы 2,8 кг, ал жоғары сұрыпты бидай наны 9,3 кг деңгейінде қалыптасты. Бұл халықтың тұтыну құрылымы біршама өзгергенін аңғартады.

Өндіріс жағында да тұрақты өсім байқалмайды. 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында 121,5 мың тонна нан өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1%-ға аз.

Соңғы жылдардағы динамика да құбылмалы. 2024 жылы өндіріс 4,7%-ға қысқарса, 2023 жылы 0,9%-ға ғана өскен, 2022 жылы 5,5%-ға төмендеген, ал 2021 жылы бірден 23,6%-ға құлдыраған. Бұл ұзақ мерзімді перспективада өндірістің қысқару үрдісі бар екенін көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары