Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысы бойынша аумақтық департаментінің қызметкерлері контрафактілік кір жуу ұнтақтарын дайындайтын астыртын цех қызметінің жолын кесті деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Түркістан қаласының тұрғыны Р. Абдуллаев «Иштихат» тұрғын алабы, Доспанбет жырау көшесі н/ж мекенжайы бойынша цех ұйымдастырғаны, онда заңсыз жолмен “Ariel”, “Тide”, “Миф”, “Persil” маркалы 2, 3, 6 кг көлемдегі ұнтақтар дайындағаны анықталып отыр.
“Ұнтақтарды буып-түюге және өлшеп-орауға арналған 7 жабдық, 500-ден астам ұнтақ қаптамасы, 20 кг-дық 100-ден астам ұнтақ, белгілі маркалардың атаулары бар полиэтилен пакеттер тәркіленіп алынды”, – деп баяндайды құзырлы мекеме өкілдері.
Мамандар құқық иесі “The Procter&Gamble Company” компаниясына зор залал келтірілгенін айтады. Р. Абдуллаевқа 5,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.