Үйқамаққа шығарылған Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың сіңлісі facebook әлеуметтік желі парақшасында «жағдайдың әлі реттелетінін» айтып пост жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Істі болған әкім орынбасары Бақытгүл Хаменованың сіңлісі Айнұр Хаменова аталған оқиғаның отбасы үшін жайсыз тигенін атап өтті. Сондай-ақ туысының жауапкершілікпен еңбек еткенін де алға тартты.
«Отбасымыз үшін жайсыз тиген оқиғаға байланысты қолдауларыңызды білдіріп, жылы сөзбен демеп жатқандарыңыз үшін бек рақмет! Ғайбаттың жеті атасын жаудырып, сансыз сауапқа ие қылып жатқан "тілеулестерге де" рақмет! Әке мен шешенің адал тәрбиесін көрген, ізгі істерімен талай жанның, талай игінің батасын, алғысын алған апам Бақытгүлге бір Алла өзі жар болсын. «Алланың бергеніне қанағат» деген ұяда өскен апамның осы кезге дейін сүйенгені де, сенгені де – бір Алла. Екі баласына, туған-туыстарына көңіл бөлетін уақыты болмай, жауапкершілікпен еңбек еткеніне көбіңіз куәсіз. Әлі-ақ реттелер жағдай. Жығылған кезде жұдырықтамай, сүрінген сәтте сынамай, жай ғана адам болып, тілеулестік танытқан әрқайсысыңызға Алла разы болсын!», - деп жазды Айнұр Хаменова.
Еске сала кетейік, көпшілікке Елбасыға ода арнауымен танылған Бақытгүл Хаменова Атырауда Абайға ескерткіш орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4 миллион 500 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.
Сот күдікті әйелдің қылмыстық қудалау органдарынан жасырынбағанын, бұрын сотталмағанын, жалғыз өзі екі жас баланы тәрбиелеп отырғанын, асырауында қарт анасының барын ескеріп, қамаудан үйқамаққа босатқан болатын.