Еңбек инспекторлары Семейде шыршаны безендіру кезінде биіктен құлаған мұғалімнің ісін тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАРЛЫҚ ШЫҒЫНДЫ КӨТЕРУІ КЕРЕК
Еңбек инспекциясы Семейде шыршаны безендіру кезінде құлаған мұғалімнің ісін тексеруді аяқтады. Тексеріс кезінде мұғалімді шыршаны безендіруге мектеп директоры жібергені анықталған.
Жұмыс берушінің кінәсі 100% құрады. Бұл жерде Айтқалиевтің (мұғалім) түк кінәсі жоқ. Мұғалімге осы уақытқа дейін жоғалтқан жалақының бәрі төленеді. Сондай-ақ, егер ем ақылы негізде жүргізілсе, емдеуге жұмсалған барлық шығындар өтелуі тиіс, - деді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Тоқтарбек Түсіпбаев Semei TV-ге берген сұхбатында.
Істің материалдары полицияға жіберілген. Жұмыс беруші еңбекті қорғау ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылады.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Семейде жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктен құлап, зардап шеккенін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев хабарлаған еді. Министр өзінің Facebook парақшасында жазба жазып, елдің заңнамасын сақтау керектігін ескертті. Сондай-ақ Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және олардың осы іс барысында жарақат алуы – заң бұзушылықтың айқын көрінісі екенін атап өтті. Министр педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп мәлімдеді.
Оқиға жайлы депутат Асхат Аймағамбетов пікір білдіріп, облыс басшылығы бұл жағдайды мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауы керектігін жазды.
Биіктен құлаған мұғалім Қуат Айтқалиев №49 мектепте жұмыс істейді. Мұғалім Семейде тұрады. Қаладағы Шәкәрім университетін бітірген.
Ulysmedia.kz тілшісі мұғалімнің жұбайы Сымбат Аянқызымен тілдесіп, Қуаттың қазіргі жағдайын, оның ісі қалай жүргізіліп жатқанын сұрап білген еді.