×
520.91
544.25
5.29
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
520.91
544.25
5.29

Семейде биіктен құлаған мұғалімнің ісі не болып жатыр – бас прокурор жауабы

Бүгін, 12:54
Семейде биіктен құлаған мұғалімнің ісі не болып жатыр – бас прокурор жауабы
Ulysmedia коллажы

Бас прокурор Берік Асылов Семейде шыршаны безендіру кезінде биіктен құлап жараланған мұғалім Қуат Айтқалиевтің жағдайы, оның ісі жайлы кейінгі мәліметтерден хабардар етті. Мұғалімнің оқиғасына байланысты мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Берік Асыловқа сауал жолдаған еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МҰҒАЛІМНІҢ ЖАҒДАЙЫ

Бас прокурордың берген жауабында қазір жəбірленуші Қуат Айтқалиев емделу мекемесінен шығып, үй жағдайында жалпы практика дəрігерінің емін қабылдап жатқанын айтады. «Жалпы жағдайы тұрақты, оның жағдайы денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында дейді.

КІМГЕ ҚАРАЙ ШАРА ҚАБЫЛДАНДЫ

Шыршаны безендіруге бес мұғалімді заңсыз тартқан мектеп (№19 жəне №40) директорлары (А.А. Жүнісова мен Г.Е. Сүлейменова) тəртіптік жауапкершілікке тартылған. Білім бөлімінің бұйрығымен оларға «сөгіс» жарияланған. Білім бөлімінің басшысы Б. Булабаев қызметінен босатылған. №49 мектеп директоры Г.Т. Тоқтаубаеваның уақытша еңбекке жарамсыз болуына (денсаулығына қатысты) байланысты директордың міндеттері оның орынбасары Н.Д. Құрмановқа жүктелген.

Абай облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті білім беру мекемелерінің басшылары әкімшілік кодекстің 409-бабы 7-3-тармағы 1-тармақшасымен (заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, педагогты кəсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тарту) əкімшілік жауаптылыққа тартқан.

ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫ ТҮСІНДІРДІ

Сондай-ақ, еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізіп, Қ. Айтқалиевтің жарақат алуына жұмыс берушінің толық (100%) кінəсі анықталған. Осыған байланысты тексеру комиссиясы зардап шегушіге əлеуметтік көмек алу құқықтарын түсіндірген.

Жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру актісі тікелей жұмыс берушіге қатысты шара қабылдау үшін (іс жүргізудегі сотқа дейінгі тергеп-тексерумен қатар) қалалық полиция басқармасына жолданған.

МИНИСТРЛІК ЖИНАЛЫС ӨТКІЗДІ
 
Депутаттық сауалды қарау барысында оқу-ағарту министрлігі педагог мəртебесі туралы заңнама талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге бағдарланған.  

Бұл ретте осы оқиға бойынша оқу-ағарту министрі барлық өңірлер білім басқармалары басшыларының қатысуымен аппараттық жиналыс өткізіп, заңнаманы сақтау жөнінде ескертулер мен ұсынымдар берді. Жоғарыда аталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру прокуратураның бақылауында, - дейді Берік Асылов.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Семейде жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктен құлап, зардап шеккенін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев хабарлаған еді. Министр өзінің Facebook парақшасында жазба жазып, елдің заңнамасын сақтау керектігін ескертті. Сондай-ақ Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және олардың осы іс барысында жарақат алуы – заң бұзушылықтың айқын көрінісі екенін атап өтті. Министр педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп мәлімдеді.

Оқиға жайлы депутат Асхат Аймағамбетов пікір білдіріп, облыс басшылығы бұл жағдайды мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауы керектігін жазды.

Биіктен құлаған мұғалім Қуат Айтқалиев №49 мектепте жұмыс істейді. Мұғалім Семейде тұрады. Қаладағы Шәкәрім университетін бітірген.

Ulysmedia.kz тілшісі мұғалімнің жұбайы Сымбат Аянқызымен тілдесіп, Қуаттың қазіргі жағдайын, оның ісі қалай жүргізіліп жатқанын сұрап білген еді.