Президентің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы қызметіндегі Берік Уәли Абай облысын басқаратын болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАРЛЫҚ
- Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалсын, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылсын, делінген хабарламада.
БЕРІК УӘЛИДІҢ ӨМІРБАЯНЫ
Берік Уәли 1977 жылы Семей облысында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын «Кинотанушы», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Журналистика» (магистратура), сондай-ақ Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1997 жылы «Таң» телекомпаниясында «Алматы жаңалықтары» ақпараттық бағдарламасының тілшісі болып бастаған.
1998-1999 жылдары «НТК» телеарнасында «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының шығарушы редакторы, 2000-2007 жылдары «31 канал» телерадиокомпаниясында» «Информбюро» ақпараттық бағдарламасының бас редакторы, «Еркін сөз» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі, «Дода» саяси ток-шоуының бас редакторы әрі жүргізушісі болған. 2007-2012 жылдары – «Хабар» Агенттігі» АҚ Ақпараттық бағдарламалар дирекциясы жаңалықтар қызметінің тілшісі, «Бетпе-бет» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі, 2009-2012 жылдары «Нұр Отан» партиясы «Нұр-Медиа» ЖШС Жемқорлыққа қарсы медиа-орталығының басшысы қызметін атқарды.
2012-2015 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппарат басшысының орынбасары – баспасөз қызметінің жетекшісі, ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы. 2015-2016 жылдары «Нұр-Отан» партиясы төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі, 2016-2018 жылдары инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі, ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры болды. 2017-2018 жылдары «Қазақстан» ұлттық телеарнасы «1-студия» қоғамдық-саяси ток-шоуының жүргізушісі, 2018-2019 жылдары Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне барды.
2019-2022 жылдары президентінің баспасөз хатшысы болып жұмыс істеді. 2022-2023 жылдары «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы болды. 2023 жылғы 12 қыркүйекте Ақордаға қызметке оралып, президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының (2011); «Құрмет» орденінің (2019); президент алғысының (2021); президент әкімшілігінің «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісінің (2022) және 5 мерекелік медальдің иегері.