×
$
456.56
530.52
5.28
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
456.56
530.52
5.28

Экс-министр Руслан Жақсылықов жаңа қызметке тағайындалды

Бүгін, 11:04
Экс-министр Руслан Жақсылықов жаңа қызметке тағайындалды
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанның бұрынғы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов жаңа қызметке тағайындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев оны Қауіпсіздік Кеңесі аппараты басшысының орынбасары етіп тағайындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұған дейін ол Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Тағы кімдер қызметке тағайындалды?

Қауіпсіздік Кеңесі аппараты басшысының бірінші орынбасары болып Нұржан Каджиақбаров тағайындалды.

Ал Геннадий Зуев аппарат басшысының тағы бір орынбасары болды.

Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының басшысы қызметіне бұған дейін Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары болған Мұрат Баймұқашев тағайындалды.

Қорғаныс министрінен Қауіпсіздік Кеңесі аппаратына дейінгі жол

Руслан Жақсылықов 1966 жылы туған. Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, Фрунзе атындағы Әскери академияны және Ресей Бас штабы Әскери академиясының академиялық курстарын тәмамдаған.

Әскери қызметін взвод командирі болып бастаған. Кейін ІІМ Ішкі әскерлерін және Ұлттық ұланды басқарды.

2022 жылғы қаңтарда Жақсылықов Қазақстанның қорғаныс министрі болып тағайындалып, бұл қызметті 2025 жылғы маусымға дейін атқарды.

Ол министр болған кезеңде әскери қызметшілерге қызметтік баспананы тегін жекешелендіруге мүмкіндік берілді, ынтымақты зейнетақы жүйесі қайтарылды, коммуналдық төлемдерге жеңілдіктер енгізілді.

Мерзімді әскери қызметшілерге ҰБТ нәтижесін есепке алмай азаматтық жоғары оқу орындарына түсуге, ал әскери оқу орындарына емтихансыз қабылдануға мүмкіндік берілді.

Сонымен қатар, бұл кезеңде Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің қаза болуы, суицид жағдайлары, әскердегі әлімжеттік туралы шағымдар және жастарды мерзімді әскери қызметке шақыру кезіндегі қатаң тәсілдер үшін жиі сынға ұшырады.

Ресейлік дрондарға қатысты жағдайдан кейінгі отставка

Жақсылықовтың 2025 жылғы маусымдағы отставкасы сол кезеңдегі ең көп талқыланған кадрлық шешімдердің бірі болды.

Оған аз уақыт қалғанда қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов Батыс Қазақстан облысынан табылған ұшқышсыз ұшу аппараттарының 90 пайыздан астамы Ресейдің сынақ полигоны аумағында жатқанын мәлімдеген еді.

– БҚО аумағынан табылған ұшқышсыз ұшу аппараттарының 90 пайыздан астамы Ресейдің 926-ұшу сынақ орталығы полигонының шекарасы ішінде жатыр, – деген еді ол.

Үш күннен кейін Жақсылықов қорғаныс министрі қызметінен кетті.

Сол кезде Ulysmedia.kz оның отставкасына қатысты бірнеше ықтимал себепті қарастырған.

Жақсылықов ұзақ уақыт қызметсіз қалған жоқ. 2025 жылғы 30 маусымда ол Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.