Шығыс Қазақстан облысында 10 тұрғын және 3 тұрғын емес үйдің аула аумақтарын су басты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СЕБЕП – ЖАҢБЫР
30 сәуірде екі күнге созылған мол жауын-шашын қардың жылдам еруіне себеп болып, Бұқтарма өзеніндегі су деңгейінің сындарлы межеден асуына әкелген. Зубовск кентінде жер асты суларының көтерілуі және Поганка өзеніндегі бөгеттердің дренаждық қабілетінің ішінара жоғалуы салдарынан 10 тұрғын және 3 тұрғын емес үйдің аула аумақтарын су басқан.
ТЖД ӘРЕКЕТТЕРІ ҚАНДАЙ
ШҚО ТЖД күштерімен аула аумақтары мен бау-бақшалардан жалпы көлемі 4250 текше метр су сорылып шығарылған. Сонымен қатар, су басудың алдын алу мақсатында 2000 дана инертті материал салынған қап төселді. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың уақтылы және үйлесімді әрекеттерінің арқасында тұрғын үйлерді су басуға жол берілген жоқ.
Бөгетті нығайту үшін 980 тонна тау жынысы жеткізілді, 2000 дана құм салынған қап дайындалып, төселді. Дренаж учаскелерінде ұзындығы 60 метр полиэтилен үлдір бөгеттің ішкі бетіне төселді.
1 мамырда Зубовск кенті ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы тексеріліп, нәтижесінде бөгетті қосымша нығайту жұмыстары жүргізілуде. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде.
СОҢҒЫ МӘЛІМЕТТЕР
Соңғы жедел мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта тұрғын үйлерді су басу қаупі болмауы себепті, халықты эвакуациялау қажет емес. Бұқтарма өзеніндегі су деңгейі 73 см-ге төмендеп, 535 сантиметрге жеткен. Қауіптің шегі еңсерілген.
Су деңгейіне мониторинг тәулік бойы жүргізілуде. Су тасқыны жағдайы өңірлік штабтың тұрақты бақылауында.