×
519.64
609.23
6.62
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
519.64
609.23
6.62

Ұлытауда көпбалалы ана анестезиядан кейін қайтыс болған

Ұлытауда көпбалалы ана анестезиядан кейін қайтыс болған
Ашық дереккөзден

Ұлытау облысы Жаңаарқа кентіндегі аудандық ауруханада төрт баланың анасы анестезия салғаннан кейін қайтыс болды. Әйелдің туыстары оның өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр және бұл ауруханада науқастарға немқұрайды қарау салдарынан бірнеше рет адам өлімі болғанын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОПЕРАЦИЯ АЛДЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

КТК мәліметінше, туыстары 42 жастағы Гүлнұр Жұанышбаеваға аппендицитті алып тастау операциясы жасалуы керек болғанын айтады. Анестезия енгізілгеннен кейін бірден пациентте анафилактикалық шок, артынша кома және ми ісінуі пайда болған. Операция алдында әйелдің қант деңгейінің жоғары екені және қабыну процесі бары анықталған. Алайда, туыстарының айтуынша, оған аллергияға сынама да жасалмаған.

Марқұмның жақындары дәрігерлер Гүлнұрды толық тексерместен наркоз енгізгеніне сенімді.

- Операцияға дейін 4-5 сағат уақыт болды, ол ес-түсінде еді, оны Қарағандыға алып баруға болар еді. Біздің ауруханада ондай мүмкіндік жоқ. КЩС-картридждері жоқ, КТ-аппараты істемейді, натрий хлориді, кальций хлориді секілді қарапайым шығын материалдары да жоқ. Мұның бәрін өздері құжаттарында көрсеткен. Аудандық орталық ауруханада осындай жағдай қалай болуы мүмкін?! Бұл - немқұрайдылық, - дейді марқұмның ағасы Мәқсат Қасқатаев.

ТУЫСТАРЫНЫҢ ТАЛАБЫ

Қайғылы оқиғадан кейін Гүлнұрдың отбасы құжат жинап, қажетті сараптамаларға жолдауда. Жақындары кінәлілердің бәрін жауапқа тартуға ниетті.

АУРУХАНАҒА ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ ҚАЛМАҒАН

Аудандық аурухананың жұмысына жергілікті тұрғындар да наразы. Олар бұл ауруханада емделу аурудың өзінен де қорқынышты екенін айтады.

- Дәл бір жыл бұрын менің ұлым да осы ауруханада аппендицитті алып тастаған соң көз жұмды. Бұл қандай аурухана, қарапайым нәрсені де емдей алмай ма?! Біз бұған дейін де сан мәрте жүгіндік, облыстық денсаулық сақтау басқармасына, министрлікке хат жаздық. Оларға бәрібір. Мына адамның әйелі өлді, баласы диагнозбен туды. Тағы не болуы керек, бұл былықты көру үшін? - дейді ауыл тұрғыны Меруерт Тамабекова.

САЛАДАҒЫ ПРОБЛЕМАЛАР

Тұрғындар білікті мамандардың жетіспеуін айтып шағымданады. Қарапайым кеңес алу үшін де енді Жезқазған немесе Қарағандыға бару қауіпсіз деп санайды. Ал дәрігерлер дәрі-дәрмек тапшылығы мен жабдықтардың бұзылғанына сілтеме жасайды. Халықтың айтуынша, емханада тұрмыстық қиындықтар да көп, дәрілер дұрыс сақталмайды, ал көктемде жансақтау бөлімінде және палаталарда температура 30 градусқа дейін көтерілген.

БИЛІК НЕ ДЕЙДІ

Облыстық билік бұл мәселелерден хабардар екенін айтып, жағдайды реттеуге уәде берді.

- Біз жаңа, жас директор алып келдік. Болашақта мұндай оқиғалар бұл клиникада қайталанбайды деп үміттенеміз. Денсаулық сақтау басқармасы клиниканы ретке келтіру үшін жұмыс істеп жатыр. Қазір кадр мәселесімен айналысып жатырмыз. Екі ай ішінде аурухананы мамандармен толықтыруға тырысамыз, - деді Улытау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Бейсембаев.

ҚЫЗМЕТКЕР ЖҰМЫСТАН ШЕТТЕТІЛДІ

Гүлнұр Жұанышбаеваның өлімінен кейін аурухана директоры, оның орынбасары, хирург және анестезиолог жұмыстан шеттетілді. Әйелдің туыстары дәрігерлерді сотқа беруге ниетті. Гүлнұрдың артында күйеуі мен төрте бала қалды, олардың кенжесі небәрі үште.

Серіктес жаңалықтары