×
541.93
636.71
6.83
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.93
636.71
6.83

Ұлытау облысының әкімі көпбалалы ананы сотқа беріп, 495 мың теңге айыппұл салдырған

24.07.2025, 16:35
Ұлытау облысының әкімі көпбалалы ананы сотқа беріп, 495 мың теңге айыппұл салдырған
Ulysmedia.kz коллажы

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рысбек көпбалалы ананы сотқа беріп, 495 мың теңге айыппұл салдырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Жергілікті тұрғын Әсем Айтмағамбетова өңірдегі проблемалар туралы видео түсіріп, TikTok-тағы парақшасына салып отырады. Мысалы әлеуметтік желідегі видеоларының бірінде Әсем Жезқазғандағы облыстық көпсалалы аурухананың жағдайын көрсетті.

- Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы жемқорлықтан әлем бойынша гран при алып отыр!, дейді видеода жергілікті белсенді. 

Белсендінің бұл видеосына денсаулық сақтау басқармасы жауап берген. 

- «Жезқазған қаласының облыстық көпбейинді ауруханасы» ШЖҚ КМК күрделі жөндеу өткізіледі. Ұлытау облысы әкімдігі мен мәслихатының қолдауымен тісті қаражат бөлінген. Күрделі жөндеу көлеміне аурухана жанында орналасқан ғимараттар да кіреді. Бүгінгі күнге конкурс өтті, тапсырыс орындауы анықталды. Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың 01 маусымнан басталады, – делінген жауапта.

СОТ, АЙЫППҰЛ

Әсем Айтмағамбетованың үстінен жергілікті билікті сынағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Ол TikTok-та Дастан Рысбектің атын атап, басшылықты жемқор деп сынағаны үшін «жала жабу» бабымен айыпталды.

Сот оны ірі көлемде айыппұл төлеуге міндеттеді. Яғни сот шешімімен Айтмағамбетоваға 495 000 теңге айыппұл салынған. 

Қазіргі уақытта Әсем оқырмандарынан көмек сұрап, айыппұл сомасын жинап беруді сұрап отыр. 

ҚЫСЫМ

Әсем Айтмағамбетованың сөзінше, қазіргі уақытта өзі және отбасына қысым көрсетіліп жатыр. 

- Түрлі қоңыраулар түсіп жатыр. Ұлытау облысының әкімі Дастан Рысбек Жезқазғанның жемқорлыққа байланған жүйесін, қираған үйлерін, инфекция, сап-сары, ішуге жарамсыз суды, жол жоқтығын, медицина жоқтығын, қираған ауруханалар, XXI ғасырға сай емес, инфрақұрылымнан қалып кеткен, дамымай, қоқыс полигонына айналған қаланы көрсеткенім үшін заңсыз сот, заңсыз сараптама жасатты. 4 шілде күні Ұлытау облысының әкімі Дастан Рысбекті қолдайтын судья біртарапты шешім шығарып, 500 мың теңге айыппұл салды, – дейді Әсем. 

Ол апелляциялық сотқа шағымданғанымен үкім бұрынғы күйінде қалған. 

- Қазіргі таңда жоғарғы сотқа шағымдануым үшін адвокаттардан қолдау керек, – дейді Әсем. 

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ

Бұл жайтқа қатысты Ұлытау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Еркеназ Оспанбекова пікір білдірді. 

- Әсем ханымның тарапынан Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлын негізсіз қаралау, жеке суретін пайдаланып балағат сөздер қолданып ар-намысына тиген жазбалары болды, көз жеткізбей жала жауып, жемқорлыққа айыптаған жазбалары шықты. Әкім кездесуге талпынып, қабылдауға ниеттенгенімен ол кісі қарсылық білдірді, есесіне жазбаларын жиілетті. Әкім болсын, басқа болсын азамат ретінде жеке басын қорғауға құқылы ғой, – дейді Оспанбекова. 

Серіктес жаңалықтары