Қарағанды облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігерлері бір жарым жасар баланың өмірін аман алып қалды. Бүлдіршін ішінің қатты ауырғанын айтып жылаған соң, ата-анасы дереу дәрігерлердің көмегіне жүгінген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
КТК мәліметінше, тексеру барысында оның асқазанында бір-біріне тізбектеліп тұрған 12 магнит шарик бары анықталған. Мамандардың айтуынша, сырт көзге жай ғана ойыншық болып көрінетін мұндай магниттер балалар ағзасына түскенде бір-біріне жабысып, ішкі тіндерді қысып, жарақаттауы мүмкін.
Балаға жедел ота жасалып, барлық магнит алынып тасталды. Дәрігерлердің сөзінше, қазір оның жағдайы тұрақты, жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылған.
- Шұғыл операция кезінде барлық магнит алынды. Қазір науқастың жағдайы тұрақты. Осы орайда ата-аналарға ескерткім келеді: дүкендерден мұндай магниттерді сатып алмау қажет, себебі ол балалардың денсаулығына айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін, – деді балалар хирургі Бейбіт Бердібеков.