ҚМА Абай облысы бойынша департаменті балалар шығармашылығын дамытуға арналған «Damu Bala» платформасы арқылы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТЕРГЕУ
Тергеу барысында анықталғандай, «SAMGAU өнер&спорт мектебі» ЖШС директоры шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру бағдарламасын пайдалана отырып, балалардың сабаққа қатысуы жөнінде жалған мәліметтер ұсынған.
Шындыққа жанаспайтын жалған мәліметтері бар ай сайын тапсырылатын есептер негізінде уәкілетті орган тарапынан жұмыс істемейтін үйірмелерге мемлекеттік қаржы бөлініп отырған.
Есеп құжаттарында көрсетілген кейбір балалар шын мәнінде сабақтарға қатыспаған, тіпті кейбіреуі өздерінің бұл бағдарламаға «қатысушы» ретінде тіркелгенінен мүлдем бейхабар болған.
МЫСАЛЫ
Мәселен, бір бала Алматы облысында тұратынына және ешбір үйірмеге қатыспайтынына қарамастан, Абай облысында бейнелеу өнері үйірмесінің қатысушысы ретінде тіркелген.
Тергеу барысында мемлекетке келтірілген 23 млн теңге залал күдікті тарапынан толық өтелді. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.