×
515.02
604.22
6.5
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
515.02
604.22
6.5

Арыстағы жарылыстан кейін бүлінген үйлер қирай бастаған

Бүгін, 09:13
Арыстағы жарылыстан кейін бүлінген үйлер қирай бастаған
Видео кадры

Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындар наразылық білдірді. Жарылыс салдарынан зақымданған үйлерді қалпына келтіру жұмысына көңілі толмаған жұрт мердігер компанияның сапасыз жұмыс атқарғанын айтып отыр. Олардың айтуынша, құрылысшылар баспаналарды үстірт жөндеп, кеткен. Соның кесірінен кей үйлердің іргетасы отырып, қабырғалары қайтадан жарылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тұрғындардың мәліметінше, бүгінде жарамсыз күйге түскен үйлердің саны жүзден асады. Информбюро мәліметінше, Арыс тұрғыны Темірхан Қанжігітов қабырғалардағы сызаттар сол алапат жарылыстың ізі екенін айтады. Оның сөзінше, құрылысшылар кеткелі бері үйі қайтадан қирай бастаған. Үнемі үрей құшағында өмір сүріп жатқан отбасы баспанасының тұруға жарамсыз екенін дәлелдей алмай, тығырыққа тірелгенін жеткізді.

- Екі жұмысшы жіберген. Не қыл дейсіңдер десем тамды қысамыз дейді. Ей сендер тамды қысып ақымақсыңдар ма? Там қышқа там қысылмайды ол бетон тамдарға қысылады десем көнбеді. Қазір соттасқаныма үш жыл болды. Ешқандай нәтиже жоқ. Мердігер компаниялардың жұмысына көңілі толмаған төрт жүзге жуық отбасы бар екен. Олар үйіміздің жөнделгені мүлдем білінбейді деп күйінеді. Бірі есік-терезені дұрыс салмады десе, енді бірі апатты үйді бұзудың орнына жамап-жасқап кетті деп отыр, – дейді Арыс қаласының тұрғыны Темірхан Қанжігітов.

- Біз жарылыстан кейін, Шымкент қаласынан келгеннен кейін терезелер сыртта жатыр. Оның орнына терезе салып берді. Бергенін қайтейін откос, моткос сыланып ешқандай жұмыс істелінген жоқ бұл жерде. Оның үстіне мына жер екі дуал арғы жағынан күн көрініп тұр, – дейді тағы бір тұрғын Ақжол Исмаилов.

БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Арыс қаласы әкімдігінің мәліметінше, қала аумағы 17 секторға бөлініп, қайта қалпына келтіру жұмыстары толық көлемде жүргізіліпті. Нәтижесінде 8637 тұрғын үйдің 7386-ы жөндеуден өтіп, 477 тұрғын үй қайта салынған. 

- Сонымен қатар, төтенше жағдайда зардап шеккен 62 610 тұрғынға мемлекет тарапынан 100 мың теңгеден жалпы сомасы 6 миллиард 261 миллион теңге көлемінде материалдық көмек төленді. Әкімдік өкілдері жөндеу жұмыстарына көңілі толмаған тұрғындар екі мәрте сотта жеңілгенін жеткізді. Сондықтан халыққа кассацияға шағымдануға кеңес береді, – дейді әкімдік өкілдері. 

КОНТЕКСТ

Айта кетейік, 2019 жылдың маусымында Түркістан облысындағы Арыс қаласында әскери бөлім аумағындағы оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс тіркелген. Салдарынан төрт адам қаза тауып, қуатты дүмпу сегіз мыңнан астам тұрғын үйге зақым келтірді. Ресми мәліметтерге сәйкес, сол кезде билік өкілдері зардап шеккен тұрғындарға мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетілгенін мәлімдеген болатын.

Серіктес жаңалықтары