Тура бір жыл бұрын, 25 желтоқсанда Ақтау маңында AZAL — Әзербайжан әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Әлеуметтік желілерде қайғылы оқиға орнынан түсірілген қорқынышты кадрлар әп-сәтте тарады. Ұшақ бортында болған 67 адамның 29-ы ғана аман қалған. Қалғандары, соның ішінде ұшқыштар да, қаза тапты.
Оқиға куәгерлері мен жолаушылардың туыстары сол күннің қаншалықты ауыр әрі ұзақ өткенін әлі күнге дейін еске алады. Жедел жәрдем көліктері бірінен соң бірі зардап шеккендерді — бірін ауруханаға, бірін мәйітханаға алып кетіп жатты. Ал олардың туыстары апат жайлы бірнеше сағаттан кейін ғана естіген.
Сол уақытта Ақтау облыстық ауруханасының алдына жүздеген адам жиналды. Олардың барлығы «сіздің жақыныңыз тірі» деген бір ғана жылы сөзді естігісі келді. Алайда сол күні бұл сөзді Сәндібек Төлесіновтің отбасына есту бұйырмады.
— Маған інілерім хабарласып, Сәндібек мінген ұшақтың құлағанын айтты. Біз бірден Ақтауға жолға шықтық. Ауруханаға келгенде аман қалғандардың ішінде екі қазақ бар екенін естідік. Солардың бірі бауырым шығар деп үміттендік. Бірақ кейін ол екеуінің басқа ұлт өкілдері екені белгілі болды. Артынша әкімдіктен келген адам көңіл айтып, ұшақтағы қазақтардың ешқайсысы тірі қалмағанын жеткізді… — деп еске алады марқұмның әпкесі Күләш Төлесінова.
Отбасы трагедиясы
Осыдан кейін отбасы үшін ең ауыр кезең басталған – мәйітханадағы тану рәсімі. Күләштің айтуынша, бауырын тану қиын болған, денесі қатты күйіп кеткен. Сәндәбектің артында жұбайы мен үш кәмелетке толмаған баласы қалды. Ол отбасының жалғыз асыраушысы болған.
Мемлекет пен марқұм жұмыс істеген компания қаржылай көмек көрсеткен. Жуырда 18 жасқа толған үлкен ұлы мұнай компаниясына жұмысқа тұрған. Алайда, Күләштің айтуынша, ешқандай қолдау қайғыны өтей алмайды.
Дипломатиялық дағдарысқа ұласқан трагедия
Бұл әуе апаты ондаған отбасының тағдырын ғана емес, Әзербайжан мен Ресей арасындағы соңғы жылдардағы ең ауыр дипломатиялық дағдарыстың басталуына себеп болды.
Апаттан кейін көп ұзамай ресми нұсқалар бір-біріне қайшы келе бастады. Алғашында «техникалық ақау» немесе «құстармен соқтығысуы мүмкін» деген тұжырымдар айтылды. Алайда тергеудің алғашқы күндерінде-ақ Әзербайжан тарапы бұл нұсқаларға күмән келтірді.
Ұшақтың сыртқы қаптамасынан табылған ондаған тесік апаттық қонуға немесе жерге соғылу салдарына ұқсамаған. Кейінірек әуе кемесінің корпусынан металл фрагменттер анықталды. Сарапшылардың айтуынша, олар зақымдаушы оқ-дәрі сынықтарына тән белгілерге ие болған.
Желтоқсан айының соңында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ұшақ Ресей әуе кеңістігінде жерден атылған қарудың салдарынан зақымданғанын мәлімдеді. Ол Мәскеуден жауапкершілікті мойындауды, кінәлілерді жазалауды және қаза тапқандардың отбасына өтемақы төлеуді талап етті.
Ресей тарапы апатқа қатысты мүлде қарама-қайшы ұстанымда болды. Владимир Путин көңіл айтып, «қайғылы оқиға» үшін кешірім сұрағанымен, ұзақ уақыт бойы әуе кемесінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесімен зақымданғанын ресми түрде мойындамады. Кремль «тергеудің түпкілікті қорытындысын күту қажет» деген ұстанымды ұстанды.
Әуе қорғаныс жүйесінің ізі және айғақтар
Тергеудегі бетбұрыс халықаралық сараптама нәтижелерінен кейін болды. Ұшақтың қара жәшіктері Бразилияға — Embraer өндірушісінің және тәуелсіз авиация сарапшыларының қатысуымен зерттеуге жіберілді. Сонымен қатар, Әзербайжан тарапы ұшақ қаптамасынан алынған фрагменттерді талдауды ұсынды.
2025 жылдың басында БАҚ-та металл бөлшектердің бірі «Панцирь-С» әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің зымыранына тиесілі екені анықталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл мәліметтер ресми қорытынды ретінде жарияланбаса да, апаттың саяси салмағын түбегейлі өзгертті.
Дипломатиялық салқындық пен тұтқындаулар
Жазға қарай дағдарыс шеңберден шығып кетті. Ресейде, соның ішінде Екатеринбургте, әзербайжан азаматтарды жаппай ұстау басталды. Екі ұсталған адам көз жұмды. Баку бұл әрекеттерді адам құқықтарының өрескел бұзылуы деп атап, түсініктеме беруді талап етті.
Осыдан кейін көп ұзамай, Әзербайжанда елде аумағында жүрген Ресей азаматтарын ұстады. Өзара ноталар, дипломатиялық демарштар мен іс-шаралардың күшін жою басталды. Сарапшылар мұны екі ел арасындағы соңғы он жылдағы ең терең дағдарыс деп бағалады.
Он айдан кейінгі мойындау
Тек қазан айында, апаттан кейін он ай өткен соң Владимир Путин Әзербайжан ұшағының ресейлік әуе қорғаныс жүйелерімен кездейсоқ зақымданғанын ашық мойындады. Ол Ильхам Әлиевтен ресми түрде кешірім сұрап, өтемақы мен құқықтық салдарды талқылауға дайын екенін мәлімдеді.
Алайда бұл мойындау қаза тапқандардың отбасылары үшін тым кеш болды.
Тергеу неге ұзаққа созылып жатыр?
Тергеу әлі де жалғасуда. Кінәлі кім, бұйрықты кім берді, неге азаматтық ұшақ әскери жүйелер әрекет ететін аймаққа түсті? Бұл сұрақтар әлі жауапсыз.
Ulysmedia.kz Қазақстанның көлік министрлігі мен Бас прокуратурасына ресми сауал жолдады. Ведомстволар әзірге тергеу барысына қатысты мәліметтерді жариялай алмайтынын хабарлады. Алайда көлік министрлігі трагедияның жылдығына орай аралық есеп жарияланатынын мәлімдеді.
Сарапшы пікірі
Авиация саласының сарапшысы Абыл Кекілбаевтың айтуынша, әуе апаттарын тергеу әсіресе сыртқы ықпал күдігі болған жағдайда аса сақтықты талап етеді.
— Егер бұл әскери жүйелердің әсері болса, басты сұрақ — олар нысанның азаматтық екенін білді ме? Әуе қорғанысы жүйелерінде «өзіміз — бөгде» тану жүйесі бар. Азаматтық ұшақтың қалайша қате қабылданғанын анықтау қажет. Бұл адам факторы, техникалық ақау немесе деректердің бұрмалануы болуы мүмкін, — дейді ол.
Сарапшының айтуынша, мұндай істер техникалық шеңберден шығып, әскери-саяси салдарға әкеледі. Сондықтан ресми органдар түпкілікті есеп шыққанға дейін қатаң тұжырымдардан қашады.
— Тергеудің негізгі мақсаты — кінәлілерді жазалау емес, себептерді анықтап, мұндай апаттардың қайталанбауына жол бермеу, — деп түсіндіреді Кекілбаев.
Ол экипаждың кәсібилігін ерекше атап өтті.
— Ұшақтың бір сағатқа жуық әуеде қалып, Ақтау маңына жетуі — экипаждың жоғары шеберлігінің дәлелі. Командир әуежайды жақсы білді, бірнеше мәрте қонуға талпынды. Олар барынша көп адамның өмірін сақтап қалуға тырысты, — дейді сарапшы.