Ақтауда қазақ-қытай компаниясының шамамен 650 қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкін, олар видеоүндеу жариялап, әлеуметтік әділетсіздікке назар аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Маңғыстау облысында еңбек дауы ушығып барады. Ақтаудағы «Ұлы Қабырға» қазақ-қытай компаниясында шамамен 650 жұмысшы қызметінен босатылуы мүмкін. Әңгіме 10–20 жылдық еңбек өтілі бар, ұзақ жылдар бойы қауіпті бұрғылау өндірісінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз еткен мамандар туралы болып отыр. Кәсіпорын қызметкерлері видеоүндеу жазып, компания басшылығы тұрақты кадрларды аутстаффинг тетігі арқылы уақытша жұмыс күшімен алмастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Жұмысшылардың айтуынша, қысқартуға өндіріс нысанының ерекшелігін, тәуекелдерін жақсы білетін, мол тәжірибесі бар қызметкерлер ілінбек.
Қауіпті нысан — уақытша кадрлар
Аутстаффингті бұрғылау өндірісінде қолдану жоспарланып отыр. Жұмысшылар мұндай нысандарға уақытша қызметкерлерді тарту апаттар мен өндірістік жарақат алу қаупін арттырып, өңірдегі әлеуметтік шиеленістің күшеюіне әкелуі мүмкін екенін ескертіп отыр.
Адамдар жағдайға араласуды сұрайды
Үндеу авторлары уәкілетті мемлекеттік органдар мен қоғам тарапынан жауап болады деп үміттенеді. Олар мәселе тек жұмыс орындары туралы ғана емес, өндіріс қауіпсіздігі мен Маңғыстау облысындағы жүздеген отбасының тағдырына тікелей қатысты екенін атап өтті. Қазіргі уақытта компания тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.