"Қазақстан парахоккей федерациясы" филиалының Атырау қаласы бойынша бірлестігінің директоры Әнуар Басар Атыраудағы пандустарға қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның сөзінше, қаладағы пандустардың “аты бар, заты жоқ”.
- Атырауда пандустарды кім тексеріп отыр? Қалада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар көп жерде бар сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде олардың көбі тек “галочка үшін” жасалған. Арбадағы адам ол пандуспен көтеріле де, түсе де алмайды. Бұл шынайы жағдай. Сонда сұрақ туады: осының бәрін кім қабылдап алды? Кім тексерді?, – дейді Әнуар Басар.
Ол қалада ғимараттардың құрылыс нормаларына сай болуын бақылау мемлекеттік сәулет құрылыс бақылауы органының міндеті екенін атап өтті.
- Пандус та сол норманың ішінде. Егер пандус талапқа сай болмаса, нысанды қабылдамау керек еді. Айыппұл салу керек еді. Бірақ Атырауда қарасаңыз, стандартқа сай келмейтін пандустар толып тұр. Бұл нені білдіреді? Әлде тек қағаз жүзінде бәрі дұрыс па?, – дейді ол.
Сондықтан Әнуар Басар бірнеше ұсыныс жасады.
- Бір күнге қала әкімдері мен орынбасарлары арбаға отырып, осы пандустармен мініп түсіп көрсін. Сонда ғана мүмкіндігі шектеулі жандардың қандай қиындық көріп жүргенін түсінеді. Ал талапқа сай емес пандус жасаған нысандардың барлығын толық тексеріп, басшыларына айыппұл салу керек. Өйткені қолжетімді орта жай есеп үшін емес, адам үшін жасалуы тиіс. Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандар да еркін жүретін қала болуы керек, – дейді Басар.