×
$
447.52
€
502.21
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.52
€
502.21
₽
5.41

Ақылды бағдаршам, ЖИ-дәрігер, күзетші дрондар: Шымкентте цифрландыру қалай жүріп жатыр

Бүгін, 10:50
Ақылды бағдаршам, ЖИ-дәрігер, күзетші дрондар: Шымкентте цифрландыру қалай жүріп жатыр
фото: ЖИ/Ulysmedia.kz

Шымкентте жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қала өміріне енгізу жұмыстары бірнеше бағытта қатар жүріп жатыр. Мектептерде биометриялық сәйкестендіру жүйесі іске қосылып, емханаларда ЖИ дәрігерлерге диагноз қоюға көмектесіп жатыр. Қоғамдық қауіпсіздік, жол қозғалысы, экология және мемлекеттік басқару салалары да цифрлық шешімдермен қамтылуда. Қалада қолға алынған осы бастамалар мен жаңа технологиялардың мүмкіндіктері 17 қарашада өтетін Shymkent AI Forum аясында да назарға ұсынылады. Цифрландыру күніне орай ұйымдастырылатын форум IT мамандарын, кәсіпкерлер мен стартап өкілдерін бір алаңға жинамақ.

SHYMKENT AI FORUM: ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР МЕН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

17 қарашада Цифрландыру күніне орай Шымкентте Shymkent AI Forum өтеді. Іс-шара IT саласының мамандарын, кәсіпкерлерді, стартап командаларын, студенттерді және жаңа технологияларға қызығатын қала тұрғындарын біріктіреді.

Форумның басты мақсаты – жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін таныстыру, тәжірибе алмасу, жаңа жобаларды көрсету және технологиялық қауымдастықтың дамуына жол ашу.

Бағдарлама аясында бірнеше панельдік сессия ұйымдастырылады. Қатысушылар жасанды интеллект пен машиналық оқытудың болашағын, ЖИ дәуірінде стартаптарды дамытуды, инвестиция тарту мен жобаларды кеңейтуді талқылайды. Сондай-ақ медицинадағы цифрлық шешімдер мен MedTech бағытындағы жаңалықтарға назар аударылады.

Форумның Startup Alley аймағында технологиялық жобалар, жаңа өнімдер мен дайын шешімдер таныстырылады. Қонақтар стартап өкілдерімен кездесіп, олардың әзірлемелерімен жақынырақ таныса алады. Ал Robo Zone алаңында робототехника, FPV-дрондар мен инженерлік жобалар көрсетіледі. Game Zone аймағында PlayStation 5, виртуалды шындық құрылғылары мен ретро-консольдер ұсынылады.

Бұдан бөлек, форум аясында MedTech Startup Battle байқауы өтеді. Медицина және денсаулық сақтау саласында жұмыс істеп жүрген стартаптар өз жобаларын сарапшыларға таныстырып, 1 миллион теңге көлеміндегі жүлде қоры үшін бақ сынайды.

Форумның тақырыбы кездейсоқ таңдалмаған. Қазір жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер тек IT компанияларының жұмысына ғана емес, қаланы басқару жүйесіне де еніп жатыр. Шымкентте де бұл бағытта бірқатар жоба жүзеге асырылып, кейбірі сынақтан өтіп жатыр.

МЕКТЕПТЕГІ ҚАУІПСІЗДІКТІ БАҚЫЛАЙТЫН ЖҮЙЕЛЕР

Шымкентте цифрландыру жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі – білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін күшейту және мектептердегі күнделікті процестерді автоматтандыру.

Мәселен, қалада оқушыларды алақанындағы қан тамырларының суреті арқылы танитын отандық «Alaqan» биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізіліп жатыр. Жоба 2024 жылы әкімдік ғимаратында, Shymkent HUB орталығында, №140 жалпы білім беретін мектеп пен №65 мектеп-гимназияда пилоттық режимде сыналған.

Биыл тамыздан бастап жүйе 100 мектепке енгізілді. Онда 118 357 оқушы тіркелген. Оның 101 346-сын ата-аналары тіркеген, ал мектептердің өзінде 68 531 оқушының жүйесін іске қосу жұмыстары жүргізілген. Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан оқушылар саны – 30 930.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған тағы бір жоба – «Айқын» кешені. Ол мектептердегі бейнебақылау камераларын, турникеттерді, өрт дабылы жүйесін және Face ID технологиясын бір жүйеге біріктіруді көздейді.

2025 жылы 147 мектепке шамамен 10 мың бейнебақылау камерасын орнату, 110 мектепке аппараттық кешен енгізу жоспарланған. Жоба аясындағы жұмыстар 136 мектептің ішкі инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.

Бұдан бөлек, мектептердегі қауіп-қатердің алдын алу үшін Protector AI бейнеаналитика жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Ол №23 мектеп-лицейге пилоттық режимде орнатылған. Жүйе жұмысы барысында 34 ықтимал қауіп анықталған.

Террористік тұрғыдан осал нысандарды автоматтандырылған жүйе арқылы бақылау жобасына да білім беру ұйымдары қосылған. Қазір оған 10 мектеп қосылған. Олардың қатарында №72, №66, №116, №87, №147, №136, №24 және №84 жалпы білім беретін мектептері, сондай-ақ №1 және №47 мектеп-гимназиялары бар.

Осылайша, мектептердегі цифрландыру тек оқушыларды тіркеумен шектелмей, ғимараттың қауіпсіздігін бақылау, ықтимал қатерлерді анықтау және түрлі инженерлік жүйелердің жұмысын бір орталықтан қадағалау бағытында да дамып келеді.

ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ЖИ-КӨМЕКШІЛЕРІ

Жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары денсаулық сақтау саласында да қолға алынған. Қаладағы медициналық ұйымдарда дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, науқастарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған бірнеше жоба сынақтан өтіп жатыр.

Соның бірі – PULS AI интеллектуалды көмекшісі. Жүйе дәрігерлерге диагнозды нақтылауға және емдеу тәсілін таңдауға көмектесуге арналған. Биыл тамыздан бастап жоба 13 мемлекеттік емханада пилоттық режимде іске қосылған.

Ал «ЖИ-терапевт» жүйесі науқастың жағдайын автоматты түрде бағалап, медициналық көмек алу үшін қайда жүгіну керектігі жөнінде ұсыныс береді. Бұл жобаны енгізу аясында №4 және №8 қалалық емханалардың қызметкерлері оқытылып, пилоттық жұмыстар басталған.

Медицинадағы тағы бір маңызды бастама – Cerebra AI жүйесі. Ол компьютерлік томография суреттерін талдау арқылы инсультті ерте анықтауға арналған. Жүйе №1 және №2 қалалық емханаларда пилоттық режимде сәтті енгізілген. Биыл төртінші тоқсанда оны «Хадиша клиник» көпбейінді клиникасында іске қосу жоспарланған.

Денсаулық сақтау ұйымдарында пациенттермен байланысты жақсарту үшін жасанды интеллект негізіндегі автоматты қоңырау шалу жүйесі де сынақтан өтіп жатыр. №4 және №8 емханаларда қызметкерлерге арнайы оқыту жүргізіліп, жобаны пилоттық енгізу басталған.

Сонымен қатар №2 қалалық емханада кадрлық құжаттарды электронды форматта жүргізуге арналған HR-process жүйесі орнатылған. Онда бөлімшелер мен қызметкерлердің жұмыс кестесі реттеліп, QR-кодтар, жұмыс уақытын есепке алу және кешігуді бақылау функциялары енгізілген.

КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫ МЕН ҚАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ

Шымкентте цифрлық технологиялар жол қозғалысын реттеу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де қолданылып жатыр.

Қаладағы 317 көше қиылысында ITS интеллектуалды көлік жүйесі іске қосылған. «Ақылды бағдаршам» деп аталатын бұл жүйе бағдаршам жабдықтарының жұмысын тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Қандай да бір ақау туындаса, тиісті қалалық қызметтерге жедел ақпарат беріліп, мәселені уақытылы шешуге жағдай жасалады.

Жолдардың сапасын бақылауға да жасанды интеллект тартылмақ. Бұл бағытта «Қазақтелеком» АҚ-пен меморандумға қол қойылған. Жоба жол жабынының жағдайын автоматты түрде талдауға арналған. Пилоттық сынақ үшін №138 автобус таңдалып, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қоғамдық қауіпсіздікке қатысты тағы бір бастама – Ұлттық бейнебақылау жүйесі. Ол мемлекеттік органдардың, инфрақұрылым нысандарының және жеке сектордың камераларын бірыңғай жүйеге біріктіруді көздейді. Негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау мен қауіпсіздікті күшейту. Пилоттық жобаны іске қосу «Қазақтелеком» АҚ-ты жүйенің ресми операторы етіп тағайындағаннан кейін жоспарланған.

Бұған қоса, «Қазақтелеком» АҚ Шымкентке «Бірыңғай дрон инфрақұрылымы» жобасы аясында бес дрон жеткізбек. Олар құрылыс нысандарын, контейнерлік алаңдарды, қоғамдық кеңістіктер мен жеке секторды бақылауға пайдаланылады. Сондай-ақ заңсыз құрылыс пен өрт фактілерін анықтап, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Дрондарды Тәуке хан даңғылы, 6, Qyzgaldaq saraiy, Алатау батыр көшесі, 101/1, Ақбосаға, 5, Достық шағынауданындағы ОПЧ-1 және Нұрсат тұрғын алабы, 119 мекенжайларында орналастыру көзделген.

ҚОҚЫС АЛАҢДАРЫ МЕН ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ТЕ ЦИФРЛЫҚ ЕСЕПКЕ АЛЫНАДЫ

Цифрландыру жұмыстары қаланың тазалығы мен экологиялық жағдайын бақылау саласына да жеткен. Қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдарды бақылау үшін Ж.Төлепов көшесі, 88-үйге бейнекамера орнатылған. Сонымен қатар осы мекенжайда, Мангельдин көшесі, 44-үйде және Измир көшесіндегі контейнерлік алаңдарға QR-кодтары бар тақтайшалар қойылған.

Жүйе арқылы үш бағытта талдау жүргізіледі. Біріншісі – контейнерлердің қаншалықты толғанын бақылау. Екіншісі – өрт қауіпсіздігін қадағалау. Үшіншісі – қоқысты белгіленбеген жерге тастау фактілерін анықтау.

Ал қаладағы жасыл желекті есепке алу және ағаштардың заңсыз кесілуіне жол бермеу үшін zhasylshym.kz платформасы әзірленген. Онда өсімдіктердің 250 түрі туралы мәлімет енгізілген. Платформа дерегіне сәйкес, Шымкентте барлығы 443 816 жасыл желек бар.

Қаладағы коммуналдық инфрақұрылымды бақылауға арналған тағы бір жоба – Art code. Жасанды интеллект технологиясына негізделген жүйе жылу желілерінің ішкі жағдайын құбырдың ішінен тексеруге арналған. Қазір жоба қаланың жеті мекенжайында пилоттық режимде іске қосылған.

Сондай-ақ тұрғындарға жерлеу қызметтеріне онлайн тапсырыс беруді жеңілдететін Jerleu платформасы әзірленіп жатыр. Қазір жерлеу орындары цифрлық картаға енгізіліп, пайдаланушыларды оқыту және нысандарды есепке алу жұмыстары жүргізілуде.

МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕРДЕГІ ЖИ-АГЕНТТЕР

Мемлекеттік органдардың ішкі жұмысын оңтайландыру, құжат айналымын жеделдету және басқару процестерін автоматтандыру бағытында да елеулі өзгерістер бар. Мәселен, жергілікті атқарушы органға қарасты 117 ұйым Documentolog бұлтты құжат айналымы жүйесіне қосылған. Жоба құжаттарды өңдеу уақытын қысқартып, мекемелер арасындағы жұмысты бір орталықтан жүргізуге мүмкіндік береді. Келесі жылы жүйеге ведомстволық бағынысты барлық мекемені қосу жоспарланған.

Кадрлық процестерді автоматтандыру үшін «Бірыңғай кадрлық жүйе» де енгізіліп жатыр. Қазір оған 53 бағынысты ұйым қосылған. Қалған мекемелерді алдағы үш жыл ішінде толық қамту көзделген.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын жеңілдету үшін ЖИ-агенттерді енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл цифрлық көмекшілер азаматтардың өтініштері мен хаттамалық тапсырмаларды өңдеуге, қала әкімінің аралау кезінде берген тапсырмаларын автоматты түрде тіркеуге және олардың орындалуын бақылауға арналған. Бұдан бөлек, аудиожазбаларды мәтінге айналдыру функциясы да қарастырылған.

Ал коммуналдық кәсіпорындардың жұмысында цифрлық комплаенс-ассистент жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Ол «Қуатжылуорталық-3» МКК-да пилоттық режимде енгізілген. Жүйе контрагенттермен келісімшарт жасасу кезінде 63 тәуекелді анықтаған. Осыған байланысты 21 қызметкермен және контрагентпен сұхбат жүргізіліп, оқыту ұйымдастырылған. Кәсіпорынға тәуекелдерді азайту жөнінде 84 ұсыныс берілген. Оның 27-сі бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Тұрғындардың өтініштерін жедел өңдеуге арналған Jardem 109 жобасы да дамып келеді. Оның аясында жиі қойылатын сұрақтарға жауап беретін база жасақталған. Қазір оған электрмен жабдықтау, төтенше жағдайлар, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және басқа да өзекті мәселелер бойынша ең жиі қойылатын 10 сұрақ енгізілген.

Бұдан әрі қызметтерді автоматтандыру үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта «Қазақтелеком» АҚ тарапынан орталық операторларына SIM-карталар беру мәселесі қарастырылуда.

АЛДА ТАҒЫ ҚАНДАЙ ЖОБАЛАР БАР?

Шымкентте цифрлық технологияларды қалалық инфрақұрылымға енгізу жұмыстары мұнымен аяқталмайды. «Қазақтелеком» АҚ-пен жасалған меморандум аясында энергетика мен экология салаларында да жаңа жобалар қарастырылған.

Соның бірі – автоматтандырылған энергия есептеу жүйесі мен «ақылды» есептегіштерді енгізу. Бұл бастама энергия тиімділігін арттырып, коммуналдық ресурстарды басқаруды автоматтандыруға бағытталған. Пилоттық жоба үшін Нұрсат шағынауданындағы №158 тұрғын үй таңдалған. Қазір ондағы есептеу құралдарының жай-күйі зерделеніп жатыр.

Экологиялық жағдайды бақылау үшін қала аумағына IoT датчиктерін орнату жоспарланған. Олар ауа сапасы мен қоршаған орта жағдайы туралы мәлімет жинауға мүмкіндік береді. Қазір экология саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, қандай көрсеткіштер бақыланатыны анықталып жатыр.

Осы жобалардың барлығы Шымкентте цифрландыру жұмыстарының бір ғана саламен шектелмейтінін көрсетеді. Білім беру мен медицинадан бастап, жол қозғалысы, экология, коммуналдық қызметтер және мемлекеттік басқаруға дейінгі бағыттарда жаңа технологияларды қолдану көзделген.

Сізге қызық болуы мүмкін