Жылыту маусымы шенеуніктердің құрғақ есебі мен жылу электр орталықтарын (ЖЭО) аралап шығудан тұрмайтынына төрт жыл бұрын көзіміз жеткен. Бұл – кез келген қателіктің соңы ауыр зардапқа ұласуы мүмкін күрделі кезең. 2022 жылдың қарашасында Риддердегі ЖЭО-да ірі апат болды. Арада бірнеше апта өткенде Екібастұздың жылу желілері жаппай қатып, мәселенің қаншалықты күрделі екенін тағы бір мәрте көрсетті. Осы оқиғалардан кейін Қазақстанның жылыту маусымына дайындығы жөніндегі әрбір жиынға журналистер жіті назар аудара бастады.
Ulysmedia.kz Үкіметтің осы мәселеге арналған кезекті отырысынан кейін энергетика саласындағы осал тұстарды және оларды жою үшін қандай шаралар қолға алынғанын саралап көрді.
АЯЗ КЕСТЕГЕ БАҒЫНБАЙДЫ
Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов соңғы жылдары қыс мезгілі әдеттегіден кеш түсетінін мойындады. Жаһандық жылынудың әсері әр өңірде әртүрлі байқалғанымен, Қазақстанның солтүстігі мен орталығында қараша айында күннің жылы болуына себеп болып отыр.
Дегенмен жаһандық жылынуға қарамастан, биыл жылыту маусымына дайындық жұмыстары толық көлемде жүргізілген. Биыл тоғыз энергия блогы, 55 қазандық пен 51 турбинаны жөндеу жоспарланған. Күні бүгінге дейін сегіз энергия блогы, 49 қазандық және 37 турбина жөнделген. Энергетика министрлігі қалған жөндеу жұмыстары қосалқы жабдықтарда жүргізіліп жатқанын, сондықтан жылыту маусымына кедергі келтірмеуге тиіс екенін айтады.
Электр желілері мен жылу құбырларын жаңарту жұмыстарының ауқымы да кең. Өңірлердегі электр желілері компаниялары 17,1 мың шақырым электр желісі мен 444 қосалқы станцияны жөндеген. Бұл – жоспарланған жұмыстың 100 пайызы. Сондай-ақ 377 шақырым жылу желісін жөндеу толық аяқталған.
Жалпы, биыл жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржы былтырмен салыстырғанда орта есеппен 27 пайызға артқан. Электр станцияларын жөндеуге 384 млрд теңге, электр желілеріне 393 млрд теңге, жылу желілеріне 198 млрд теңге бөлінген.
– Соның нәтижесінде электр станцияларындағы тозу деңгейі 52 пайызға, электр және жылу желілеріндегі тозу көрсеткіші тиісінше 65,7 және 48 пайызға дейін төмендеді. Былтырмен салыстырғанда технологиялық ақаулар да орта есеппен 6 пайызға азайды. Электр станцияларындағы ақаулар саны 8 пайызға қысқарды, – деді Ерлан Ақкенженов.
КӨМІР ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ МЕ, ҚАРЫЗ ҚАНША?
Энергетика министрлігі үшін тағы бір маңызды міндет – станцияларды отынмен үздіксіз қамтамасыз ету. Жөндеуден өткен ЖЭО-ның өзі көмір мен мазут қоры жеткіліксіз болса, жұмыс істей алмайды. Министрліктің мәліметінше, әзірге бұл жағынан мәселе жоқ.
Энергетикалық кәсіпорындардың қоймаларында 5,8 млн тонна көмір мен 137 мың тонна мазут жинақталған. Барлық станцияда қажетті отын қоры жасалған.
Алайда жеке секторды көмірмен қамтамасыз ету мәселесі әлі де назар аударуды қажет етеді.
– Биылғы жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға 7,3 млн тонна көмір қажет. Оның 1,6 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық секторға, 5,7 млн тоннасы халыққа арналған. Есепті кезеңде өңірлер 4,5 млн тонна көмір дайындаған. Бұл – жалпы қажеттіліктің 62 пайызы. Осыған байланысты әкімдіктер коммуналдық нысандар мен халыққа қажетті көмір қорын толық қамтамасыз етіп, өңірлерде қолдан сұраныс тапшылығын тудыруы мүмкін жағдайлардың алдын алуы керек, – деді министр.
Сонымен бірге жылу электр орталықтарының қарызы да өзекті күйінде қалып отыр. Халық пен кәсіпорындар энергетиктерге, ал энергетикалық компаниялар отын мен газ жеткізушілеріне берешек. Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, жалпы дебиторлық берешек 72 млрд теңгеге жеткен.
ЕСКІНІ ЖӨНДЕГЕННЕН ГӨРІ ЖАҢАСЫН САЛУ ОҢАЙ
Министр энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ауқымды жобаның барысына да тоқталды. Келтірілген деректерге қарағанда, бөлінген қаржының бір бөлігі жөндеуге келмейтін деңгейге жеткен жылу желілерін жаңартуға жұмсалған.
Мәселен, Степногор қаласында 53 жылдан бері пайдаланылып келген 9,5 шақырым жылу желісі қайта жаңартылған. Талдықорғанда 46 жыл бұрын салынған негізгі жылу магистралінің 3,5 шақырымы ауыстырылды.
Петропавлда 1980 жылы тартылған, жалпы ұзындығы 4,3 шақырым болатын екі жылу желісі жөнделді. Ал Қарағандыда тозу деңгейі 81 пайызға жеткен, диаметрі 1020 мм жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары аяқталды.
ЖАРЫҚ ПЕН ЖЫЛУДЫҢ БАҒАСЫ ӨСЕ МЕ?
Министр Үкімет отырысында жылыту маусымына дайындық үшін мемлекет бөліп жатқан миллиардтаған теңгені баяндап жатқанда, журналистердің көкейінде бір сауал тұрды: мұның бәрінің шығынын кім өтейді?
Үкімет мүшелері баспасөз орталығына келгенде, бұл сұрақ қойылмай қалған жоқ. Электр энергиясының тарифіне жауапты Энергетика министрлігінің бұл мәселеде әзірге ұстанымы айқын.
– Энергетика министрлігі ретінде тарифтерді көтеруді жоспарлап отырған жоқпыз. Мұндай қадамға барғымыз келмейді, – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Осыдан кейін министр коммуналдық қызметтерге өзі қанша төлейтінін де жасырмады. Оның айтуынша, интернет пен автотұрақ ақысын қоспағанда, пәтерінің коммуналдық төлемі айына 75 мың теңге екен.
Бұл соманың қаншалықты көп не аз екеніне министр тоқтала қоймады. Алайда әлеуметтік желі қолданушыларының бірқатары мұндай шығын министрдің жалақысы үшін де аз ақша емес екенін, ал елдегі орташа жалақымен күн көретін азаматтардың қалтасына тіпті ауыр салмақ түсіретінін жазды.
Десе де, алдағы уақытта жылу мен жарықтың бағасы қанша болатыны әзірге белгісіз. Өйткені энергетика саласына миллиардтаған қаржы құю қажеттілігі әлі де күн тәртібінен түспейді.
БЕС ЖЭО ӘЛІ ДЕ «ҚЫЗЫЛ» АЙМАҚТА
Журналистер министрден Қазақстандағы жылу электр орталықтарының қазіргі жағдайы қаншалықты тұрақты екенін де сұрады. Ерлан Ақкенженов бұл ретте әлі босаңсуға ерте екенін ашық айтты.
Оның сөзінше, атқарылған жұмыстардың арқасында апат саны азайып, ЖЭО-лардың жағдайы жақсарған. Соған қарамастан, бес жылу электр орталығы әлі де тәуекелі жоғары «қызыл» аймақта тұр. Олар – Ақтау, Семей, Орал, Теміртау және Тараз қалаларындағы станциялар.
Алдағы жылы бұл нысандардың барлығын «сары аймаққа» ауыстыру жоспарланып отыр. Қалған 14 ЖЭО қазірдің өзінде «сары» және «жасыл» аймақтарда.
СҰРАҚТАН ҚАШПАЙТЫН МИНИСТР
Ерлан Ақкенженов – журналистер алдына жиі шығып, брифинг өткізетін министрлердің бірі. Өткен аптада ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған жанармай қоры туралы айтса, осы аптада елдегі ЖЭО-лардың қысқа дайындығы жөнінде есеп берді.
Министрдің өз саласындағы мәселелерді түсіндіре білетінін айтпай кетуге болмас. Ол күрделі сұрақтардан қашпайды және журналистерге барынша толық жауап беруге тырысады.
Ақкенженовтің жауапкершілігіндегі саланың жүгі жеңіл емес. Сондықтан энергетиктер үшін әр қыс – кезекті сынақ. Соңғы жылдары сала мамандары бұл сынақтан ірі апаттарға жол бермей өтіп келеді. Ең бастысы, бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын тапса екен.