×
$
448.72
€
493.86
₽
5.49
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
448.72
€
493.86
₽
5.49

Күрделі оталар мен қолжетімді ем: Шымкентте медициналық қызмет сапасы артып келеді

Бүгін, 10:20
Күрделі оталар мен қолжетімді ем: Шымкентте медициналық қызмет сапасы артып келеді
фото: ашық дереккөзден

Шымкентте жыл басынан бері өт-тас ауруының асқынуына байланысты 864 науқасқа операция жасалған. Сонымен қатар, қалада псориазбен ауыратын жүзге жуық тұрғын бір құтысы миллион теңгеден асатын биологиялық препаратпен тегін қамтамасыз етіліп отыр. Қымбат дәрі-дәрмек пен күрделі медициналық көмектің шығыны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында өтеледі.

Өт-тас ауруы неге асқынып тұр

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханаға 2026 жылдың басынан бері өт-тас ауруы диагнозымен 921 адам түскен. Олардың 864-іне хирургиялық операция жасалды. Бұдан бөлек, өт жолдарын қалпына келтіру үшін эндоскопиялық ретроградты холангиопанкреатография (ЭРХПГ) және эндоскопиялық папиллосфинктеротомия (ЭПСТ) әдістерімен 97 емдік манипуляция жүргізілген.

Дәрігерлерге ауруы асқынып жеткен науқастардың бірі – 48 жастағы азамат. Ол ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген. Тексеру кезінде өт қабының қатты қабынып, іріңдегені және жарылғаны анықталған.

Науқастың жағдайына байланысты дәрігерлер алдымен шұғыл реанимациялық көмек көрсетіп, кейін аурухана бас дәрігерінің хирургия ісі жөніндегі орынбасары Тайбек Сыдықовтың жетекшілігімен лапароскопиялық әдіспен күрделі операция жасаған.

Мамандардың айтуынша, кейбір науқастар дерттің алғашқы белгілеріне мән бермей, өз бетінше емделуге тырысады. Соның ішінде шөп тұнбалары мен тиімділігі дәлелденбеген басқа да тәсілдерге жүгінетіндер бар. Мұндай әрекет дәрігерге қаралуды кешіктіріп, аурудың асқынуына әкелуі мүмкін. Сондықтан алғашқы белгілер байқалғанда медициналық көмекке жүгінген жөн.

Жүзге жуық тұрғын қымбат препаратпен қамтылған

Ал созылмалы аурумен ауыратын науқастарға қажетті дәрі-дәрмектің қолжетімділігі де маңызды. Шымкентте псориаз диагнозы қойылған жүзге жуық тұрғын «Устекинумаб» биологиялық препаратымен қамтамасыз етіліп отыр. Бір құтысының құны миллион теңгеден асатын дәрі науқастарға МӘМС есебінен тегін беріледі.

Дәрігерлер препаратты аурудың ауырлығы мен медициналық көрсеткіштеріне қарай тағайындайды. Кейбір науқастарға жылына кемінде төрт флакон қажет. Дәрі тері астына инъекция түрінде енгізіледі.

51 жастағы Ғалым Ізтілеу псориазбен 13 жылдан бері күресіп келеді. Соңғы екі жылда ол өзі тіркелген қалалық №10 емханада МӘМС аясында биологиялық препаратпен ем қабылдап жүр. Оның айтуынша, бұған дейін гормоналды жақпамайлар мен басқа да емдеу тәсілдерін қолданып көргенімен, айтарлықтай нәтиже болмаған. Ал биологиялық терапиядан кейін денсаулығында оң өзгеріс байқалып, терісіндегі қабыну белгілері басылған.

Псориаз – терінің созылмалы қабыну ауруы. Ол ұзақ уақытқа созылып, мезгіл-мезгіл асқынып отырады. Дер кезінде ем қабылдамау аурудың асқынуына, тіпті мүгедектікке әкелуі мүмкін.

Қалада дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету МӘМС және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүзеге асырылады. Қазір осы жүйелер арқылы Шымкент тұрғындарына 80-ге жуық нозология бойынша дәрілік препараттар тегін беріледі. Бұл тізімге ересектермен қатар, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған дәрілер де кіреді.

Сізге қызық болуы мүмкін