Ақтөбелік келіншек Ақбота Серік прокуратура алдына араша сұрап барды. Ол Президенттен, Бас прокуратурадан және Ішкі істер министрлігінен көмек сұрайды. Айтуынша, лауазымды қызметтегі жолдасы балтамен, пышақпен қорқытқан. Бірақ қылмыстық іс екі жылдан бері сотқа жетпеген.
Мән-жай
Ақбота Серік үш баланың анасы. Мемлекеттік қызметте істейтін жолдасымен екі жыл бұрын ажырасқан. Бірақ бұрынғы күйеуінен әлі зәбір көріп жүр. Айтуынша, оны ұрып-соғып, тіпті мойнына пышақ тақап, үстіне уксус шашатынын айтып қорқытқан. Ал осы оқиғаларға куә болған адамдарға бұрынғы жұбайының депутат інісі қысым көрсетіп, куәлік бермеуді сұрағанын мәлімдеді.
– Бірнеше жыл бойы қысым көрдім. Алған жарақаттарымнан денсаулығым нашарлап, ауруханаға түстім. Екі жыл болды, іс сотқа жіберілмей отыр. Жәбірленуші адам көрген қорлығын қанша рет дәлелдеуі керек? Қанша рет арыз жазуы керек? Талабым – әділдік. Өлгенше тебе беремін, сеть жоқ жер болғанда өлтіріп тастайтын едім айтады. Құқық қорғау орындарының есігін тоздырып, әділдік іздеп жүрмін. Ажырасқаннан кейін де тұрып жатқан үйімнің есігін балтамен, темір заттармен ұрып, бұзып сындырған жағдайлар болды, – деді ол.
Өтініш иесі ажырасқаннан кейін де қудалау тоқтамағанын айтады. Сөзінше, бұрынғы күйеуі үйінің есігін балтамен және темір заттармен бұзуға әрекет жасаған, подъезде күтіп тұрып қысым көрсеткен. Осы жағдайларға байланысты полицияға арызданғанымен, 102 қызметкерлері шағымына салғырт қарағанын жеткізді.
Ақбота Серік бұрынғы күйеуінің мемлекеттік қызметте басшылық лауазым атқаратынын, ал інісінің депутат екенін атап өтті. Сондай-ақ құқық қорғау органдарында таныстары барын айтып, сол байланыстар арқылы өзін қорқытқанын мәлімдеді.
Оның қолында оқиғаларға қатысты бейнежазбалар мен медициналық анықтамалар бар.
Үш баланың анасы қылмыстық істің екі жылдан бері сотқа жолданбау себебін анықтауды, өзін және үш баласын қауіпсіздікпен қамтамасыз етуді, тергеуді созуға және дәлелдерді елемеуге жол берген лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беруді сұрайды.
Келіншектің мемлекеттік қызметтегі бұрынғы жолдасынан жағдайға пікір білдіруді сұрадық. Әзірге жауап бермеді.
Ал полиция факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу амалдары аяқталмағанын хабарлады.
– Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері мен зерттеулер кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында, – деп хабарлады полиция департаменті.
Ардақ Ерубаева