×
$
448.72
€
493.86
₽
5.49
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
448.72
€
493.86
₽
5.49

Буллинг пен суицид: Шымкентте балалар қауіпсіздігі қалай қорғалады

Бүгін, 10:45
Буллинг пен суицид: Шымкентте балалар қауіпсіздігі қалай қорғалады
ЖИ/Ulysmedia.kz

Шымкентте балалардың құқығын қорғау, психологиялық саулығын сақтау және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында бірқатар шара қолға алынған. Қалада балалар мен ата-аналарға психологиялық кеңес беріліп, мектептерде буллингтің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар суицидтік тәуекелдерді ерте анықтауға арналған цифрлық жүйелер енгізіліп, білім беру ұйымдарында профилактикалық шаралар күшейтілген.

Шымкент қаласының балалардың құқығын қорғау басқармасына қарасты Психологиялық қолдау орталығының мәліметінше, 2026 жылдың 1 қазанына дейін мамандар 89 жеке психологиялық кеңес өткізген. Көмекке жүгінгендердің басым бөлігі балалар болса, қалғаны ата-аналар. Өтініштердің негізгі бөлігі отбасындағы келіспеушіліктерге, ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілікке, тұлғалық қиындықтарға, буллинг пен суицидтік тәуекел белгілеріне қатысты болған.

Мамандар кеңес барысында балалардың эмоционалдық жағдайын тұрақтандыруға, мазасыздықты азайтуға және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға көмектескен. Қажет болған жағдайда ата-аналарға да тиісті ұсынымдар берілген.

Балалар мен ата-аналарға психологиялық көмек көрсетіледі

Психологиялық қолдау орталығының көмегіне сенім телефондары арқылы да жүгінуге болады. Жыл басынан бері 111 байланыс орталығы мен 1310 сенім телефонына барлығы 53 қоңырау түскен. Оның 22-сі 111 желісі арқылы, 31-і 1310 нөмірі арқылы қабылданған.

Хабарласқандар көбіне ата-ана мен бала арасындағы жанжалдар, буллинг, кибербуллинг және жеке басындағы қиындықтар туралы айтқан. Сондай-ақ суицидтік тәуекел белгілеріне қатысты өтініштер де болған. Әрбір жағдай бойынша психологиялық кеңес беріліп, қажет кезде құзырлы органдар мен тиісті ұйымдардың қатысуымен жұмыс ұйымдастырылған.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орталық мамандары білім беру ұйымдарымен де бірлесіп жұмыс істейді. Мектептерде, колледждерде және емханаларда қызмет ететін педагог-психологтарға оқыту жұмыстары жүргізілген. Ал балаларды қорғау саласындағы жағдайларды басқару бойынша ЮНИСЕФ пен «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының ұйымдастыруымен біліктілікті арттыру курсы өткен. Оған 25 маман қатысқан. Бұдан бөлек, жасөспірімдердің эмоцияларын басқару дағдыларын дамытуға арналған курстан бес маман білім алған.

Орталық мамандары төтенше немесе ерекше жағдай тіркелген білім беру ұйымдарына да жедел көмекке барады. Мәселен, кәмелетке толмаған баланың өзіне қол жұмсауға оқталғаны тіркелген мектепте және бірқатар лицей мен жалпы білім беретін ұйымдарда мобильді топтар жұмыс істеген. Олар жағдайды зерделеп, балалар мен педагогтерге психологиялық қолдау көрсетіп, алдын алу шараларын ұйымдастырған.

Мектептерде буллинг мәселесі зерттелді

Балалар арасындағы қорлаудың алдын алу мақсатында мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізілген. Оған 7-сыныпта оқитын қазақ және орыс тілдеріндегі сыныптардың 95 оқушысы қатысқан.

Сауалнама нәтижесі оқушылардың бір бөлігінде буллинг туралы түсінік жеткіліксіз екенін көрсеткен. Респонденттердің бестен бірі өзге балалардың қорлыққа ұшырағанына куә болғанын айтқан. Олардың жауаптарында сөзбен кемсіту, мазақ ету, күш көрсету және мұндай жағдайларды ұялы телефонға түсіру деректері аталған.

Оқушылар буллинг мектепте ғана емес, аулада, көшеде және әлеуметтік желілерде де кездесетінін көрсеткен. Сондай-ақ сауалнамада педагогтер тарапынан оқушыларды қорлау жағдайлары туралы мәліметтер болған.

Тағы бір назар аударарлық жайт, сауалнамаға қатысқан балалардың бір бөлігі қорлық көрген оқушыларға ересектер тарапынан жеткілікті көмек көрсетілмейді деп есептейді. Буллингке тап болған жағдайда олар ең алдымен мектеп әкімшілігіне, одан кейін ата-аналар мен мұғалімдерге үміт артатынын жеткізген.

Осы нәтижелерден кейін мектепте буллингтің алдын алуға бағытталған профилактикалық тренингтер өткізілген. Бұдан бөлек, Орталық саябағында балалардың қатысуымен салауатты өмір салтын насихаттауға және денсаулығын нығайтуға арналған тренинг ұйымдастырылған.

Суицидтің алдын алу және балаларды қорғау тетіктері

Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау жұмысы сот және тергеу процестеріне қатысуды да қамтиды. Жыл басынан бері Орталық мамандары төрт жағдай бойынша сот отырыстарына қатысқан. Олардың қатарында көршісінің кәмелетке толмаған балаға күш қолдану фактісі, әлеуметтік желі арқылы интимдік сипаттағы фотосуреттерді талап етуге байланысты зорлық-зомбылық ісі және білім беру ұйымында оқушының мұғалімді балағаттау дерегі бар.

Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған балаға қатысты зорлық-зомбылық фактісі бойынша тергеу әрекетіне қатысып, балаға психологиялық қолдау көрсетілген.

Орталықтың дерегінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Шымкенттегі мектептерде, лицейлерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында білім алатын балалар мен студенттер арасында суицидтің бес аяқталған фактісі және өзіне қол жұмсауға оқталудың 25 дерегі тіркелген. Осы жағдайларға байланысты талдау жүргізіліп, білім беру ұйымдарында суицидтің алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар қабылданған.

Қауіп-қатерді ерте анықтау үшін мектептерге «BALAJAN» бірыңғай ақпараттық жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Жүйе балалар арасындағы буллинг пен зорлық-зомбылық белгілерін, сондай-ақ суицидтік ниетті дер кезінде анықтауға бағытталған.

Сонымен қатар қала прокуратурасының бастамасымен «Stop Bullying» жобасы жүзеге асырылуда. Қаратау, Тұран, Абай, Әл-Фараби және Еңбекші аудандарында «Түрлі түсті маршрут» тетігі қолданылады. Бұл бастамалар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ықтимал қауіп-қатерлерді алдын ала анықтауға және профилактикалық жұмысты жүйелеуге арналған.

Осылайша, Шымкентте балалар құқығын қорғау жұмысы психологиялық кеңес берумен ғана шектелмей, мектептердегі ахуалды бақылау, мамандардың біліктілігін арттыру, буллинг пен суицидтің алдын алу және цифрлық құралдарды енгізу бағыттарын қамтып отыр.

Сізге қызық болуы мүмкін