×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

ЖЭО иелері нысанды бергісі жоқ: Төтенше жағдай жарияланған Риддерде не болып жатыр

28.03.2023, 10:21
ЖЭО иелері нысанды бергісі жоқ: Төтенше жағдай жарияланған Риддерде не болып жатыр
фото: ашық дереккөзден

Риддер жылу электр орталығының иелері қала тұрғындарын қыс бойы бүрсең қақтырған нысанды коммуналдық меншікке беруден бас тартып отыр. Бұл туралы шаһар басшысы Дмитрий Горьковой мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Төтенше жағдай режимі енгізілгеннен кейін қалада не өзгергені және ЖЭО-ның жайы қалай болайтыны жөнінде Риддер әкімінен Noks.kz порталы сұраған. Әкімнің сөзінше, әлі күнге дейін осы жылу электр орталығында тек екі қазандық жұмыс істейді – біреуі орташа және біреуі жоғары қысымды.

"Бүгін тағы бір орташа қысымды қазандық іске қосылды. Жылу желісіндегі температура көтеріле бастады. Ертең тағы бір қазандықты іске қосуды жоспарлап отырмыз", - деді Горьковой.

Қазір №6 және №2 қазандықтарды күрделі жөндеуге дайындап жатыр. Олар тоқтатылды, әзірге іске қосылмайды.

"Қазір өкінішке қарай, станцияның жаңа иелері жоқ. Олар қаржыландыру мәселесін шешіп жатыр және күрделі жөндеуді кім жүргізетінін анықтау үшін байқау жариялаумен, сатып алулармен айналысуда. Облыс әкімі 4 қазандықты күрделі жөндеуден өткізіп, екеуіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жүктеп отыр", - дейді қала басшысы.

№6 және №2 қазандықтарды күрделі жөндеу 10 сәуірде басталуы керек. Алайда ЖЭО әлі де коммуналдық меншікке ауыстырылған жоқ.

"Әзірге заңнама бізге бұл процедураны, тіпті ТЖ аясында да жүргізуге мүмкіндік бермейді. Біз станцияны тартып ала алмаймыз – иелерінің ерікті келісімі қажет. Өздері ештеңе жасамаса да, олар нысанды бергісі жоқ. Әзірге біз станцияны басқаруды өз мойнымызға алдық. "Риддер ЖЭО" АҚ-ны коммуналдық меншікке ауыстыру бойынша қандай да бір шешім қабылданған жоқ, бірақ бұл бағытта жұмыс жүргізілуде", - деді Горьковой.

Айта кетсек, бұдан бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Риддердегі жылу электр орталығында екі қазандықтан өрт шыққанын хабарлаған болатын. Даниал Ахметов стансаның жаңа иелерін технологиялық бұзушылықтар жасады деп айыптады.

Сондай-ақ, 23 наурызда Риддер ЖЭО №6 қазандық аймағындағы жанармай беру галереясында көмір шаңы жарылды. Жарылыс толқыны шамамен 80 шаршы метр қоршау құрылымдарын қиратты.

24 наурызда қалада өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

ШҚО прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесін Риддер ЖЭО-ның техникалық жай-күйі көңіл көншітпейтінін көрсетті. Жылу электр орталығының басшылығына 11 млн теңгеден астам айыппұл салынды.