Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Маңғыстау жастарының жаппай мұнайшы болғысы келетініне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Жаңаөзен – мұнай-газ саласына ғана қарап отырған моноқала. Сол себепті, біз оны дамыту үшін арнайы кешенді жоспар қабылдадық. Осы құжатты мейлінше жүзеге асыру керек. Үкімет те бұл жұмысқа жауапты болады.
Батыста, әсіресе, Маңғыстауда, жастар көбіне мұнайшы болғысы келеді. Бұл – дұрыс емес. Мұнай қоры таусылғанда аймақтағы ахуал тіпті күрделі болып кетуі мүмкін. Сондықтан жастардың басқа да кәсіптерді игеруіне жағдай жасауымыз керек. Бұл жұмысты арнайы жоспар бойынша атқару қажет», – деді президент.
Мемлекет басшысы бүгінгі заманның өзекті саласы – ақпараттық технологияларды дамытуға баса көңіл бөлу керегін айтты.
«Осындай технологияларды Маңғыстау облысын дамыту ісінде қолдануға болады. Жалпы, біз көзі ашық, білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек. Өскелең ұрпақ келешекке сеніммен қарауы қажет. Бұл үлкен жұмыс. Бұл әкімнің, Үкіметтің құзырында тұрақты түрде болу керек», – деді Тоқаев.