×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Министр Ғиният Астанадағы халықаралық конференцияны өткізуге қанша қаражат бөлінгенін айтты

24.10.2023, 10:46
Коллаж: ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz тілшісі Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттан Астанада өтіп жатқан халықаралық медициналық конференцияның Қазақстан үшін қандай маңызы, пайдасы болатынын және осы конференцияны өткізу үшін бюджеттен қанша қаражат жұмсалатынын сұрап көрді.

Еске сала кетейік, кешеден бері Астанада ДДСҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясы өтіп жатыр. Оған 50-ден астам елдің денсаулық сақтау министрлері мен сала сарапшылары қатысуда.

Халықаралық конференцияға қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау және күтім жасау кадрлары, микробқа қарсы препараттар және Еуропа мен Орталық Азия үшін босқындар мен мигранттардың денсаулығы сияқты мәселелер бойынша таяу жылдарға арналған денсаулық сақтау үшін күн тәртібін айқындауға жиналған. Халықаралық конференцияға шетелдік меймандардан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймағындағы бюросының директоры Ханс Клюгер келген.

Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттан осынау халықаралық конференцияның Қазақстан үшін қандай маңызы, пайдасы болатынын және осы конференцияны өткізу үшін бюджеттен қанша қаражат жұмсалатынын сұрады.

– Алғашқы рет Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа өңірінің комитеті өтіп жатыр. Осындай форум 12 жыл бұрын Әзербайжанда өткен екен. 12 жылдан кейін ТМД елдері ішінде екінші болып Қазақстанда өтіп отыр. Бұл үлкен жиында Еуропа өңіріне кіретін мемлекеттер жиналып, денсаулық сақтау саласында болып жатқан жағдайларды, дағдарыстарды баяндап, келесі жылдары қандай шара қабылданады – сол жөнінде қарар қабылдайды. Сонымен қатар, келесі жылдың қаржысын бекітеді, – дейді Ажар Ғиният.

Министрдің айтуынша, осы шара аясында Қазақстан, яғни Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен 2 жылда бірлесіп істейтін жұмысын келісіп, келісімге қол қояды. Ол келісім бойынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 1 млн 800 мың доллар қаражатқа қарастырылады. Қазақстанға осы сома арнайы бөлінеді.

– Ол қаржыға инстуционалдық, техникалық көмектер елге көрсетіледі. Бірінші рет біз осынау үлкен басқару органына – Еуропалық денсаулық сақтау өңірінің басшылығында төрағалық етіп отырмыз. Елімізде ДДСҰ-ның, Еуропалық денсаулық сақтау өңірінің төрағалығын қабылдап, осы бір аптадай – 26 қазанға дейін осы жерде отырыс өткіземіз, – дейді ол.

Денсаулық сақтау министрі осы жиында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймағындағы бюросының директоры Ханс Клюгер баяндама жасайтынын айтты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус әлемдегі соғыс ошақтары жағдайында зардап шеккен халықтардың мәселесі айтылғанын еске салды.

– Осы форумға 100 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірге өткізіліп жатқан шара. Жаңа айтып кеткенімдей, осы форумда үлкен халықаралық ұйыммен үлкен келісімге қол қойылып, біздің елімізге ол қаражат 1 млн 800 мың доллар болып қайтады, – деді Ажар Ғиният.

Серіктес жаңалықтары