×
$
453.64
€
508.17
₽
5.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.64
€
508.17
₽
5.59

Министрлік даулы оқиғадан кейін жұмыстан босатылған ауыл дәрігерін қолдады

Бүгін, 14:44
Министрлік даулы оқиғадан кейін жұмыстан босатылған ауыл дәрігерін қолдады
Ulysmedia.kz коллажы

Әлеуметтік желіде Ақмола облысы Зеренді ауданының ауылында жұмыс істеген дәрігер Илья Болкоевтің жұмыстан босатылуына қатысты дау бір айға жуық уақыттан бері талқыланып жатыр. Ол жұмыстан шығып қалғаннан аз уақыт бұрын мемлекет берген үйдің видеосын жариялаған. Ulysmedia.kz денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровадан осы оқиғаға қатысты пікір білдіруді сұрады.

Министрлік те жауап күтіп отыр

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, министрлік бұл оқиғадан хабардар және жағдайды бақылауда ұстап отыр.

– Мұндай үйлерді беруге болмайды деп есептеймін. Өкінішке қарай, бұл бірінші жағдай емес, – деп мойындады ол.

Ал Илья Болкоевке қатысты министрлік Ақмола облысының әкімдігімен келіссөз жүргізіп, жағдайды қайта қарау және дәрігерді сапалы баспанамен қамтамасыз ету мәселесін талқылап жатыр.

Қолдау қажет

Сонымен қатар министрдің айтуынша, бірнеше жыл бұрын қабылданған түзетулердің арқасында кейінгі жылдары ауыл дәрігерлеріне көрсетілетін қолдау шаралары 6,7 есе артқан.

– Кейінгі екі жылда ауылдық жерлердегі дәрігер тапшылығы мыңнан астам адамға, ал қалаларда 2600 адамға азайды, – деді Ақмарал Әлназарова.

Министр Ақмола облысында болған жағдай сияқты оқиғаларды жекелеген жағдайлар деп есептейді.

Контекст

Ақмола облысының Зеренді ауданында жергілікті ауруханада бір жылға жуық жұмыс істеген жас дәрігер Илья Болкоев жұмыстан босатылды. Көпшіліктің пікірінше, бұған Болкоевтің өзіне берілген баспананың сапасына көпшілік алдында наразылық білдіруі себеп болған. Дәрігерге берілген үйдің қабырғаларында саңылаулар мен жарықтар болған.