Бұған дейін сенат депутаттары зейнетақы төмендерін белгілі бір мақсатта пайдалану, мұрагерлікке беру кезінде жеке табыс салығын ұстап қалудың күшін жоюды ұсынған. Премьер-министр таяуда осы ұсынысқа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес, азаматтардың барлық кірістеріне 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы салынады. Бұл ретте кіріс алатын субъектілер – салық төлеушілер. Яғни салық салу кезінде мемлекетке нақты мәмілелер бойынша экономикалық қайтарымның тиімділігі емес, субъективтілік тәсілі ескеріледі.
– Бұл жағдайда зейнетақы төлемдерінің сомаларын табыс салығын есептеу кезінде міндетті зейнетақы жарналарының сомасы бірден шегерілетін бұрын салық салынбаған кез келген алынатын кірістің бір бөлігі ретінде қарау қажет. Осылайша, кірістің осы бөлігі үшін кейінге қалдырылған салық салу қолданылады (зейнетақы төлемі кезінде), - делінген жауапта.
Сонымен бірге, БЖЗҚ-дан зейнетақы жасына жеткен кезде жүзеге асырылатын зейнетақы төлемдеріне заңнамада көзделгендей, салық бойынша шегерімдер мен түзетулер қолданылады. Ал егер депутаттардың ұсынысы бірден қабылданған жағдайда үкімеи басшысы бюджетке едәуір шығын келетінін айтады. Мәселен, аталған төлемдер бойынша бюджетке 2022 жылы 14 млрд теңге, 2023 жылы 13,4 млрд теңге түскен.
– Көтеріліп отырған мәселе халықаралық тәжірибені зерделеуді және талқылауды талап етеді. Қазір мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа салық кодексін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зейнетақы жинақтарын төлеу кезінде жеке табыс салығын ұстап қалуды алып тастау мәселесі аталған жұмыс аясында жан-жақты қаралады, - дейді жауапта Смайылов.
Зейнетақы жүйесінен алынатын қаражат
Бірыңғай жинақтық зейнетақы жүйесі "Бәйтерек" ұлттық холдингі мен "Самұрық-Қазына" мемлекеттік қорының облигацияларын сатып алатыны хабарланған еді.
Қазір экономиканы әртараптандыру және дамыту мақсатына сәйкес келетін жобалар таңдалып жатыр. Әңгіме 1,5 трлн жайлы болып отыр. Яғни, қаражат импортқа тәуелділікті төмендететін және қазақстандық қамту үлесін арттыратын жобаға жұмсалады. “Қаржыландыру жобаларды іріктеуге қарай 2024-2025 жылдар ішінде кезең-кезеңімен жүргізіледі” деп атап өтеді ұлттық банк.
Қазір Қазақстанда 2 344 000 зейнеткер бар. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жиынтық зейнетақының ең төменгі мөлшері 77 417 теңгеден 86 068 теңгеге дейін ұлғайтылған.