Орталық коммуникациялар алаңында қаржы вице-министрі Ержан Біржанов баспасөз мәслихатын өткізіп, оған журналистер тарапынан мобильді аударымдар жайлы сұрақ тағы қойылды, деп жазады Ulysmedia.kz.
Біржанов не дейді?
– Мобильді аударымдарды қазір қадағалаймыз деп отырсыздар. Мобильді аударымдармен базардағылар, таксистер жұмыс істейді. Халықтың қытығына тиіп отырсыздар. Мобильді аударымдарды тексеруден бұрын сіздер бірінші қабылданып жатқан заң бойынша Назарбаевтың отбасыларына, қыздарына, Құлыбаевқа байланысты айтып отырса да, көздеріңізге шұқып, қолдарыңызға берсе де бір нәтиже шықпай отыр. Сол нәтижені халықтың алдына шығарып барып, мобильді аударымдар туралы ұсыныстарыңызды тек содан кейін ғана бермедіңіздер?, – деп сұрады журналист Біржановтан.
Бұл сұраққа жауап берген қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдарды бақылау, қадағалау сұрағы бүгін пайда болмағанын, 2021 жылы қабылданып, 2022 жылдан бастап іске асырыла бастағанын айтады.
– Қазіргі таңда да ертең барып бәрін тексереміз деген мақсат жоқ. Біз ол мобильді аударымдарды, өзіңіз айтқан базарда жұмыс істейтіндерді тек 2025 жылдан бастап тексереміз. Онда да барлығны бірдей тексермейміз. Бұл іс-әрекетті екінші деңгейлі банктер іске асырады. Ол талаптарды таңдайды. “Асты” деп бізге мағлұмат береді. Біз бұл мағлұматты алғаннан кейін камералды бақылау жүргіземіз. Мысалы ертең барып тексере кетпейміз. Біз “мобильді аударымдар не себепті осынша болды” деп сұрау жібереміз. Түсініктеме жазады. Салықтық тіркеуге тұра ма- жұмыс жүргізіледі. Бұл жалпыға бірдей декларациясымен байланысты. Сондықтан, бұл істі ары қарай жалғастырамыз, – дейді Біржанов.
Ол сонымен қатар, капиталды қайтару ісімен бас прокуратураның жанынан құрылған комитет айналысып жатқанын, оның ішінде депутаттар да барын айтты.
– Тек бір органның жұмысы емес. Трансферттік немесе валюталық бақылау болсын, басқа да жұмыстар жүргізіледі. Бәрінің мақсаты бір – көлеңкелі экономиканың деңгейін азайту. Сондықтан, осы жұмыс жүргізіледі, – дейді ол.
“Уақытша тренд”
Еске сала кетейік, бұған дейін ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров кәсіпкерлердің мобильді аударымдарды азайтып, қолма-қол ақшаға ауыса бастауын “уақытша тренд” деп атаған еді. Қазақстанның цифрландырылған елдердің қатарында екенін еске салған ол қазақстандықтар бұдан әрі де банктердің цифрлық қызметтерін белсенді пайдаланады деп сенеді.
Саудагерлер не дейді?
Kaspi bank арқылы азаматтардың бір-біріне телефон нөмірін теріп қана жөнелте беретін ақшасы биылдан бастап саябырлай бастағаны анық. Оған «енді переводтың бәрі бақылауға алынады екен» деген әңгіме тікелей себеп болып отыр. Ұсақ саудасы, шағын дүкені, дәріханасы бар азаматтар бұған дейін ақыны аударыммен қабылдай берсе де, биылдан бастап қолма-қол ақшаны талап ете бастаған. Табысының аз да болсын бөлігін салық ретінде бергісі келмейтіндер баршылық.
Салық органдарының өкілдері, экономистер мен сарапшылар бұл тақырыпта айтарын айтып-ақ жатыр. Ал қарапайым саудагер не дейді? Ulysmedia.kz тілшісі базарда саудасы бар біршама адаммен сөйлесіп, олар осы жөнінде не ойлайтынын біліп көрген болатын.