Қазақстан экономикасын дамытудың базалық сценарийіне сәйкес, Ұлттық қордың валюталық активтері 2029 жылы 70,6 млрд долларға дейін ұлғаяды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 2027 жылы 5,1 трлн теңге, 2028 жылы 5,5 трлн теңге, ал 2029 жылы 5,7 трлн теңге болады деп болжанып отыр.
– Базалық сценарий бойынша Ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 2027 жылы 5,1 трлн теңге, 2028 жылы 5,5 трлн теңге және 2029 жылы 5,7 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Ұлттық қорға түсетін таза түсімдер 2027 жылы 0,5 трлн теңге, 2028 жылы 1,4 трлн теңге, ал 2029 жылы 2 трлн теңге болады деп жоспарланып отыр, – деді Серік Жұманғарин.
Ұлттық қордан берілетін трансферттер
Республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің көлемі бюджет ережелеріне сәйкес белгіленген.
2027 және 2028 жылдары оның көлемі жыл сайын 2,4 трлн теңге болады. Ал 2029 жылы 2 трлн теңгеге дейін төмендейді.
Сонымен қатар аса маңызды инфрақұрылым нысандары мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан нысаналы трансферттер тарту жоспарланып отыр.
2027 жылы бұл мақсатқа 2 трлн теңге, ал 2028 және 2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңгеден қарастырылған.