Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев 2018 жылдан бері футболдан ұлттық құраманы даярлауға қанша қаражат бөлінгенін депутаттардың сауалына берген жауабында атап көрсетті. Сондай-ақ ол жергілікті бюджеттен футбол клубтарын ұстауға былтыр қанша ақша шығындалғаны жөнінде де мәлімет берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ
Вице-министрдің хабарлауынша, Ұлттық олимпиада комитеті Қазақстанның футболдан ұлттық құрамасын сапалы даярлау мақсатында мемлекеттік тапсырысты іске асырған. Соның шеңберінде республикалық бюджеттен 2018-2021 жылдары мынадай мөлшерде қаражат бөлген: 2018 жылы – 67 552 000 теңге, 2019 жылы – 78 705 000 теңге, 2020 жылы – 14 503 000 теңге, 2021 жылы – 34 581 000 теңге.
ҚОРДАН БӨЛІНГЕН ҚАРАЖАТ
Бұдан басқа «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қоры тарапынан 2018-2023 жылдары мынадай мөлшерде қаражат бөлінген: 2018 жылы– 2 162 000 000 теңге, 2019 жылы – 2 046 112 070 теңге, 2020 жылы – 200 000 000 теңге, 2021 жылы – 200 000 000 теңге, 2022 жылы – 190 069 222 теңге, 2023 жылы – 400 000 000 теңге.
– Биыл қордан федерацияға қаржы бөлінген жоқ, – дейді жауабында Жарасбаев.
ФУТБОЛ КЛУБТАРЫНА БӨЛІНГЕН ҚАРАЖАТ
Сонымен қатар, футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында өнер көрсететін футбол клубтарына жергілікті бюджеттен 2023 жылы 24,045 млн теңге бөлінген. Биыл жергілікті бюджеттен 27,347 млн теңге қаржы қарастырылған.
ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫНА ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТ
Бұған дейін Марат Омаров федерацияны басқаратыны хабарланған еді.
Марат Омаров бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы. Бұл қызметке ол 2022 жылы тағайындалған. Сондай-ақ ол Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы төрағасы Берік Имашевтің күйеу баласы екені белгілі.