Екі мыңыншы жылдары Қазақстанның экономика және сауда министрі болған, қазір «ҚазМұнайГаз» АҚ төрағасының кеңесшісі Жақсыбек Құлекеев алпауыт компаниялар салықтан қалай жалтаруы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚҰЛЕКЕЕВ НЕ ДЕЙДІ
Құлекеев жеке кәсіпкерлердің жұмысын заңдастырғанда бірнеше миллион өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар болғанын айтады.
Олардың не істеп жүргенін білмедік. Сондықтан жұмыстарын заңдастыру үшін «жеке кәсіпкерлік» деген ұғымды енгізіп, мейлінше жағдай жасадық. Табысынан 3 пайыз салық төлесе, заңды бизнес субъектісі болып есептеледі дедік. Өкінішке қарай, қазір 2,4 млн жеке кәсіпкердің 400 мыңға жетер-жетпесі ғана салық төлейді. Қалған 2 миллионнан астамы төлемейді. Олардың ішінде табысы барлар көп қой. Қазір заң жүзінде соларға берілетін үлкен жеңілдікті үлкен кәсіпорындар да пайдаланып жүр, - деді ол мәжілісте.
Оның айтуынша, елдегі алпауыт компаниялар өзіне қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлерге берілген салық жеңілдіктерін өз салығынан жалтаруға пайдалануы мүмкін. Бизнес субъектілерінің бір тобына үлкен жеңілдік берілсе, қалған субъектілер де сол жеңілдікті пайдаланудың жолын іздейді. Оның мүмкіндіктері өте көп дейді ол. Қазір Қазақстандағы ең үлкен компаниялардың айналасында солармен жұмыс істеп жүрген мыңдаған жеке кәсіпкер бар.
Сол кәсіпкерлерге аударады, олар 3 пайыз салық төлейді. Тіпті төлемеуі де мүмкін. Осылайша ана ақшаның бәрін ешқандай салықсыз пайдалануға болады. Сондықтан осы мәселені реттеу керек. Мен өз сөзімде кейбір бизнес өкілдеріне салық төлемеуге өзіміз жағдай жасап қойғанымызды айттым. өйткені жеке кәсіпкерлерге қазір ешқандай міндеттеме жоқ. Миллиондаған табыс тауып жатуы мүмкін. Бірақ бір тиынын да мемлекетпен бөліспейді. Оның бәрі осы мемлекеттегі жасалып жатқан игіліктің бәрін көріп отыр, - деді Жақсыбек Құлекеев.
Еске сала кетсек, Үкіметтің экономикалық блогы сарапшылар тобымен бірлесіп, бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер әзірлеп жатқанын хабарлағанбыз.
Сондай-ақ бизнесвумен, Салық альянсының мүшесі Жанар Сүлейменова Қазақстан үкіметінің ҚҚС ставкасын 20 пайызға дейін көтеру туралы ұсынысына үн қатып, бастамаға қарсылық білдірді.
Экономикалық даулар саласындағы адвокат, бұрынғы салық кеңесшісі Жангелді Сүлейманов те Үкіметтің Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) ставкасын 20 пайызға дейін көтеру идеясымен келіспейтінін жеткізді. Кейін үкімет бұл салықты 16 пайыз болатынын айтты.