Қазақстан даму банкінің төрағасы Марат Елібаев қаржы институтына айтылатын сынға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Екінші сұрақтан бастап жауап берген Марат Елібаев Ellington компаниясының жобасын Қазақстан даму банкі қаржыландырмайтынын айтты.
Сын жайлы айтар болсақ, иә, біз бірқатар жұмысты атқарып жатырмыз. Үш бағытты айқындағанбыз. Біріншіден, цифрландыру бағытында жеке кабинетті аштық. Қарыз алады-ау дегендер Астанаға келмей, өтінімді онлайн бере алатындай еттік. Себебі біздің филиал басқа қалаларда жоқ. Бұл бағытта ашықпыз. Өтінімнің бәрін сайтымыздан көре аласыздар. Ашықтық пен транспаренттілікке келер болсақ, қаржыландырылған жобалар жайлы, шарттар мен түпкі бенефециарлар, сома мен мөлшерлеменің бәрі сайтта тұр. Банктер үшін бұл жалпы сирек кездесетін тәжірибе. Бірақ жауапкершілікті сезіне отырып, біз қарыл алушыдан сайтта бәрі жарияланатыны жөнінде келісімін аламыз, – дейді Елібаев.
Оның айтуынша, кәсіпкерлер де ҚДБ жұмыс процесіне шағымданған. Олар өтінімді қарау процесін жетілдіруді сұраған. Осыдан кейін Қазақстан даму банкі өтінімді қарау мерзімін 60 күнге дейін қысқартқан. “Бір жағынан банк ірі индустриялық жобаларды қаржыландыратынын атап өту керек. Олар мемлекеттің қаражатының қайтарымын қамтамасыз ету үшін жіті талдауды қажет етеді. Бұл біз қолданып жүрген екінші бағыт” дейді ол.
Үшінші бағыт – проактивті әдіс. Біз әлеуетті қарыз алушы бізге қашан келетінін күтпейміз. Біз оларға барамыз. Оларға хабарласамыз, кездесеміз. Өнеркәсіпті дамыту қоры бар. Даму қоры жұмыс істейді. Жобаларды қаржыландыру үшін біз олармен де жұмыс істейміз. 2022 жылдан бері қарыз алушылардың 35 пайызы жаңа қарыз алушылар екенін атап өткім келеді. Бұрын оларға ҚДБ қарыз беріп көрмеген, – дейді ол.
Ulysmedia.kz тілшісінің Қазақстан даму банкі 2024 жылы қанша шетелдік компанияны қаржыландырды деген сұраққа Марат Елібаев жауап бере алмады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның даму банкін (ҚДБ) үш жыл бұрын қатты сынға алған еді. Тоқаев банктің жұмыс істеу тетіктерін қайта қарап, шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға ерекше назар аударуды тапсырған. Банк жылдар бойы қай бизнесмендерді қалай қаржыландырғанын Ulysmedia.kz бұған дейін жазған еді.