×
524.65
552.19
5.14
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.65
552.19
5.14

Астанада LRT бойындағы үйлер қымбаттай ма – сарапшылар жауап берді

20.11.2024, 17:08
Астанада LRT бойындағы үйлер қымбаттай ма – сарапшылар жауап берді
Фото: Тengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Астананың LRT жеңіл рельсті пойыздары іске қосылғаннан кейін оның бойындағы үйлер қымбаттай ма? Ulysmedia.kz тілшісі мұны құрылыс саласының сарапшысы мен риэлтор маманнан сұрап көрді.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ

– Қымбаттаса қымбаттайтын шығар. Бірақ көп емес, іске қосқаннан кейін 5-10 пайызға ғана қымбаттауы мүмкін. Бірақ жұртта оны алатын ақша жоқ. Оның бәрі екінші нарықтағы үйлер ғой. Адамдар жаңадан салынып жатқан үйлер бәрібір арзандау болады, – дейді құрылыс маманы Еркебұлан Жаркенов.

Жаркеновтің айтуынша, үй бағасына көп фактор әсер етеді. 

Астанада риэлторлық қызмет көрсететін Нұрым Кенжебек LRT бойындағы үйлер қазір өтімі аса жақсы емес дейді.

– Электровибрация жүреді, шулы болады деп, кісілердің бәрі қашқалақтап, бағалары түсіп жатыр. Ол айналып келгенде азаматтарға жайсыз болуы да мүмкін. Адамдар жайлылықты жақсы көреді. Біздің клиенттерден “LRT жаққа қарап тұрмасын” деген сұраулар түсіп жатыр. LRT-ге сәл алыс үйлер қымбаттап, жақын үйлер арзандауы мүмкін, – дейді ол.

LRT ҚАШАН ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Елордада жеңіл рельсті жобаның құрылысы 2011 жылы басталғанымен, әлі пайдалануға берілмеген. Бүгінгі күні LRT эстакадасының арқалықтарын төсеу кезеңі аяқталған. Cтансалардың негізгі темірбетон конструкциялары құрылысын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Келесі жылы рельстерді төсеу, стансаларды әрлеу және жылжымалы құрамдарды жеткізетін депо құрылысын жүргізу, Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесі бойындағы эстакадалық бөлікті абаттандыру жүргізіледі.

Жеңіл рельсті желінің жалпы ұзындығы 22,4 км құрайды. LRT құрамына 18 станса кіреді. 652 адам сыятын 19 жылжымалы құрамды іске қосу жоспарлануда. Қозғалыс аралығы 4-5 минутты құрайды. Бастапқы кезеңде тәулігіне 25 мың адам жолаушылар ағыны күтіледі, бұл ретте жолаушылар ағыны ең жоғары уақытта тәулігіне 92 мың адамға жетуі мүмкін. Төлем жүйесі қалалық аналогы бойынша, көлік картасын валидациялау немесе QR-код арқылы төлеу арқылы қарастырылған. «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, барлық құрылыс жұмыстарын аяқтап, LRT-ны іске қосу 2025 жылдың соңына жоспарланған. Пилотсыз пойыздарды сынақтан өткізу үшін қосымша 6 ай қажет.