Авиация саласының сарапшысы Абыл Кекілбай Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында Ақтау маңындағы апат жөнінде не ойлайтынын айтып берді. Сарапшының сөзінше, бұрын Қазақстанда жыл сайын ұшу қауіпсіздігіне байланысты құжаттар жарияланып тұрған. Қазір ол жабық. Сарапшы бұл дұрыс емес деп есептейді.
ҰШАҚ ҚАНША ЖАҢА БОЛСА ДА...
Абыл Кекілбайдың айтуынша, тексеру комиссиясы құрылған соң олар жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізуі керек.
– Тексеруді өткізуге мүмкіндік беруіміз керек. Әртүрлі жалған ақпарат әлі де тарайды. Оның бәріне көз салып, уақыт бөліп, тексеру комиссиясының алтын уақытын алмай, көмектесуіміз керек. Тексеру нәтижелері ең біріншіден, қара жәшіктің ішіндегі ақпарат ашылғаннан кейін ресми түрде таратылады. Сол ақпаратқа сүйеніп, жан-жақты тексеруді өткізуі тиіс», – дейді ол.
Абыл Кекілбайдың айтуынша, Қазақстанда бес жыл бұрын болған авиаапат кезінде (Фокер 100) қорытындыны үш жыл күтуге тура келген. Маман сол кездегідей нәтижені жариялау уақыты созылып кетпес деп үміттенеді. Абыл Кекілбай осындай апаттар кезінде бір емес, бірнеше себеп болатынын, солардың бәрі апатқа қалай әсер еткені ресми түрде бекітілген қорытындының ішінде жазылатынын жеткізеді. Мәселен, бес жыл бұрын Фокер 100 ұшағы апатқа ұшыраған кезде қорытынды құжатта авиакомпанияның кемшілігі, әуежайдың маңайында заңсыз салынған үйдің жайы – бәрі жазылған.
– Сол кезде 20-дан астам ұсыныстар берілді. Соның бәрі тексерілуі керек еді. Бірақ өкінішке қарай... Бізде азаматтық авиация өкілдерінен бұрыннан бері жыл сайын ұшақ қауіпсіздігі жайлы дерексөздер жарияланып отыратын. Кейінгі бірнеше жылда сол құжаттарды іздеп таба алмадым. Биыл да жоқ. Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігі деңгейін жағдайын білу үшін ресми түрде хат жазғанымда «осы жылға дейін бекітіледі» деп хабар жіберген. Осындай апаттардың жағдайын біліп отыру үшін, не істеліп жатқанын біз ашық жариялап отыруымыз керек. Өздерінің қызметтік себептеріне сілтеп жауып тастаған дұрыс емес, – дейді ол.
Абыл Кекілбайдың айтуынша, ұшақ жаңа болса да, ұшу қауіпсіздігіне қашан да үлкен маңыз беру керек.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.
29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.