Ulysmedia.kz тілшісі Америкада жұмыс істеп жүрген бірнеше қазаққа хабарласып, сол елдің президенті Дональд Трамптың қатаң миграциялық саясатына қалай қарайтынын білмек болды. Бірнеше кісіге хабарласқанымызбен, ішінде тек Азамат Темірбеков атты отандасымыз пікір білдіруге келісті.
ТРАМПТЫҢ МИГРАЦИЯЛЫҚ САЯСАТЫ
Ақ үйге оралғаннан кейін президент Дональд Трамп АҚШ-ға “басып кірген” мигранттармен күресті саясатының басты мақсаттарының бірі ретінде айқындап алған еді. Ол АҚШ-Мексика шекарасында төтенше жағдай жариялап, әскери күштерге шекараны "мөрлеуге" бұйырды. Америкада туған шетелдіктердің балалары АҚШ азаматтығын алуға құқылы болатын тәжірибені тоқтатқысы келетінін мәлімдеді. Алайда келесі күні 22 штаттың, сондай-ақ Колумбия округі мен Сан-Франциско қаласының бас прокурорлары бұл жарлығын бұғаттау жөнінде сотқа шағым түсірді. Бұған дейін Трамп Ақ үйге оралғаннан кейін Америкаға заңсыз кіргендердің барлығын жаппай депортациялауды бастауға уәде берген болатын.
Әскери ұшақтар мигранттарды ұстап, еліне қайтара бастаған. Сол елдердің бірі Колумбия мигранттарға толы АҚШ-тың ұшағын қабылдамай қойған еді. Трамптың “санкция салам” деген айбатынан кейін Колумбия билігі мигранттарын ақыры қабылдауға дайын екенін білдірді.
“ҚОЛДАЙМЫН”
Азамат Темірбеков АҚШ президентінің бұл саясатын қолдайтынын айтады.
Менің өз пікірім қолдаймын. Өйткені, өзім гринкартамен келген адаммын. Маған кез-келген жерде жұмыс істеуге болады. Дегенмен, соңғы жылдары неше түрлі сылтаумен келіп алған заңсыз мигранттар мұндағы жалақы деңгейін тым түсіріп жіберген. Бұл тек қана жалдамалы жұмыс орындары ғана емес, сонымен қатар жүк тасымалдау саласында да проблемаға айналған. Яғни, жұмыс таппай жүрген жаңағы мигрант бағаға саудаласпай бірден келісе кетеді. Осыны біліп алған жұмыс берушілер өздеріне ыңғайлы, арзан бағаны ұсынуда. Міне, заңсыз келген мигранттардың кесірі жергілікті халық пен біз сияқты заңды келген мигранттарға осылай тиеді. Ал Дональд Трамптың миграциялық саясаты осы жағдайды реттей ме деген үмітті қайта жақты, – дейді ол.
Азамат Темірбек өздері заңды келген мигранттар болғандықтан, қорықпайды. Барлық құжаттарымыз бар дейді. Оларда тек екі артықшылық жоқ: біріншіден, саяси қызметкер бола алмайды. Екіншіден, президент сайлауында дауыс бере алмайды. Ал қалған құқықтың бәрі қолында.
Заңсыз келген мигранттар көбінесе кез келген жұмысқа, кез келген бағаға келісіп, жұмысты істей береді. Солардың кесірінен жергілікті америкалықтардың мигранттарға деген көзқарас дұрыс болмай кетті. Олар мигранттар заңды келді ме, заңсыз келді ме – саралап жатпайды. Бәріне бірдей қарайды. Сондықтан, олардың кесірі бізге тиеді, – дейді ол.
U4U ЖАЙЛЫ
Заңды келген қазақтардың көбі Трамптың бұл саясатын қолдайды. Ал заңсыз келгендер әрине, қолдамайды дейді Азамат Темірбеков. Олар қайтарып жібере ме деп қорқады. Өйткені қазір неше түрлі рейдтер жүреді деген ақпарат тараған.
Мұнда Uniting for Ukraine (U4U) деген бағдарлама бар. Украинаның халқын қолдап, осында өткізуге арналған. Ол бойынша келіп алғандардың ішінде бәрі болмаса да біразы Донбас пен Лугансктан қашқан, Украина паспорттары барлар. Осы жерге келгенде де сепаратистік пиғылы бар, Батыс елдерін жек көретіндері де жүр. Олардан “Батысты жек көре тұра неге келіп алдыңдар?” деп сұрасам, “ол жер ең жақсы мемлекет” дейді, – дейді отандасымыз.