×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

Дәретханадағы камералар: Динара Құлыбаеваның мектебі оқушыны зорлау оқиғасы жайлы не дейді

05.10.2023, 18:01
Коллаж: Ulysmedia.kz

Алматының жекеменшік мектебінде бірінші сынып оқушысын зорлау оқиғасынан кейінгі жанжал ушыға түсті. Естеріңізге сала кетейік, жаға ұстатарлық фактіні зардап шеккен баланың анасы жариялады, ол әлеуметтік желіде ұлының оқу орнында зорлық-зомбылық көргені туралы видео жариялады.

Бұл мәлімдеме Қазнетте қызу пікірталас тудырды. Пайдаланушылардың бір бөлігі мектепке айып тағып, мектеп басшылығын қатаң жазалауды талап етсе, енді біреулер, керісінше, мұғалімдерді қорғап, бұл директорға қара күйе жағу үшін "тапсырыспен" жасалған іс деп мәлімдеді. Ulysmedia.kz тілшісі оқиға орнына барып, тек ауқатты ата-аналардың балалары оқитын жеке мекемеде не болғанын анықтауға тырысты.

Тышқан да өте алмайды

Біз алдын-ала рұқсат сұраған жоқпыз және мектеп басшылығына журналистің баратынын ескертпедік. Баланы зорлау оқиғасы мектептегі оқу процесіне қалай әсер еткенін боямасыз көргіміз келді. Болған оқиға туралы түсініктеме бергендердің сабырлығы таң қалдырды – мұнда кәріз құбыры жарылса, эмоция көбірек болар ма еді, кім білсін.

Мекеме биік қоршаумен қоршалған, кіреберісте екі күзетші және қауіпсіздік қызметінің бастығы отыр. Мектеп аумағында балаларын күткен ата-аналар болды, бір қарағанда, бәрі үйреншікті құбылыстай көрінді.

 Мен мұндай жағдай болуы мүмкін деп ешқашан ойлаған емеспін, - дейді оқушылардың бірінің әжесі.

– Жақын арада тергеу іс жүзінде не болғанын анықтайды деп үміттенемін, - деді аналардың бірі.

Ата-аналардың айтуынша, егер зорлық-зомбылық жасалса да, бұл мектеп аумағында болуы мүмкін емес.

Бейнебақылау жоқ жерлер бар ма?

Мектепке кірдік, бірақ бірден емес. Күзетшілері оқу орнына кіру ережелері жалпыға бірдей қолданылатынын айтты – бөгде адамдар директордың рұқсатымен ғана кіре алады. Мұғалімдер күніне арналған мерекені ұйымдастыруға байланысты жиналыс аяқталғанша күтуге тура келді.

Қараңыз - бізде камераның үстінде камера бар. Барлық дерлік аймақтар бақылауда. Иә, кейбір көрінбейтін жерлер бар. Бірақ ол жерге кім барғанын түсінуге болады, – деді күзетші.

Зардап шеккен баланың анасы бұған сенбейтіні белгілі. Ол журналистерге камералар мезгіл-мезгіл "қатып қалатынын" және видеода мүлдем басқа уақыт көрсетілгенін айтты. Қалай болғанын тергеушілер анықтайды – барлық бейнежазбалар сараптамаға жіберілді.

Содан кейін Лима пайда болды

Жиналысты сылтауратқан күзетшілер бізді кіреберісте ұстап тұрғанда, Лима Диас есімді біреу пайда болды. Ол барлық сұрақтарға жауап беретінін бірден ескертті, бірақ оған сілтеме жасамауды және атын мүлдем атамауды өтінді. Ол мұнда бөтен адам – БАҚ-пен байланыс бойынша шақырылған кеңесші. Лима өзінің басты міндеті "жалған" ақпаратпен күресу екенін жасырмады, өйткені мектеп жан-жақтан соғылған қоңырауларға төтеп бере алар емес.

Кеңесші бізден бір қадам алыстамады және ешкімге сөйлеуге тыйым салмаса да, ол жағдайдың импульсінде қолын мықтап ұстап тұрғаны анық болды.

Ол өзінің тегін атаған жоқ, бірақ өзін ұстауына және бәрін білетініне қарап, оның мектептің нағыз қожайыны – Назарбаев білім беру қоры мен оның кураторы Динара Құлыбаеваның «көзі мен құлағы» екенін аңғару қиын емес. Бірақ Лима неден қорқатынын және неге тасада қалғысы келгенін түсіндірмеді. Кездесуден кейін де мен бірнеше рет қоңырау шалып, материалда өзі жайлы айтпауды өтінумен болды.

Тіпті дәретханаларда камера бар

Оқиғадан кейін дәретханаларға да бейнекамералар орнатылыпты – шамасы, этиканы ысырып қойған сияқты, ең бастысы, ата-аналарға балаларының "бақылауда" және толық қауіпсіз екенін дәлелдеу.

– Бізде жасыратын ештеңе жоқ, біз тергеумен ынтымақтасамыз және соңына дейін баруға дайынбыз. Егер бейнематериалдарды ұсынуға сұраныс болса –  ұсынамыз, егер қызметкерлердің біреуіне қажетті тергеу процедураларынан өту қажет болса – бұл да орындалады, – деді мектеп директоры Ирина Логинова.

Бала мектепте бес күн ғана оқыған

Оның айтуынша, ол бұл оқиға туралы 22 қыркүйекте Бостандық ауданының полицейлері мектепке келген кезде ғана білген. Алайда, төтенше жағдайдың өзі, зардап шеккен баланың анасы айтқандай, 11 қыркүйекте болды.

– Біз баланың анасын 24 қыркүйек, жексенбіде, сынып жиналысын өткізген кезде ғана көрдік. Сол күні ата-аналардың бірі барлық бейнежазбаларды қарап, болған жағдайды анықтауға көмектесуді ұсынды, - деді Логинова.

Директор оқиға болған күні баланы мектепке таңғы жетіде көлікпен әкелгенін айтады. Бақылау бекетіне дейін оны үлкен әпкесі ертіп келген.

Төтенше жағдайға дейін бала мектепте небәрі 5 күн оқыған, оның бірі – Білім күні, ал қалған күндер – бірінші сынып оқушылары бірнеше сағат қана білім алатын бейімдеу кезеңі. 7 қыркүйекте ол сабаққа келмеген, 8-інде қайта келген. Мұғалімдер баланың жеткілікті белсенді болғанын және өзін әдеттегідей ұстағанын айтады.

Мектепте оқу құны  2 млн теңгеден асады

Ата-аналардың көбі не болғанын әлеуметтік желілердегі чаттар арқылы білді, онда баланың анасы ұлының басынан кешкендері туралы егжей-тегжейлі айтты. Ол оқиғаны толық сипаттап қана қоймай, баланың атын да атады.

Содан кейін мектепке жан-жақтан шабуыл күшейіп, директор мен мұғалімдерге қоқан-лоқы көрсетіле бастады.

Айта кету керек, Тұңғыш Президент қорының мектебінде балаларын оқытқан ата-аналар жылына кемінде екі млн теңге төлейді. Қазір онда 430 оқушы оқиды және 84 мұғалім жұмыс істейді. Ер қызметкерлер – 23 адам: 11 мұғалім, 9 көмекші персонал және 3 күзетші.

Директордың айтуынша, оқу орнындағы ер адамдар үшін жеке дәретхана бар және ересек қызметкерлер ешқашан мектеп оқушыларына арналған дәретхананы пайдаланбайды.

Анасы баланың әкесі барын неге жасырды

Мектепте тағы бір жайт анықталды: баланың әкесі бар болып шықты. Ол оқиға жайлы біліп, бірден мектепке қоңырау шалған. Әкімшілік ер адамға сенбеді – ол туралы деректер сауалнамалық мәліметтерде көрсетілмеген, сондықтан онымен кездесуге тергеуші де шақырылды.

Баланың ата-анасы ажырасқаны белгілі болды, ол мектепке басқа әйелімен келді. Кездесу туралы айтқан мұғалімдер оқушының әкесі бұрынғы әйелінің мінезі екпінді және ұстамсыз екенін айтып, көп нәрсені ойдан шығаруы мүмкін деп ойлағанын еске алды.

Материал жариялауға дайындалып жатқанда, полиция департаментінің хабарламасы жарияланды, онда ҚР ҚК 121-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны айтылған.

– Істің объективті мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені өткізіледі. Тергеу барысы ерекше бақылауда. Осы факті бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, – деді Алматы ПД бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.

Ulysmedia.kz оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін бақылауда ұстайтын болады. Журналист Михаил Козачков өзінің телеграм арнасында жазғандай, баланың ата-анасы мекеме әкімшілігі тарапынан қысым жасалып жатқанын жеткізген. Олар қоқан-лоқыны тоқтатуды сұрайды, әйтпесе заң аясында әрекет ететіндерін ескертті.

Серіктес жаңалықтары