×
489.36
533.45
4.99
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
489.36
533.45
4.99

«Екі жылдан кейін Өскенбаевтың баяндамасын қайталап отырсыз»: Шарлапаев мәжілісте сын естіді

22.11.2023, 10:00
«Екі жылдан кейін Өскенбаевтың баяндамасын қайталап отырсыз»: Шарлапаев мәжілісте сын естіді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжілісте бүгін тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасын қарастыру барысында депутат Елнұр Бейсенбаев тұрғын үй кезегінде тұрғандардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бейсенбаевтың айтуынша, кейінгі жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған адамдар әлі де баспана ала алмай жүр.

«Құрметті министр (құрылыс және өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаевқа), сізге дейінгі министр Қайырбек Өскенбаев осы заң жобасын мәжіліске (2021 жылы) таныстыруға әкелген кезде тұрғын үй кезегінде тұрған 240 мың адамды тазартамыз, қамтимыз деген. Екі жарым жыл өтті. Соның репликасын қайталап отырсыз. Ол тізімді тазарта алмайсыздар. Баспана басқармасында еңбек еткен адам ретінде айта аламын», –  дейді Бейсенбаев.

Депутаттың сөзінше, екі жылдан бері кезекте тұрған адамдардың саны азаймақ түгілі 200 мың адамға көбейген. Мұндай тенденция кете берсе Бейсенбаев кезекте тұрғандар саны 1 млн адамға көбейетінін айтады. Ал Қазақстанда бүгінгі таңда бірде-бір ипотекалық бағдарлама жоқ. Заңнама жақсартылғанымен, депутаттың сөзінше, қазіргі әдіспен баспана кезегін азайту мүмкін емес.

«Мәселені қалай реттегелі отырсыздар? Республикалық бюджеттен ақша сұрайсыздар ма? Әлде, жемқорлардан тәркіленген ақшаны жұмсау керек пе?» –  деді Бейсенбаев.

Бұл сұраққа жауап берген Қанат Шарлапаевтың айтуынша, халықтың әлеуметтік аз қамтылған санаты бойынша жеңілдетілген қарыз беріледі (2 пайызбен).

«Бағдарлама жоқтың қасы деу әділетсіз болар еді. Бағдарлама бар. 2 пайыздық мөлшерлемемен мүгедектігі бар адамдарға, балаларының мүмкіндігі шектеулі отбасыларға беріліп жатыр. Қазір осы бағдарлама шеңберінде 32 млрд теңге бөлінді. Бұл –  3200 адам қарыз алды деген сөз. Әлеуметтік топтарға бөліп қарағанда, бұл айтарлықтай жоғары пайыз. Кезекте тұрғандарды қарасақ, мүгедектігі бар баласын тәрбиелеп отырған отбасылардың саны – 25 мың. Бұл – шешілетін мәселе. Осы қарқынмен кете берсек, мәселені реттеуге болады», – Шарлапаев.

Министр десе де қаражат бұл бағытта керектігін айтады. Алайда жалпы 2 пайыздық ипотекаға көбірек үміт артады.

Десе де Елнұр Бейсенбаевтың бұл жауапқа көңілі толған жоқ. Оның сөзінше, қазір кезекте тұрғандардың саны 254 мың адам. Ал 2 пайыздық несиені 3200 адамға ғана берілген. Яғни жалпы баспанаға мұқтаж отбасылардың 1,5 пайызы ғана.

«Осы қарқынмен біз мәселені реттей алмаймыз, Қанат мырза! Дәл қазіргі әдіспен оны реттеу мүмкін емес. Депутаттармен кездескісі келетін азаматтардың көбі баспанаға мұқтаж екенін айтады. Қанат Бейсембайұлы, мәселе барын мойындау керек» - дейді ол.